«ӨМІРІМДЕ ЕСТІМЕГЕН, ТЕҢДЕСІ ЖОҚ СӨЗ ЕСТІДІМ»

04 шілде 2024 1411 0
Оқу режимі

Бірде мүшріктердің беделді кісілерінің бірі Утба ибн Рабиға Хазіреті Пайғамбарымызға келіп:

 – «Не қаласаң берейік. Бай болғың келсе дүние берейік, әмірші болғың келсе Меккеге әкім етейік, қаласаң Меккенің ең сұлу деген қызын некелейік, тілегіңді түгел орындайық. Тек райыңнан қайтсаң болғаны», – дейді.

 Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз жауап ретінде «Фуссилат» сүресін оқып береді. Утба Құранның соншалықты керемет мағыналы сөздерінен кейін үн-түнсіз, басы салбырап өзін күтіп отырған достарына барып:

– «Не айтарымды білмеймін. Өмірімде естімеген, теңдесі жоқ сөз естідім. Өлең де емес, сиқыр да емес, палшылық та емес, мен білетін ешбір нәрсеге ұқсамайды. Ей, Құрайш тайпасы, мені тыңдаңдар! Оны еркіне жіберіңдер. Естігендерім адам сөзіне ұқсамайды. Ол өз дегенінде табысқа жете алмаса, арабтар Оны жөнге салар, біз де құтыламыз. Ал егер Ол табысқа жетіп жатса, ол жеңіс сіздің де жеңісіңіз болмақ!» ‑ дейді.

* * *

 Мекке мүшріктері Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлтірмек болып шешім қабылдағанда Хазіреті Омар: «Мұхаммедті (с.ғ.с.) мен-ақ өлтіремін. Елдің бірлігі үшін ешқандай ақы да алмаймын», – дейді. Бірақ, жаны жайсаң Омар «Таһа» сүресін оқығанда оның адам сөзі болуы мүмкін емес екендігін еріксіз мойындап, тілін бірден иман келтіреді.

 * * *

Мүшріктердің көсемі Әбу Суфиян, Әбу Жәһил және Ахнес Құранның шексіз кереметіне өздерін қалайша алдырып қойғанын білместен түн жарымда бір-бірінен жасырынып келіп Пайғамбарымыздың Құран оқыған әуенін үш күн қатарынан тыңдаған еді. Олар Пайғамбарымызға қарсы шығушылардың көсемдері болатын. Сөйте тұра, олар неліктен Құран тыңдаған сәтте өздерін ұстай алмады?! (оқиғалар «Иман негіздері» кітабынан алынды).

* * *

Иә, Құран Кәрімнің сөзі мен мағынасының байлығы оның тек қана Жаратушыдан екендігін толықтай айғақтайды.  «Құранды Жәбрейіл періште (ғ.с.) түсіріп, ең ұлық періштеге айналды;

 Құран Кәрім Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсіп, ол адамзаттың мырзасына айналды;

Құран кәрім Мұхамметтің (с.ғ.с.) үмметіне жіберіліп, ол ең қайырлы үмметке айналды;

Құран кәрім Рамазан айында түсіп еді, он екі айдың сұлтаны болды; Құран кәрім Қадір түнінде түсіп еді, ол мың айдан да қайырлы болды. Егер Құран біздің жүрегімізде орнықса, не боларын пайымдай беріңіз!» – деп елімізге белгілі исламтанушы Қанат Жұмағұл Құран Кәрімнің ғажайып бір кітап екендігін паш ететін арабшадан аударған жазбасымен бөліскен еді.

Қасиетті Құран Кәрімнің тағы бір кереметтілігі әрбір тақырыпқа қатысты сөздер бірдей қайталанып ескертілген. Мұны да бір үлкен мұғжиза деп айтпасқа болмас. Мысалы;

Құранда дүние сөзі – 115 мәрте айтылса, ақырет сөзі де – 115 мәрте айтылған.

Ерлер туралы – 24 мәрте айтылса, әйелдер де – 24 рет қайталанған.

Періштелер – 88,

шайтан да – 88.

Өмір – 145,

 өлім де – 145.

Пайда – 50,

зиян да – 50.

Халық – 50,

Пайғамбарлар да – 50.

Ібіліс сөзі – 11 мәрте айтылса, Ібілістің жамандығынан Алладан пана тілеу туралы да –11 рет ескертілген.

Қиыншылық – 75,

шүкір сөзі де – 75.

Қайырымдылық – 73,

разылық білдіру – 73.

Балгерлік – 60,

бүлік шығару – 60.

Зекет – 32,

молшылық – 32.

Ақыл – 49,

нұр – 49.

Тіл – 25,

насихат – 25.

Ауыртпалық – 114, сабыр да –  114 рет айтылған.

Бұданда басқа тақырыптарға қатысты кеңінен қамтылған. Демек, қарама-қарсы қайталанатын сөздер адамдардың назарын Құранға аударып, ақыл жүгіртуге, ой толғауға бағыттайды. «Дүниесі ҚҰРАН болғанның, Ақыреті ЖӘННАТ болар» -депті ізгілерді бірі. Лайым солай болғай!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру