ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ – АҚЫРЕТТЕ АЗАП

24 мамыр 2024 1298 0
Оқу режимі

قَالَ اللهُ تَعَالَى: وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِنَ الْاَمْوَالِ وَالْاَنْفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ. (سورة البقرة، 155)

Aлла Tағала былай бұйырады (мағынасы): “Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер”. (Бақара сүресі, 155-аят)

Адамның денесі – Aлла Tағаланың аманаты. Бұл аманатты жақсылап қорғау қажет. Өйткені адам ақыреттік және дүнияуи міндетін атқару үшін денсаулыққа мұқтаж. Сол себепті Ислам дінінде денеге зақым келтіретін, қауіп төндіретін нәрселерді харам қылған. Бұл хикметке орай Исламда масайтатын нәрселерге қатаң тыйым салынған. 

Ислам дінінде адамның бір мүшесіне зиян келтіруі немесе өзіне қол жұмсауы-өзін өлтіруі үзілді-кесілді харам, үлкен қылмыс. 

Адамның өзіне қол жұмсауына тыйым салынған Ниса сүресінің 29-аятында (мағынасы), “…Сондай-ақ бір-біріңді өлтірмеңдер…” деп тұжырымдайды.

Қысқасы, Ислам бойынша, адамның өзіне қол жұмсауы Алла Тағала берген өмір нығметінің қадірін білмеу және сол нығметке қарсы бүлік жасау деген сөз.

Өзін өлтірген адам қандай тәсілмен өлген болса, қиямет күні солай азапталады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген;

“Біреу құздан (биік бір жерден) өзін тастап өлсе, ол адам жаһаннам отында мәңгі әрі үздіксіз жоғарыдан төменге құлап бара жатқан үлгіде азап көреді. У ішіп өлген адам болса, қолындағы уды мәңгі әрі тоқтамай ішіп жатқан күйде жаһаннам отында азапталады. Кімде-кім өзін (пышақ тәрізді) әлдебір темірмен өлтірсе, ол да пышақты ішіне мәңгіге әрі үздіксіз сұғып жатқан үлгіде жаһаннамда азапқа ұшырайды”.

Өзіне қол жұмсаған адам басқа түскен қиыншылықтан құтылу үшін өмірін қияды. Алайда адамның өзін өлтіруге көрсеткен ешқандай себебі оны ақтай алмайды. Өйткені өзін өлтірген адам өлген соң, одан да зор қиыншылыққа душар болады. Адам науқастанады, жоқшылыққа ұшырайды, бәлекетке кезігеді… Бірақ мұсылман баласы біледі, оның әрбірінде хикмет бар. Олар Алла Тағаланың берген сынағы. Сол себепті Aлла Tағаладан үміт үзу,  илаһи тағдырға қарсы келу құлға жараспайды және ақыретке иманы мықты адамның өз өмірін қиюы мүмкін емес. 

Пікірлер Кіру