Олар сондай болған...

22 желтоқсан 2020 5333 0
Оқу режимі

Заман ағымы күн сайын өзгеру үстінде. Технология дамып, ақпараттар легі қоғамда өзара идеология қалыптастырып келеді. Дегенмен, болашақ буын өзінен бұрынғыларға қарап бой түзейді. Осы орайда кісіні имандылыққа шақырып, білім алуға деген құштарлықты оятатын дүниелердің маңызы зор. Олай болса, Ислам ғұламаларының өмірінен ғибрат берер мына қысқаша мәліметтермен танысыңыз.

Курз ибн Вабра Құран Кәрімді түнде де, күндіз де 4 рет, ал, Ибн Идрис үйінде 4000 рет хатым еткен. Имам Шафий рамазанда 60 рет, Имам Бұхари болса 30 рет хатым еткен. Имам Ахмед күнде 300 рәкағат намаз оқиды екен.

Әбу Талха Ансари 40 жыл ораза ұстады. Ибн Мусайб 60 рет қажылық жасады. Имам Ахмед 60 жасында 1000 мәселеге дәлелдер негізінде пәтуа берді.

Енді мына бір қызық мәліметті қараңыз. Бірде белгілі ғұлама Ибн Хазмның кітаптары өртке оранды. Сонда ол барлығын жатқа алды. Имам Шабидің: «Ақ түстің үстіне жазылған әрбір нәрсені жатқа білдім», - деген сөзі риуаят етіледі.

Үндістан жерінде өмір сүрген Ашраф Әли Таханауи өзінің қысқа өмірінде 1500 кітап жазады. Сондай-ақ, өзінен кейін мүршид және уәли дәрежесіне көтерілген шәкірттер қалдырды.

Имам Ағзам 500 000 мәселеге пәтуа берген. 55 мәрте қажыға барған. Бүкіл ғұмырын ілім жолына арнады. Бірнеше мың мәрте Құранды хатым еткен.

Ахмед ибн Ханбал білім алуға көбірек уақыт қалсын деп, күніне бір жаңғақ көлемінде ғана тамақ жейді екен. Ол кісі 750 000 немесе 1 000 000 хадисті жатқа білген.

Имам Ғазали, Имам Фахриддин Рази, Имам Суюти секілді ғалымдар күніне орташа 15-20 бет шығарма жазған.

Имам Бұхари ілім сырларына қызығып, дүние кезіп, алпыс мыңға жуық хадис жинақтағанда небәрі 16 жастан асып еді. Сондай-ақ, оның 63 жылдық өмірінде жүзеге асырған жұмыстары бүкіл өміріне теңестірілсе, 63 жылдан да артады. Имам Бұхари 300 000 хадисті жадқа білген.

Әл-Фараби бала кезінен-ақ, тіл үйренумен шұғылданып, өмір бойында 70 тен көп тілде еркін сөйлесе алған.

Фақиһ Имам Нававидің өзінің қысқа өмірінде 500 кітапты жатқа білгені айтылады.

Әбу Хұрайра (р.а.) күнде 12000 мәрте, Халид ибн Маруан болса 100 000 мәрте таспих айтатын.

Имам Табари 86 жыл (224-310) өмір сүрді. Жазып қалдырған кітаптары 358 мың парақты құрайды. Ғұламаның балиғатқа дейін болған жасын шамамен 14 жыл деп белгілеп, 86 жылдан алып тастасақ, 72 жыл қалады. Сонда оның жазғандары өмірінің әрбір күніне 14 парақтан тура келеді.

Міне, осылай. Бұл кісілердің оразан зор білімді болуының себебі не? Олардың ең бірінші иманы күшті болды. Сосын есте сақтау қабілеті жақсы еді. Ал, Құран жаттау кісінің ми жұмысын жақсартады. Мұны қазіргі медицина ғылымы дәлелдеп үлгерді. Бұл – Алла Тағала түсірген Құранның қасиеттерінің бірі.

Бүгінгі күні ғаламторға қатты байланып қалу (оның ішінде пайдасыз тірліктерге уақыт сарп ету, сананы улайтын ақпараттарды қабылдау), әуретке қарау, жалқаулық секілді жаман әдеттер есте сақтау қабілетін төмендетіп, рухани дамуымызды  тежейді. 500 кітапты жадқа білу былай тұрсын, тіпті, кітап оқитын адамдар жоқтың қасы. Бес-алты бет мақала оқуға ерініп тұратынымыз шындық. Қазір екінің бірі ұмытшақпыз. Бұлар ұсақ-түйек секілді көрінгенімен ақырындап кісіні құрдыма кетіре алады.

Тура жолмен жүріп, артына тек өнегелі істер мен ізгі мұралар қалдыратын ұрпақтардан болуымызды нәсіп етсін!

Құлмахан Салыбек

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру