ОРАЗАМЫЗ ҚАБЫЛ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ!

14 наурыз 2024 2144 0
Оқу режимі

Әлмисақтан мұсылман қазақ халқы асыл дінді салт-санасына сіңіріп, тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп келеді. Қасиетті айларда қал-қадірінің жеткенінше құрметпен, биік мәртебемен атқаруға күш салады.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір өсиетінде «Сүннетімнен бас тартқан менен емес» десе, келесі бір хадисте: «Біз бұйырмаған нәрсені істегеннің ісі қабыл емес» деп, асыл шариғатымыздың бұй­ыр­ған талаптарының маңыздылығын байқатады.

Ғалымдар бұл хадистің ұғымына қатысты: «Бұл хадистегі «қабыл емес» сөзі «батыл», «есепке алынбайды» дегенді білдірсе, хадистің өзі исламның елеулі қағидасына жатады. Өйткені, бұл сөз өзіне пайғамбарымыздың (с.ғ) барлық өсиетін қамтып, әрбір дінбұзарлық істі жоққа шығарады» деген.

Демек, істеген құлшылығымыз, соның ішінде оразамыз қабыл болуының бірден-бір жолы – барлық амалымызды пайғамбарымыздың (с.ғ) сүннетіне сай істеу.

Хақ Тағала «Ниса» сүресінің 80-ші аятында: «Пайғамбарға (с.ғ) бой­сұнған, Алла Тағалаға бойсұнған болады» деген. Жаратушы Ие Өзінің әміріне бойсұнған пендесін жәннатпен жарылқай ма, әлде тозақпен жазалай ма?! Әрбір ісімізді пайғамбарымыздың (с.ғ) сүннетіне сай істесек біріншіден: сүннетке сай амал қылған, екіншіден: Хақ Тағалаға бойсұнған боламыз. Осының нәтижесінде амалдарымыз қабыл болып, Жаратушы Иенің разылығына лайық болсақ, ғажап емес пе!

Ораза да осы айтылғаннан тыс қалмайды. Сондықтан да, оразамыз қабыл болсын десек, парыз, уәжіп амалдардан тыс оразаның мұстахабтарына жататын мына амалдарға ерекше көңіл бөлген жөн.

1. Ауыз ашуды кешіктірмеу

Алла Тағаланың: «Менің ең жақсы көретін құлдарым – ауыз ашуға асығатындары» дегеніне сай, күн батқаннан кейін ауыз ашуды кешіктірмеу. Бұл істің артықшылығына қатысты Расулулла(с.ғ): «Ауыз ашуды ке­шiктiрмеумен адамдардың амандыққа кенелуi жалғасады» деген.

Әбу Ъатыййа (р.а.) айтады: «Мен және Масрұқ (р.а.) екеумiз Айшаға (р.а.) кiрдiк. Масрұқ: «Расулулланың (с.ғ) екі сахабасы жақсы iске алаңдайды. Олардың бiрi ақшам намазы мен ауыз ашуға асықса, екiншiсi ақшам намазы мен ауыз ашуды кешiктiредi» дегенде, Айша: «Ақшам намазы мен ауыз ашуға кiм асығады?» деп сұрады. Расында, Расулулла(с.ғ) мен Абдуллаһ ибн Масъуд (р.а.) солай iстейтiн».

2. Құрмамен ашу

Пайғамбарымыздың (с.ғ): «Оразасын ашатындарың аузын құрмамен ашсын. Себебі, құрма – берекет. Құрма таппаса, сумен ашсын. Өйткенi, су – пәк нәрсе» деген ескертуін еске алсақ, ауызды құрмамен ашуымыз абзал.

Әнас ибн Малик (р.а.) айтады: «Расулулла (с.ғ) намаз оқудан алдын аузын жаңа үзiлген құрмамен ашатын. Жаңа үзiлген құрма болмаса, кептiрiлген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бiрнеше ұрттам су iшетiн».

Бұл ауызды жаңа үзілген құрмамен, ол болмаса кептірілген құрмамен, ол да болмаса, сумен ашу мустахаб екеніне дәлел.

Имам Ибн Әл-Қоййим айтады: «Ауызды құрмамен ашудың қолайлылығы мынада: ораза асқазанды босатқаннан кейін, бауыр денеден қоректене бастайды. Бұл өз кезегінде дененің қуаттылығына әсерін тигізеді. Осы себептен оразаны жаңа үзілген құрмамен ашқаннан қолайлы жолы жоқ. Жаңа үзілген құрма болмаса, кептірілген құрмамен де ашса жақсы. Ол да болмаса сумен ашқан жөн. Себебі, су асқазанды сусындатып, оразаның қызуын басады. Әрі асқазанды ас қабылдауға әзірлейді».

3. Көбірек дұға ету

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)«Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан сәттегі дұғасы қабыл» дейді. Яғни, ауыз ашу сәтінде көп дұға ету.

Біреуден бір мәрте бірдеңе сұрасаң, береді. Екінші рет сұрасаң, береді. Үшінші рет сұрайын деп бара жатқаныңнан: «Өй, мынау тағы бірдеңе сұрайын деп келе жатыр» деп ренжитіні анық нәрсе.

