Пайғамбардан (с.ғ.с.) ақысын даулаған сахаба

16 қаңтар 2021 6711 0
Оқу режимі

Хазірет Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл өмірдегі дәм-тұзы таусылуға айналған соңғы күндері еді. Алпыс үш жылдық өмірін абыроймен өткізіп, имандылық пен ақиқат жолына бастау арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленген ол тіршілігінде бір құмырсқа екеш құмырсқаны да ренжітпейтіндей өте кішіпейіл, қайырымды болатын. Ол өмірінің соңғы сәттерінде мұсылмандар арасында жіберген қателігі болса кешірім сұрап, бақұлдасып қалуды жөн көрді.

Осы ниетпен бір күні Біләлге азан айтқызып, жұртты мешітке жинауын өтінді. Пайғамбар сөзін екі етіп көрмеген Біләл (р.а.) дереу мұнараға шығып, зор даусымен азан шақырды. Әуезді азан даусын естір-естімес Мәдиналығы бар, Меккеден көшіп келгені бар – барлық мұсылмандар мешітке аяңдап жинала бастады. Сәлден кейін-ақ мешіт іші лық толды.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  сахабаларға екі рәкат намаз оқытқаннан кейін мінберге шығып сөз бастады. Алдымен Алла Тағалаға шүкір етіп мақтау айтты. Артынша бүкіл елдің ет жүрегін езілтіп, жан-жүрегін тебіренткен, еріксіз көздеріне жас алғызып, тұла бойын шымырлатқан хұтбасын оқыды. Хұтба соңы анық-анық айтылған мына сөздерге ұласты:

«Ей, мүміндер! Мен сендердің пайғамбарларыңмын. Өмір бойы ізгілікке үгіттеп, тынбастан бәріңді де Алланың ақ жолына шақырумен келдім. Жақсылықты насихаттауда бір ғана Жаратқанның жәрдеміне арқа сүйеумен болдым. Сендерді қызғыштай қорғадым. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырмауға тырыстым. Сендерге қолымнан келгенше бір әкедей-ақ мейірімділік таныттым. Мұң-қайғыларыңды да бірге арқаладым...

Ал, енді сендерден сұрарым: осынша жыл біргеміз,  менде ақысы кеткен жан араларыңда бар ма? Ақысы кеткенің бар болса, Құдай үшін, Қиямет күніндегі есепке қаратпастан дәл қазір менен ақысын алсын!».

Бұл сөзді естігенде көңілдері өрекпіп, көздеріне жас үйірілген сахабалардың ешқайсысы да тікелей Пайғамбарға барып «Сізде менің ақым кеткен» демеді. Сұрақ екі-үш рет қайталанғанда ғана сахабалардан Үккаша орнынан тұрып Пайғамбарымыздың қасына барды. Сөйтті де сөз бастады: – Уа, Алла Тағаланың сүйікті елшісі! Сіз үшін әке-шешемнің де жаны пида! Құдай үшін деп бірнеше мәрте қайталағандықтан айтпасқа лажым жоқ, сізде менің ақым кеткен еді, – деді де, болған оқиғаны былайша баяндады:

– Я, Расулалла! Бір күні сізбен бірге соғысқа қатыстым. Шайқастың қызған кезі еді. Бір уақытта қалай екенін қайдам, мінген түйелеріміз бүйірлесіп қатар келіп қалыпты. Мұным ұят болды ма, қой кешірім сұрайын деп түйемнен түсіп имене жақындай бергенім сол еді, арқамды қамшыңыз осып түсті. Я, Расулалла, сол жолы сіз әдейі-ақ мені қамшымен тартып жібердіңіз бе, жоқ әлде, байқамастан болды ма сол жағын әлі күнге ажырата алмай келемін...

Бұны естігенде Пайғамбарымыз:

– Ей, Үккаша! Сені қайтіп әдейі ұрайын, байқамастан болған ғой, – деп кешірім сұрайды да артынша Біләлді қызы Фатиманың үйіне барып дәл сол жолғы қамшыны әкелуге жіберді.

Біләл (р.а.) мешіттен шыққан бойы бірден Фатиманың үйіне бет түзеді. Бір жағынан Пайғамбардың қалай өз-өзіне жұрт көзінше жаза бермек болғандығына да таңғалды.

Келе сала есікті қақты. Іштен Фатиманың: – Ол кім? – деген даусы естілді. Біләл (р.а.) өзінің атын айтып Пайғамбардың қамшы сұратқанын жеткізді. Фатима: – Ей, Біләл! Әкем қамшыны не істемек? – деп сұрады.

– Өз-өзін жазаландырмақшы, – деп жауап берді.

– Ей, Біләл! Қамшымен ұрып әкемнен ақысын алмақ болған кім? – деп сұрады.

– Үккаша, – деп жауап қатқаннан кейін қамшыны алған бойы мешітке заулады. Қамшыны апарып хазірет Пайғамбарға (с.ғ.с.)  ұстатты. Пайғамбар болса қамшыны Үккашаға берді.

Дәл осы арада орындарынан атып тұрған Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) қосарлана: – Ей, Үккаша! Қамшымен Пайғамбарды ұрғанша бізді ұр, міне арқамыз, – деп жалыныш білдіре жон арқаларын тосты. Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Уа, Әбу Бәкір, ей, Омар! Алла Тағала сендердің бұл тілектерің үшін сый-құрметке бөлейтіндігі күмәнсіз, – деді.

Бұл жолы Үккашаға Али (р.а.) жалына бастады: – Ей, Үккаша! Пайғамбарды қамшымен ұруыңа риза емеспін. Оны ұрғанша мені ұр! Міне, арқам, міне, кеудем, қай жерімнен қанша ұрғың келсе де ұр!

Оған да хазірет Пайғамбар басу айтты: – Уа, Али! Орныңа отыр! Ұлы Алла сенің бұл жақсылығыңды да елеусіз тастамайды.

Үккашаға енді Хасан мен Хүсейін жалына бастады.

– Ей, Үккаша! Біздің Пайғамбар немерелері екендігімізді білесің, одан алмақ болған өшіңді бізден алғаның жарасады. Өтінеміз, одан да бізді ұр! – десті.

– Уа, менің көзайым немерелерім! Орындарыңа отырыңдар! – деді Пайғамбар оларға да, сөйтті де Үккашаға бұрылып: – Әй, Үккаша! Мені шындап ұрғың келсе, кәне ұр! – деді. Үккаша: – Я, Расулалла! – деді тайсалмастан: – Сіз ұрғанда мен жалаңаш болатынмын. Мен де сізді ұрарда денеңіздің жалаңаш болғанын қалаймын, – деді.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  екі сөзге келместен бірден жейдесін шешті. Сөйтті де: – Кәне, ұр! – деді, – қалағаныңша ұр!

Бұны көрген мешіттегі бар сахабалар көңілдері босап жылады. Жейдесін шешкенде Пайғамбар денесінің сүттей аппақтығына отырған жұрт таңғалысты. Арқасында тумысынан Алла Тағаланың берген сыйы, елші екендігінің хақ дәлелі – қал тәрізді Пайғамбарлық мөрі де көзге оттай басылды. Алайда дәл осы сәт еш күтпеген тосын жайт болды. Міне, қызық! Қамшымен ұрады деп күткен Үккаша барған бойы Пайғамбар арқасындағы сол мөрді құшырлана сүйіп-сүйіп алмасы бар ма?!

Сөйтті де: – Уа, Алла Тағаланың құрметті елшісі! – деді: – Сіздей адамға кім қол көтерсін?! Бар арманым: сіздің арқаңыздағы Пайғамбарлық қалыңызды бір сүю болатын. Сол арманыма бүгін жеттім. Мен бақыттымын! Алла Тағала енді сіздің құрметіңізге бола мен бейбақты тозақ отына қия қоймас!

Отырған жұрт тебірене теңселіп кетті. Пайғамбарымыз да қатты толқыды. Қуанышты жүзбен көпшілікке көз тастаған Пайғамбарымыз:

– Жұмақтық адам көргілерің келсе, мына Үккашаға қараңдар! – деді.

Бұны естіген бүкіл мұсылмандар Үккашаны құттықтап, оны маңдайынан сүйгіштеді. 

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру