ПЕРІШТЕЛЕР ҒАЙЫПТЫ БІЛЕ МЕ?

15 қараша 2023 2100 0
Оқу режимі

Періштелерде ғайыпты білу қасиеті жоқ. Олар тек Алла Тағаланың өздеріне білдіргендерін ғана біледі. Себебі ғайыпты білу бір Алла Тағалаға ғана тән.

Құранда: «Көктер мен жердегі ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді»;

«Ғайып кілттері Оның жанында. Ғайыпты тек өзі ғана біледі. Ол құрлықтағы, теңіздегі барлық нәрселерді түгелдей біледі. Одан хабарсыз жапырақ та жерге түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы құрғақ, ылғалды нәрселер түгелдей ап-анық Кітапта бар», – дейді. Егер де періштелерге Алла тарапынан ғайыптан хабар берілсе, олар соны ғана біледі. Алла Тағала Адам атаға болмыстың атауын үйретті. Періштелерге аталған болмысты меңзеп оларға хабар беруін бұйырды. Осы уақытта періштелер: «Аллаһ Адамға (ғ.с.) барлық атауларды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді. Періштелер: Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине Сен толық білуші, өте данасың деді», – деді. Осы уақытта Ұлы Жаратушы «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет,- деді. Сонда (Адам ғ.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Алла: Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?»,–деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі адамның ең ұлық міндеті – Алланы танып білу.

Құранның төмендегі аяттары ғайыпты Ұлы Жаратушыдан басқа ешкімнің білмейтіндігіне және бір дәлел болмақ:

«Оларға былай де: «Жанымда Алланың қазыналары бар демеймін, ғайыпты да білмеймін. Әрі сендерге мен бір періштемін деп те айтпаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көр соқыр мен көзі ашық тең бола ала ма? Ой салмайсыңдар ма?».

Сонымен қатар «Ол барлық ғайыпты біледі. Ғайыптың сырын ешкімге ашпайды. Тек қалаған пайғамбарына ғана білдіреді. Сондай-ақ, Раббысынан алынған хабарлардың айна-қатесіз, толық жеткізілгенін білу үшін Алла өз елшісінің алды-артына күзетші қояды. Негізінде, Алла олардың жағдайын толық біліп, барлық нәрсені жеке-жеке санап жазып қойған»,– деп ғайыптың тек Алла Тағала тарапынан қалаған пайғамбарына ғана білдірілетіндігі айтылуда.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да өздігінен еш нәрсе айтпаған. Ал айтқандары болса уахи арқылы жеткен Алланың хабары. Сонымен қатар Алла Тағала тек пайғамбарға ғана емес, үмбет арасында салиқалы, жүрек көзі ашық жандарға да керемет ретінде ғайыпты білдірген. Бұл жайлы пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Үмбетімнің арасында (иләһи) шабытқа ие адамдар бар», – деген еді.

Демек, Алла Тағала пайғамбарлар мен салиқалы және жүрек көзі ашық жандарға біршама ғайыптан хабар берген. Бірақ бұл олар ғайыпты толық біледі деген ұғым тудырмаса керек. Өйткені пайғамбарлар ғайыпты білуші емес уаһи жолымен ғайыптан хабар алушы әзиз жандар.

 

Қалмахан Ержан

 

 

Пікірлер Кіру