ОТҚА КҮЙМЕГЕН ПАЙҒАМБАР

13 маусым 2022 6741 0
Оқу режимі

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар ретінде жіберілгенде ел ішінде пұтқа табынушылық кең етек алған еді. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) пұттардың ес-түссіз, жай ғана мелшиген меңіреу тастар екендігін, Жаратушы бола алмайтындығын қанша түсіндіре айтса да, оларды көндіре қою аса қиын шаруа еді. Өйткені олар ылғи да қарсы дау айтудан жалықпайтын. Сондықтан да болар Ибраһим (ғ.с.) олардың саналарына сәуле бітіріп, шел басқан көңілдерін ояту мақсатында ғибратты бір іс істеуді ұйғарды.

Бір күні қала халқы түгелімен мереке қарсаңында қаланың сыртына шықты. Қағбаға кірген Ибраһим (ғ.с.) пұт атаулының бәрін қиратып, балтаны сол жердегі ең үлкен бір пұттың мойнына іліп қойды.

Мерекеден қайтып келген халық әлгіндегідей ойран-асыр жағдайды көріп жағаларын ұстасты.

Халық:

– «Біздің Құдайларымызды кім соншама қорлаған? Сірә, бізге зұлымдық ойлаған біреу болар», – десті.

Біреуі: «Ибраһим деген бір жігіт осы жайында кейінгі кезде сөз етіп, соқтығысып жүрген. Мүмкін сол болар», – деді.

– Олай болса, оны дереу алдымызға әкеліңдер. Мойындасын істегенін! – деді халық жамыраса.

Ел сұрады:

– Әй, Ибраһим! Біздің құдайларымызға бұны істеген сен бе?

Ибраһим (ғ.с.) ой салмақ ниетпен:

– Мүмкін ол істі иығына балта асынған анабір ең үлкен құдайларың жасаған болар?.. Мүмкін айтар, өзінен сұрап көрсеңдерші? – деп жауап берді.

Олар Ибраһимге (ғ.с.) қарап:

– Бұлардың сөйлей алмайтындығын өзің де білмеуші ме ең?! – деді.

Ибраһим (ғ.с.):

– Олай болса, тіл қатуға да шамасы келмейтін, түк пайдасы жоқ мұндай меңіреу пұттарға қалай табынасыңдар? Алланы тастап, сезімсіз тасқа табынып кеткен сендер оңбассыңдар! Кішкене ақылмен ойласаңдар қайтеді? – деп шыр-пыры шықты.

Ақыр соңында ел Ибраһимді (ғ.с) жұрт көзінше тірідей отқа жақпақ болды. Таудай ғып отынды үйіп, Ибраһимнің (ғ.с) қол-аяғын байлаған күйі отқа лақтырды. Ибраһим (а.с) еш нәрседен тайсалмастан, іштей тас-түйін бекініп, Алла Тағалаға ғана арқа сүйеді.

Сол кезде Алла Тағала Ибраһимді (ғ.с) жақпақ болған лаулаған отқа: «Әй, от! Салқын бол! Жайлы бол!» – деп бұйырды. Яғни, Жаратушы оттың күйдіру және ыстық қасиеттерін тоқтатып тастаған еді.

Осылайша Хақтың көмегіне арқа сүйеген Ибраһим пайғамбар неше күн жанған оттан дін аман шықты...

Сірә, халық арасындағы батырлықты суреттейтін «Отқа салса күймейтін, суға салса, батпайтын» деген теңеу осындай пайғамбарлардың ақиқатынан аңызға айналса керек. 

Құдайберді Бағашар

Пікірлер Кіру