Ал Хақ Тағаладан сұрау мәселесіне келер болсақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ): «Алла Тағала Өзiне дұға етпеген пендесiне ашуы келедi» дейді.

«Дұғаға босаңсымаңдар! Өйт­кенi, дұға етумен ешкiм апатқа ұшырамайды».

4. Сәресіге көңіл бөлу.

Пайғамбарымыздың (с.ғ): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» дегеніне сай, сәресі ішу де мұқият көңіл бөлетін іс.

Ханафи мәзһабы бойынша күн батқаннан кейін алдымен ауыз ашып, кейін ақшам намазын оқу – мұстахаб, ал намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою – сүннет.

Жоғарыда айтылғандай, ораза ұстайтын адамның сәресі ішуі мұстахаб, шариғат оң көрген амалына жатады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф, яғни келіспеушілік жоқ. Сонымен қатар, хадистен көрініп тұрғандай, сәресіні таң атуға тақау ішу де жақсы амалға жатады.

Имам Әл-Ъирақи бұл хадиске «Берекеден мақсат – сауап» деп түсініктеме берген. Яғни, сәресі ішу –  берекелі іс. Мұның себептеріне келер болсақ, қазақ «ас – адамның арқауы» демекші, сәресі ораза ұстаушыны қуаттандырып, күні бойы дәм татпай жүрудің машақатын жеңілдетеді. Тілек қабыл болатын тәһәжжүд намаздың уақытында тұрып дұға етуді нәсіп етеді. Сәресі ішкен адам пайғамбарымыздың (с.ғ) сүннетін тірілткен болады. Сәресі құлшылыққа деген ықыласты оятады.

5. Түнде шомылу

Мұның мәнісі: күндіз шомылған жағдайда ауыз немесе мұрыннан ішке су кетіп, нәтижеде ораза бұзылады. Түнде шомылған жағдайда су жұту себебінен ауыз ашылып кетудің қауіпі болмайды. Дегенмен, ораза ұстаған адамға қажет болған жағдайда күндіз шомылудың оқасы жоқ. Тек ауыз немесе мұрыннан ішке су кетпеуін қадағаласа болғаны.

 6. Құранды көп оқу

Расулулла (с.ғ) айтады: «Алла Тағала: «Құранмен шұғылдану себебінен зікір және дұға етуге уақыты болмаған адамға барлық дұға етушілерге бергеннен артық беремін» дейді.

Басқа бір хадисте: «Мен оған шүкіршілік етуші пенделеріме берген сауаптан да артық сауап беремін» делінген.

 7. Мұқтаждарға көп қамқорлық ету

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Расулулла (с.ғ) адамдардың жомарты болатын. Ал Рамазанда Жәбрәилмен (а.с.) кездесетін кезде ерекше жомарттық ететін. Жәбрәил (а.с.) Рамазанның әр түнінде Расулулламен (с.ғ) жүздесіп, Құран оқитын».

Жаратушы Ие «Әхзаб» сүресінің 21-ші аятында: «Сендерден Алла Тағала мен Ақырет күнінен үміті болған және Хақ Тағаланы көп еске алғандарың үшін пайғамбарда (с.ғ) көркем өнеге бар» деген. Сондықтан да, біз мұсылман болуымыз себепті, әрбір ісімізде пайғамбарымызды (с.ғ) өнеге тұтып ғұмыр кешуге міндеттіміз. Жаратушы Иенің разылығына лайық болып, жәннатқа кірудің бұдан асқан жолы жоқ!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ) Рамазан уақытында оразаның құрметіне барынша жақсылық істеуге тырысып, бар уақытын дінді жеткізіп, мұқтаждардың қажетін өтеуге сарп ететін.

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бірде Расулулла(с.ғ): «Араларыңнан кім ораза ұстаған халде таң атырды?» деп сұрағанда, Әбу Бәкр (р.а.): «Мен» деді. Расулуллаһ (с.ғ): «Бүгін кім жаназаға қатысты?» деп сұрағанда, Әбу Бәкр (р.а.): «Мен» деді. Расулулла (с.ғ): «Бүгін кім мұқтажды тамақтандырды?» дегенде, Әбу Бәкр (р.а.) тағы да: «Мен» деп жауап берді. Расулулла(с.ғ): «Бүгін кім науқасқа барып көңілді сұрады?» дегенде, Әбу Бәкр (р.а.): «Мен» деді. Сонда Расулулла(с.ғ): «Бойында осы қасиеттер болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» деді».

8. Иғтикәф ету

Пайғамбарымыз(с.ғ): «Мен Қадір түнін іздеп Рамазанның бастапқы он күнінде, содан соң екінші он күндігінде иғтикәф еттім. Кейін маған Қадір түні Рамазанның соңғы он күндігінде екені айтылды. Осы себептен менімен бірге иғтикәф еткендер соңғы он күндікте де иғтикәф етсін. Маған Қадір түні көрсетіліп, кейін ұмыттырылды. Мен өзімді келесі күннің таңертеңінде балшыққа сәжде етіп жатқанымды көрдім. Сондықтан Қадір түнін Рамазанның соңғы он күндіктің тақ түндерінде іздеңдер» дейді. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылыққа ден қою.

Абдуссамад МАХАТ

 

Пікірлер Кіру