Қадір түнінің қасиеті жайында...

09 маусым 2018 11739 0
Оқу режимі

Міне, көзді ашып-жұмғанша да қасиетті Рамазан айының соңына да келіп жеттік. Рамазан айы – мұсылмандар үшін қасиетті ай. Ал, осы қасиетті Рамазан айының соңғы он күнінің біріне жасырылған ең қасиетті түн бар. Ол түннің артықшылығын Алла Тағала Құран Кәрімінде баяндаған. Ол түн келерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) барынша ғибадатқа бет бұрған. Сахабалар бұл түннің артықшылығынан нәр алуға талпынған. Табиғиндер мен үлкен ғалым-имамдар бұл түнге қарсы салиқалы істерімен жарысқан. Ал, жалпы мұсылман үмметі болса, бұл түнде күнәларының кешіріліп, Аллаға жақындай түсуді мақсат етіп Аллаға түні бойы жалбарынып шығады.

БҰЛ ҚАСИЕТТІ ТҮН – ҚАДІР ТҮНІ

Бұл түн туралы қанша кітаптар жазылған, қанша газет-журналдарда артықшылығы баяндалған, қанша жұма уағыздарында құтпа болып айтылған... Басқаша болуы мүмкін бе?! Бұл түнде періштелер молынан түседі, күнәлар кешіріледі, дәрежелер көтеріледі, құлдар Алланың мейіріміне бөленеді... Бұл түн – мың түннен қайырлы түн, бұл түн – Қадір түні, бұл түн – ұлы әрі қасиетті түн.

Бұл түннің мың айдан қайырлы болуының себебі:

Мұсылман үмметінің орташа өмір жасы әуелгі халықтардың өмір сүрген жастарынан қысқарақ болып табылады. Үмметтің орта жасы алпыс пен жетпіс жас арасында. Көп адамдардың өмір жасы осы көрсеткіштен аспағаннан кейін Алла Тағала бұл үмметке сондай бір түн берген, ол түннің бір өзі бізге дейінгі өмір сүрген адамдардың бірінің ғұмырын толықтай қамтыған. Бұл түнде жасалған ғибадат-құлшылық мың ай жасалған ғибадаттан артық. Бұл-дағы Алланың кеңдігі мен осы үмметке деген мейірімінен.

ҚАДІР ТҮНІНІҢ «ҚАДІР» ДЕП АТАЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ:

«Қадір» сөзінің бірнеше мағыналары бар, атап айтсақ:

1) Алланың алдындағы қасиеті мен ерекше қадірі үшін;
2) Алла Тағаланың «فيها يفرق كل أمر حكيم» (Ол кеште барлық хикметті істер айрылады[1]) деп баяндағанындай, бұл түнде осы жылдың өлшемге алынатыны[2] үшін;
3) Ол түнде түсетін періштелер дәрежелері үстем қадірлі періштелер болғаны үшін делінген де көзқарас бар;
4) Ол түнде ең түнде қадірлі періштенің ең қадірлі Пайғамбарға (с.ғ.с) ең қадірлі үмметке жеткізсін деп ең қадірлі кітап Құран Кәрім түсірілгені үшін;
5) Бұл түнде жасалған ғибадаттардың ерекше қадірлі болғаны үшін;
6) Кім бұл түнді Аллаға мойынсұнып ғибадат-құлшылықпен өткізсе, қадірлі адам болатыны үшін.

БҰЛ ТҮННІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫН ҚАЙДАН БІЛЕМІЗ:

Біріншіден, оның артықшылығы Құранда көрсетілген:

1) Бұл түннің өзіне толықтай бір сүре түскен әрі ол сүреде Алла Тағала бұл түннің мың түннен артық екенін айтады: «Қадір түні мың айдан қайырлы»[3].

2) «فيها يفرق كل أمر حكيم * أمراً من عندنا إنا كنا مرسلين» (Ол кеште барлық хикметті істер айрылады. Бұл өз қасымыздан бір бұйрық. Расында елшілерді жіберушіміз)[4]. Бұл түнде келер жылдың амалдары алдын ала өлшемге алынады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеттерінен:

1) «من قام ليلة القدر إيماناً واحتساباً غفر له ما تقدم من ذنبه» (Кімде-кім қадір түнін иман еткен әрі сауабынан үміт еткен күйде ғибадатпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі)[5]

2) «عن عائشة رضي الله عنها قالت : كان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا دخل العشر أحيا الليل وأيقظ "أهله وجد وشد المئزر» Айша (р.а): «Хазреті Пайғамбар Рамазанның соңғы он күні кіргенде түнді  ғибадатқа арнайтын, отбасы мүшелерін оятатын, белін мықтап буатын[6]»[7], – дейтін.

ҚАДІР ТҮНІ НАҚТЫ ҚАЙ ТҮНІ?

Жалпы қадір түні Рамазанның соңғы он күнінің тақ түндерінен, әсіресе жиырма жетінші түннен іздеу керек.

1) «فعن عمر - رضي الله عنهما - أن رجالاً من أصحاب النبي - صلى الله عليه وسلم - أروا ليلة القدر في المنام في السبع الأواخر فقال رسول الله - صلى الله عليه وسلم-: أرى رؤياكم قد تواطأت في السبع الأواخر، فمن كان متحريها فليتحرها في السبع الأواخر» Омар (р.а) айтты: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасындағы сахабалардан бірер адамдар қадір түнінің Рамазанның соңғы жеті күнінде екенін түстерінде көреді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Менде сендердің көріп тұрғандарыңа ортақпын, қадір түні соңғы жеті күннің бірімен тура келеді. Кімде-кім қадір түнін іздеген болса, Рамазанның соңғы жеті күнінен іздесін», – деді)[8].

2) Ал, Айша анамыздан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «تحروا ليلة القدر في العشر الأواخر من رمضان»  «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен іздеңдер»,[9] – деген.

3) Ал, Үбай ибн Каъб (р.а) болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көрсетіп берген дәлеліне, яғни күннің ол күні өткір сәулесіз шығатынын алға тартып, Қадір түнінің жиырма жетісі екенін айтып ант ішкен. Сол сияқты Ибн Омардың (р.а) «تحروها ليلة سبع وعشرين» «Ол түнді жиырма жетісінен іздеңдер»,[10] – деген риуаяты да жеткен.

БҰЛ ТҮНДЕ НЕНДЕЙ АМАЛДАР ЖАСАҒАН ДҰРЫС?

1) Ер адамдар үшін кешкі парыз намаздарды мешітте жамағатпен оқу;
2) Нәпіл[11] намаздар оқу, себебі, «Кімде-кім қадір түнін иман еткен әрі сауабынан үміт еткен күйде ғибадатпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»;
3) Дұға жасау; Суфиян Сәури (р.а): «Бұл түнде намаз оқығаннан гөрі дұға жасағанды жақсы көремін», – дейтін. Ол түні жасалатын дұғалардың ең көркемі: «اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني» (Уа, Алла, расында Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, маған да кешірім ет!)[12], сол сияқты: «أعوذ برضاك من سخطك، وعفوك من عقوبتك» (Уа, Алла! Ашуыңнан разылығыңа, азабыңнан кешіріміңе сыйынамын)[13] деген дұғалар.
4) Құран оқу;
5) Үлкенді-кішілі күнәлардан сақ болу.

ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАНДАЙ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ БАР?

1) Үбай ибн Кәъб (р.а) айтқандай, ол күннің таңында атқан таң өткір сәулесіз болады;
2) Ъабда ибн Лубаба ол түні теңіздің суын ішіп көргенін әрі теңіз суы ол кеште тұщы болғанын айтады;
3) Кешінің ауа райы орташа болады, ыстық та суық та емес;
4) Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды;
5) Нұр байқалады;
6) Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады.

ҚАСИЕТТІ АЙДЫҢ МЕЙІРІМІНЕН МАҚҰРЫМ ҚАЛАТЫН АДАМДАР БОЛА МА?

Ия, осындай берекеті мол айдың да берекетінен мақұрым қалатын адамдар болады. Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінберге шығып бара жатып «Әмин, әмин, әмин» деп үш рет қайталағанын айтады. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, мінберге шығып бара жатып «Әмин, әмин, әмин» дедіңіз, оның сыры неде?» – деп сұрады, сонда Пайғамбар (с.ғ.с):

جاءني جبريل فقال: شَقِي عبدٌ أدرك رمضان فانسَلَخ منه ولم يُغفَر له، فقلت: آمين، ثم قال: شَقِي عبدٌ أدرك والدَيْه أو أحدَهما فلم يُدخِلاه الجنة، فقلت: آمين، ثم قال: شَقِي عبدٌ ذُكرتَ عنده ولم يصلِّ عليك، فقلت: آمين

«Маған Жәбірейіл келді де айтты:
– Рамазанға жетіп тұрып кешірімге қол жеткізе алмаған адам нағыз бақытсыз адам, – деді. Мен:
– Әмин! – дедім
– Кімде-кім әке-шешесін бірдей немесе бірін ғана көріп, бірақ олардың разылығын алып жәннатқа кіре алмаса, ол нағыз бақытсыз адам.
– Әмин!
– Кімде-кімнің қасында сенің атың айтылғанда саған салауат айтпаса, ол нағыз бақытсыз адам.
– Әмин! – деп жауап қайтардым», – деді делінген»[14].

Міне, Рамазан айы – береке мен игіліктің молынан жауған айы. Бұл айда жақсылықтан мақұрым қалған адам жақсылық атаулының бәрінен бірдей құр қалған демек.

Алла Тағала баршамызды мейіріміне бөлеп, оразаларымызды қабыл алғай. Қадір кешімізде жасалған амалдарымыз Алланың алдында мың айдан да қайырлы болып қабылдануы нәсіп болсын. Әмин!

 

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

 


[1] «Духан» сүресі, 44-аят.
[2] Араб тілінде «қа-да-ра» етістігінен өлшену деген сөз де түрленеді.
[3] «Қадір» сүресі, 3-аят.
[4] «Духан» сүресі, 44-45 аяттар.
[5] Бұхари.
[6] Белді мықтап буу деген – бір нәрсеге қатты көңіл бөлу әрі әйелдеріне де жақындамаған дегенді білдіреді.
[7] Муслим.
[8] Бұхари.
[9] Бұхари.
[10] Ахмад.
[11] Қосымша.
[12] Ахмад.
[13] Муслим.
[14] Ибн Хузайма жеткізген, хадистің дәрежесі «сахих».

date09.06.2018readCount5printБас

Пікірлер Кіру