Оқыған Намаз ғой бұл Пайғамбарым

14 ақпан 2022 5102 0
Оқу режимі

Намазым бағасы жоқ маңдай бағым,
Тыныштық таппақ онсыз қайдан жаным?
Лүпілдеп жүрек нұры жүзін жуып,
Оқыған намаз ғой бұл Пайғамбарым.

Өтерде Алла алдында мінәжатын,
Алаулап жүзі кейде қуаратын.
«Намаздың кіргендігін сүйіншілеп,
Ей, Біләл, азан айт!» деп қуанатын.

Адам-ата, Хауа-ана ұрпағынан,
Өткен жоқ намазға одан ынталы жан.
Баппенен дәрет алар мүбәрәк тән,
Үзіліп мөлдір моншақ шынтағынан.

Беріліп Алласына сыр төккенде,
Етінен ет кессе де былқ еткен бе?!
Жатты ғой басын алмай жайнамаздан,
Жәһилдер үстіне әкеп жын төккенде.

Дұшпанға дұға тілеп жәбірлеген,
Иманға келсе екен деп қамын жеген.
Сұрады не сұраса жалғыз Хақтан,
Намазбен және ұлы сабырменен.

Сап түзеп сахабалар құшыр алған,
Ол намаз бар мұсылман үшін арман.
Ер Омар намазға ұйып тұрған кезде,
Жебенің етке кірген ұшын алған.

Толқытпас, тебірентпес қалай жанды?
Аспаным Алла сүйіп арайланды.
Намазын қаза қылмай қан майданда,
Жапырған бабаларым талай жауды.

Келген жан Құдай оңдап тәубасына,
Намазбен мұңын шағар Алласына.
Күндердің күні жетер мұратына,
Түсіп ап аққан судай арнасына.

Дүниенің қызыл-жасыл десі басып,
Байлықты деп жүр біреу – осы бақыт.
Мәңгілік алдындағы сәт қана ғой,
Рахаттың уақыттық несі бақыт?
Мазасы болмайды екен
кім болса да,
Намазы болмаса егер бес уақыт.

Тек тірлік күйігіне күйген қандай?
Ардақтап Алла құлын сүйген қандай!?
Биіктеп кетеді екен барлығынан,
Еңкейіп сәждеге кеп тиген маңдай.

Шіркін-ай,
Шын мұсылман қандай болар?
Құлшылық ләззатына қанбайды олар.
Ешқашан, ештеңеге, ештеңеге,
Намазын айырбасқа салмайды олар.
Осынау дүниенің бар байлығын,
Атына жазып берсең де алмайды олар.

Сөзім сол басында айтқан «баға жоқ» деп,
Сөз емес сезінбесең сана жетпек.
Сезінсең мұнша байлық, мұнша сыйды,
Ыстық жас жайнамазға тамады ептеп.

Осынау сан алапат жұмыр жерде,
Мұсылман пана таппай түңілген бе?
Намазың сейілтеді қайғы-мұңнан,
Мәніне мәңгіліктің үңілгенде.

Басынан өтпей тұрып жалған мына,
Кез болғай «Аллам» деген армандыға.
Алладан адамзатқа түскен парыз,
Ардақты Пайғамбардан қалған мұра!

Ұларбек Нұрғалым

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру