ҚАРАЖАТ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛМАЙДЫ

22 қыркүйек 2021 6167 0
Оқу режимі

Бірде бір кісі мешітке келіп ұйықтап қалады. Қалтасында ақша салған әмияны болатын. Ұйқысынан оянған кезде әмиянының ұрланғанын байқайды.Қасында намаз оқып тұрған Жағфар Садықты көріп, күмәндана бастайды. Намаз біткеннен кейін ол кісінің жағасынан алып, жоғалған дүниесін онан көре бастайды.

 – Менен не қалайсың? – дейді мән-жайды түсінбеген Жағфар Садық.
 – Ақша салған әмияным жоғалды. Қасымда сенен басқа ешкім жоқ. Демек, оны алған сен екенің анық, – дейді ол.
 – Әмияныңда қанша ақша бар еді?
 – Мың динар болатын.

Ұрлықтан еш хабары жоқ тақуа кісі Жағфар Садық дереу үйіне барып, қолына мың динарын ұстап, бағанағы кісіге қайта келеді. Сосын қолына мың динар ұстатып, үн-түнсіз кете барады.

Сәлден соң әмияны ұрланған кісі мың динарының қайтқанына қуанып, мешіттен шыға жолай достарына кезігеді. Достары болса: «Сенің ақша салған әмияның бізде. Біз сенімен әзілдескен болатынбыз», –  дейді сүйіншілей.

Бұл сөзді ести сала әлгі кісі түрі бұзылып, қолына мың динарын ұстап, қайтадан мешітке ентелей жетеді. Өзіне мың динарды сұраусыз ұстата салған адамның кім екенін сұрастырады. Куәгерлер мол ақшаны берген кісінің Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тегінен болған Жағфар Садық екенін айтады. 

Дереу Жағфар Садықтың үйіне барып, онан кешірім сұрайды. Сосын алған ақшасын қайтарып бергісі келетінін айтады. Сонда Жағфар Садық: «Біздің мүлкімізден бір нәрсе шығатын болса, ол кері қайтарылмайды», – деп берген қаражатын сыйға тартқан екен.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру