ҚАДІР ТҮНІ - 2024. ҚАСИЕТТІ ТҮНДЕ ҚАНДАЙ АМАЛДАР ЖАСАҒАН АБЗАЛ?

03 сәуір 2024 3416 0
Оқу режимі

2024 жылы Қадір түні сәуір айының 5-нен 6-на қараған түнге сәйкес келіп тұр. Қадір түнінің мәні мен қасиетті түні істеу керек?

Қадір түнінің мәні неде?

Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.

Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.

Қадір түнінің артықшылығы неде?

Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: 

"Қадір түні мың айдан да қайырлы".

Пайғамбарымыз:

"Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", - дейді.

Әнас ибн Мәлік былай деп айтқан:

"Рамазан келгенде Алла Елшісі: "Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады".

Имам Мужаһид:

"Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы" – десе, Хафиз Ибн Ражаб: "Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!" - деген.

Қадір түнінде не істеу керек?

Қадір түні басталғанға дейін толық дәрет алған жөн, сонымен қатар, теріс ойлардан жаны мен жүрегін аулақ ұстаған дұрыс. Осы түнде жасаған күнәлар үшін кешірім сұрап, өкініп, көп дұға еткен жөн. Құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт - қадір түні. Сонымен қатар, Құран оқып, мағынасын түсініп, діни білім алған абзал екені айтылады. 

Қадір түнінде не істемеу керек?

  • Зиян нәрселерден аулақ болған жөн;
  • Дінде рұқсат етілмеген нәрселерді істеуге болмайды. Мысалы, ішімдік ішуге болмайды;
  • Біреудің сыртынан ғайбат айтуға, бос әңгімеге үйір болуға болмайды;
  • Ұрысуға, біреу туралы жаман нәрсе айтуға болмайды;
  • Фильмдер мен ойын-сауық бағдарламаларын көріп, уақытты бос өткізуге болмайды.

Қадір түні ұйықтамау шарт па?

"Рамазан оразасына қатысты пәтуалар" кітабында Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс екені, бірақ ұйықтамай өткізу шарт емесі жазылған. Себебі Айша анамыз:

"(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес"[1], - дейді.

Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршаса кішкене тынығып, кейін ары қарай құлшылығын жалғастырудың оқасы жоқ.

Қадір түні қандай амал жасаған абзал?

Қадір түнінде мұсылмандар жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадір кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады. Жалпы, бұл рухани кеш - адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.

  • Сол күні ауызашарда мейлінше көбірек дұға-тілек ету;
  • Қадір түнінде көбірек Құран оқып, сауап алуға тырысқан абзал;
  • Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;
  • Қадір түні кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазын оқу;
  • Тәспі тарту;
  • Қадір кешінде "Таһажуд", "Қажет" намаздарын 4 бас етіп оқуға болады.

Қадір түнінде оқылатын таңдаулы дұғалар

Қадір түнінде оқылатын дұға:

"Аллаһумма иннәкә ғафу ун тухиббуль ғафуә, фәғфу әнни!" - қазақша мағынасы: "Уа, раббым! Расында, сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше мені де кешіре гөр".

Алладан жан байлығын әрі материалдық байлықты сұрайтын дұға:

"Аллаһумма, инни асәалюкаль-Һуда, уа туқа, уаль-ъафафа уальғина" - қазақша мағынасы: "Я, Алла, расында, мен сенен сенің басшылығыңды, тақуалықты, (күнәдан жаман қылықтардан) пәктікті және байлықты сұраймын".

Алладан амандық сұрайтын дұға:

"Аллаһумма инни әс-әлукәл-ьафуа уәл-ьафиәтә фид-дунйа уәл-әхираһ. Аллаһумма инни әс-әлукәл-ъафуа уәл-ъафиәтә: фи диниуә дунйа-йа уә әһли, уә мәли. Аллаһуммас-тур ъаурати уә әмин рауъати Аллаһуммах- фазни мин бәйни йәдәййа уә мин халфи, уә ъан йәмини уә ъан шимәли, уә мин фәуқи, уә әъузубиъазамәтикә ан уетала мин тахти"- қазақша мағынасы: "Я, Алла! Сенен мен (осы) дүние және ақыретте жарылқау мен есен-амандықты тілеймін. Уа, Алла! Сенен мен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, отбасым мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Менің әбүйірімді Өзің бүркеп қойғайсың, мені қорықыныштан аман еткейсің. Уа, Алла! Мені алды-артымнан, оң жақ-сол жағымнан және төбемнен де Өзің сақтағайсың! Сондай-ақ кенеттен қиянатқа ұшырап, өліп кетуден Өз ұлылығыңнан пана сұраймын!".

Шипа сұрау дұғасы:

"Әнн-нии мәс-сә-ни-иәд-дур-ру уә әңң-тә әр-хә-мур-роо-хи-миин" - қазақша мағынасы: "Маған бір пәлекет келді. Ал Сен Мейірім етушілердің ең Мейірімдісісің". 

Кешірім сұрайтын дұға:

"Аллаһуммә, инни заләмту нәфси зулмән кәсиран уә лә яғфиру-з-зунубә иллә Әнтә. Фағфир ли мәғфиратән мин индикә уәрхамни, иннәкә Әнтә-л-Ғафуру-р-Рахим!" - қазақша мағынасы: "Я, Алла! Шын мәнінде, мен өзіме аса көп зұлымдық жасадым. Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ. Өз жарылқауыңмен мені кешір де, маған рақым ет. Расында, Сен аса Жарылқаушы, ерекше Рақымдысың!".

Қарызға, уайымға батқан кісінің дұғасы:

"Аллаһуммә инни ә'узу бикә мин әл-һәмми уәл-хазәни, уәл-ажзи уәл-кәсәли, уәл-бухли уәл-жубни, уә далә'ид-дәйни уә ғаләбәтир-рижәл" - қазақша мағынасы: "Я, Алла! Расында, мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығынан әрі адамдардың жәбірлеуінен сиынамын".

Алланың разылығын сұрайтын дұға:

"Аллаһумма инни әс-әлукә сиххатән фи имәни, уә имәнән фи хусни хулуқин, уә нәжәхән йәтбәъуһу фәләхун, рахмәтән минкә уә ъафиәтән минкә, уә мәғфиратән уә ридуәнә" - қазақша мағынасы: "Я, Алла! Шынайы иман, иманды көркем мінез, артынан бақыт ілескен табыс, Сенен келетін мейірім және жарылқау, кешірім және разылығыңды сұраймын.

Алладан көмек сұрайтын дұға:

"Аллаһумма әслих ли динил-ләзи һууә ъисмәту әмри, уә әслих ли дуния-ялләти фиһә мәъәши, уә әслих ли әхиратил-ләти иләйһә мәъади, уәжъалил-хәятә зиядатән ли фи кулли хайрин, уәжъалил-мәутә рахатән ли мин кулли шәрр. Уә Рабби әъинни уә лә туъин ъаләйя уәнсурни уә лә тәнсур ъаләйя, уәһдини уә йәссирил-һудә ли" - қазақша мағынасы: "Я, Алла! Істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің. Өмірімді ізгі амалдарды көбейту, ал өлімімді барлық жамандықтан демалу қылғайсың. Уа, Раббым! Маған көмектесе гөр және маған қарсы көмектеспегейсің. Мені жеңіске жеткіз және біреуге жығып берме. Мені тура жолға сал және тура жолды маған жеңіл қылғайсың".

Кедейліктен, жаман мінезден сыйыну дұғасы:

"Аллаһумма әслих ли дини уә уәссиъ ли дәри, уә бәрик ли фи ризқи. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-қасуати уәл-ғафләти уәз-зулләти уәл-мәскәнәти, уә әъузу бикә минәл-куфри, уәл-фусуқи уәш шиқақи уәс-сумъати уәр-рия-и уә әъузу бикә минәс-сумми уәл-букми уәл-жузәми уә сәи-йил-әсқам" - қазақша мағынасы: "Я, Алла! Менің дінімді дұрыс, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың. Уа, Алла! Қатыгездіктен, бейқамдықтан, қорлықтан және кедейліктен Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Кәпірліктен, пасықтықтан, мақтаншақ- тықтан, сұмғадан және риядан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Керең, сақау, алапес болуымнан және жаман аурулардан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын".

Екі дүние игілігін сұрайтын дұға:

"Раббәнәә әәтинә фид-дүния хасанатән, уа фил-аахирати хасанатән, уа қинәә 'азәбән-нәр" - қазақша мағынасы: "Я, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақта!".

Ата-ана үшін жасалатын дұға:

"Роб-бир-хәм-һу-мәә-кә-мәә роб-бә-иәә-нии со-ғии-роо" - қазақша мағынасы: "Раббым, Мені кішкентайымнан бағып, тәрбиелеп өсіргеніңдей оларға мейірім ет!".

 

 

Пікірлер Кіру