Қайырлы ұрпақты қалай сұрасам болады?

16 қыркүйек 2020 6883 0
Оқу режимі

Дұға – әлсіз, әлжуаз пенденің құдіреті шексіз Ұлы Жаратушымен үнемі байланыс құруы, арқа сүйеуі. Дұға – мұсылман жан ойындағы арман-тілектің көрінісі. Адам баласының осы  арман-тілегінің ішінде ұрпақ сүю де бар. Сондықтан ол Жаратқаннан ұрпақ сыйлауын сұрап, дұға жасайды. Бірақ, сұраған ұрпақ қандай болуы қажет? Бұл мәселеге қатысты да Құран аяттары пайғамбарларды мысалға келтіре отырып, ерлі-зайыптыларға ұрпақ сұрағанда қалай дұға жасау керектігін үлгі етеді. Мысалы, Құран Кәрімде Зәкәрияның (ғ.с.) шын жүрегімен Аллаға жалбарынып, былай деп тілегені баяндалады: «Ол жерде Зәкәрия дұға жасады: Раббым, маған пәк ұрпақ нәсіп ете гөр! Күмәнсіз, сен дұғаны шын мәнісінде естушісің!»[1].

Зәкәрия пайғамбар (ғ.с.) жай ғана ұрпақ тілеп тұрған жоқ, Алланы сүйіндіретін, пайғамбарды қуантып, әкенің көңілін марқайтатын, ұлттың тірегіне айналатын таза, арлы ұрпақ сұрап тұр. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) ауылынан шығып бара жатқанда: «Алла Тағалам, маған салиқалы бір ұл бере гөр» деп дұға жасайды. Жаратушы Ие дұғасын қабыл алып, Исмайыл пайғамбарды (ғ.с.) береді. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) мен ұлы Исмайыл (ғ.с.) Қағбаны салып жатқанда да былай деп дұға жасаған: «Уа, Раббымыз! Бізді Саған бас иетіндерден қыла гөр! Ұрпағымыздан саған бағынатын үмбет шығара гөр! Бізге ғибадат жөнін көрсет, тәубаларымызды қабыл ала гөр! Өйткені, Сен тәубаларды қабыл етуші әрі өте мейірімдісің».

Олар шынайы мұсылман, саналы ұрпақ тіледі. Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмайыл (ғ.с.) Қағбаны тұрғызу барысында Жаратқанға көп жалбарынады. Сол дұға-тілектің бірі – сауапты іске үйір, өнегелі ұрпақ еді. Хақ Тағала олардың шынайы көңілмен жасаған дұғаларын қабыл алып, Ибраһим пайғамбардың ұрпағынан жүздеген пайғамбар, ал оның ұлы Исмайылдың ұрпағынан адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) дүниеге әкелді. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.): «Уа, Раббым, мені және ұрпағымды намазын тастамай оқитындардан ете гөр! Уа, Раббым, осы дұғамды қабыл ете гөр!»− деп діндар әрі тақуа ұрпақ тілейді.

Ал, Адам пайғамбар (а.с.) мен Хауа анамыз былай деп дұға жасаған: «Ант етейік, егер бізге игі бала берсең, Саған шүкіршілік білдіретін боламыз». Құран тәпсіршілері бұл дұғадағы «игі баланың» он екі мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс бала екенін білдіреді. Демек, дұғада болашақ баламыздың денсаулығын да тілеу артық емес. Құран Кәрімде пайғамбарлармен қоса игі кісілердің де Алла Тағаладан ізгі ұрпақ тілегені баяндалады: «Және ол кісілер: Раббымыз, бізге көзіміздің нұры боларлық ұрпақ нәсіп ете гөр! Әрі бізді тақуа жандарға имам қыла гөр!» – деді».

«Көздің нұры» боларлық ұрпақ – ата-анасын қуантатын, адамзаттың қамын ойлайтын, халқына пайдасы тиетін ұрпақ емес пе?! Олай болса, Құран кәрім осындай ізгі ұрпақ тілеу керектігін үйретуде. Ал, Имранның жұбайы Мәриямды туған кезде: «Оны (Мәриямды) және оның ұрпағын қуғынға ұшыраған шайтанның жамандығынан сақтай гөр» − деп тілеген екен. Бұл дұға көбіне әйелдер босанатын кезде айтылады. Дегенмен, бұл тілекті жалпы ұрпаққа қатысты да айтқанның артықтығы жоқ. Құранда берілген дұғалардан адамзат үшін ізгі ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Себебі, пайғамбарлардың өзі кейінгі ұрпағының тақуалығын тілеген. Біз пендешілікпен әйтеуір бір ұрпақ бере гөр немесе ұл не қыз болсын деп сұрап жатамыз. Ал оның қандай болып өсетінін көп ойлана бермейміз. Сондықтан Ұлы Жаратушыдан салиқалы ұрпақ сұрау керек. Ол үшін ұрпағымыз өмірге келмей тұрып аталмыш мазмұндағы иләһи дұғаларды көбірек жасаған абзал.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру