Өміріңді ретте

28 шілде 2021 5786 0
Оқу режимі

Университет. Аудиторияға оқытушы кіріп келді. Өзімен бірге кейбір құрал-жабдығы да бар. Ләм-мим демей бос шыны ыдыс ішіне гольф доптарын сала бастады. Шыны ыдыс толған кезде студенттерден: «Көрдіңдер ме? Ыдыс толды. Солай емес пе?» – деді. Бірауыздан барлығы: «Иә, солай», – десті. Оқытушы қиыршық тастар бар ыдысты алып, әлгі шыны ыдысқа төңкеріп жіберді де бастапқы сұрағын қойды. Студенттер де: «Иә, толды», – десті. Сонда оқытушы қалта қапшықтағы құмды шыны ыдысқа құйды. Тағы сұрағын қайталады. Шәкірттері де жауабын қайта айтты. Сонда оқытушы шынаяғындағы суды ыдысқа құйды, студенттер түгел дерлік күле бастады. Аудиторияны үнсіздік билеген сәтте ұстаз былай деді: «Мен сендердің мына нәрсені білгендеріңді қалаймын. Бұл шыны ыдыс әрбіріңнің өмірің сияқты. Гольф доптары сендердің өмірлеріңдегі ең маңызды нәрселер. Ол – иманың, жүріс-тұрысың, мінез-құлығың, отбасың, денсаулығың және достарың. Егер барлық нәрседен айырылып, осы гольф доптарын жоғалтпасаңдар, өмірлерің тұрақты түрде әрі қарай жылжи береді. Ал, қиыршық тастар өміріңдегі қажеттіліктерің. Ол – жұмысың, үйің, көлігің және т.б. Ал, құм болса үйдің жиһазы, ойын-сауық құралы және т.б. сияқты қарапайым дүниелер. Демек, шыны ыдысқа ең әуелі құм салатын болсаң, гольф доптары мен қиыршық тастарға орын қалмайды.

Нәтижесінде, өмірің маңызсыз және екінші кезектегі дүниелермен өтеді. Маңызсыз дүниелермен уақыт өткізу маңызды шаруаларға уақыт таппау деген сөз. Сондықтан, өміріңді маңызды шаруаларға сүйеніп ретте. Ал, қалғаны құм сияқты. Оқытушы керемет ойын тәмамдаған кезде студенттердің бірі сұрақ қоймақ боп қолын көтерді. Студент: «Сіз бұл жерде кофе шыны-аяғы нені білдіретінін айтпадыңыз», – деді. Оқытушы: «Сенің сұрағың менің қатты қуантты. Бұған кофені қосқаным, өмірде қаншалықты жұмыс басты болсаңыз да, бір шыны кофеге уақыт табылатынын жеткізгім келді», – деген екен.

Демек, күнделікті өмірді тәртіпке келтіру аса маңызды. Адамдардың көбі мұны маңызсыз және керегі жоқ әрекет деп санайды. Күнделікті шаруасын әйтеуір ретсіз және бейберекет жасай береді. Десе де, жарты бет ақ қағазға түсірген жоспар ұсақ-түйек боп көрінгенімен, адамның айтулы жетістікке жетуінде маңызды ролі бар. Ендеше, жоспар құрғанда ең әуелі бастапқылық шаруаларға мән беру керек. Маңызды шаруа, шеткі шаруадан ілгері тұруы шарт. Негізгі жұмыс қосалқы жұмыстан кейін тұрмауы керек. Ол үшін ненің маңызды әрі кезек күттірмейтін шаруа екенін, ал ненің екінші кезектегі қосалқы іс екенін анықтап алған дұрыс.

Осы орайда айта кететін жайт, ең кең тараған қателіктің бірі басымдық пен мақсатты шатастыру. Басымдылық – маңызды және негізгі мәселелер. Міне, осы басымдылық негізінде мақсат айқындалады. Демек, басымдылық әрбір мақсатқа бағыт-бағдар береді. Мәселен, отбасы амандығы, денсаулық, материалдық әл-ауқат бұл басымдылық. Ал, енді осы басымдылыққа қол жеткізу үшін айлық табыс, жылдық кірісті реттеу үшін кәсіппен айналысу, жақсы әулет қызына үйлену, балаға жақсы мектеп таңдау – мақсат.

Мысалыға, дінде де солай. Жундуб бин Абдулла (р.а.) былай дейді: «Біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болатынбыз. Ол кезде жас жігітпіз. Біз әуелі иманды үйренетінбіз, сосын Құран үйрендік. Сонда иманымыз күшейе түстін еді».

Әуелгі уақытта әр күніңізге жоспар құрып көріңіз. Кейін бір жұмаға, сосын бір айға. Ең маңыздысы сол жоспардың негізгі шаруаларын айнытпай ұстаныңыз. Кері шегінуші болмаңыз. Әйтпесе, күнде күйгелектеп, бір істі бастаса, екіншісі есіне түсіп, қайсы бірін істерін білмей есі шығады. Басымдылық айқындалып, оған жететін мақсаттар бекітілген адам ең әуелі көңілі жай табады. Сонымен бірге, жұмысыңыз реттеліп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе бастайсыз. Сондай-ақ, уақытыңыз зая кетіп, материалдық шығынға ұшырауыңыз тоқтайды. Нәтижеде, жұмысыңыз жеміс беріп, бала-шағаға да уақыт бөлуге мүмкіндік туады.

Қуат Ерғалиұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру