Қайырымдылықтың пайғамбарлық моделі

09 қыркүйек 2024 1067 0
Оқу режимі

Алғашқы мұсылман ғұламалары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі, ісәрекеттері мен айтқан сөздері, оның отбасы, саңлақ сахабалары туралы мүмкіндігінше толық мағлұмат беруге көп күш жұмсады. Кейіннен бұл жазбалар – сүннет жолына – яғни, барлық мұсылман үмметі үшін өнегелік бағыт-бағдарға айналды.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірдің барлық саласында үмметіне үлгі бола біліп, өзгелерге жанашырлық, мейірімділік таныту, әлеуметтік әділеттілікті жақтау сынды қасиеттерге ерекше көңіл бөлген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) насихаттаған этикалық көзқарастар әлеуметтік мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен бірге, байлық, мүмкіндіктер мен күш-жігерді адамдар мен қоғамның пайдасы үшін жұмсаумен байланысты моральдық және рухани құндылықтарды көрсетуге бағытталған. Бұл әсіресе қайырымдылық жасау мен садақа беру мәселелерімен байланысты.

Алла елшісі (с.ғ.с.) адамдардың құрметі, сүйіспеншілігі немесе алғысы үшін садақа жасамады. Оның мінез-құлқының ерекшелігі сонда, ол кісіден біреу бірнәрсе алған кезде, оның оларға емес, олар өздерінің пайғамбарға (с.ғ.с.) жақсылық жасап жатқанын сезетін.

Кейбір хадистерде айтылғандай, барлық ізгі амалдар мен көмек түрлері, тіпті жолда жатқан кедергіні алып тастаудың өзі садақа болып саналады. Бұдан бөлек, болашақта адамдарға, құстарға және жануарларға пайдасы тиетін заттарды (жеміс ағашын отырғызу, бау-бақша өсіру және т.б.) отырғызуды да осы амалға жатқызуға болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кейбір сөздері садақа берудің материалдық емес құндылығына баса назар аударады, сондықтан жарлы адамның аз мөлшердегі садақасы байдың көп мөлшердегі бергенінен абзал саналады. Осыған байланысты, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірінде жасаған бірқатар қайырымдылық істеріне көңіл бөліп, үлгі алып көрейік.

Алладан аян түскенге дейінгі пайғамбардың жомарттығы

Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндетіне дейін де өзінің жомарттығымен танымал болған.

Алғашқы уахидің ауырлығынан өзіне алған жауапкершілік сезімінің әсерімен үйіне оралған кезде, Хадиша анамыз (Алла ол кісіге разы болсын) оны жұбатып: «Мынау қуанышты хабар ғой, сабыр етіңіз. Ант етейін, сіз осы үмбеттің пайғамбары боласыз. Ұлы Алла сізді еш уақытта жалғыз қалдырмайды. Өйткені сіз туыстарыңызбен жақсы қарым-қатынаста боласыз, уәдеңізде тұрасыз, адалсыз, шыншылсыз, қиындықтарға төзесіз, мұқтаж адамдарға көмектесесіз, әлсіздерді қолдайсыз, қонақтарға құрмет көрсетесіз және қиындыққа душар болғандарға қол ұшын созасыз. Мұндай құлын Алла жалғыз тастамайды», – деп айтты.

Пайғамбардың дұшпандарына мәрттігі

Жауларының өзі пайғамбарымыздан ізгіліктен (с.ғ.с.) басқа ештеңе күтпеді. Ол мейірімділік пен жомарттыққа жауап беріп қана қоймай, өзіне қорлық көрсетіп, дөрекілік жасаған адамдарға да жақсылық тілегенін (Таиф оқиғасы) білеміз.

Мекке қаласы азат етілгеннен кейін, құрайыштықтар пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жасаған зұлымдықтарын, мұсылмандардың байлығын тәркілеп, оларға түрлі жамандық көрсеткендерін еске алып, өздеріне қатысты қатаң үкім шығатынын күтсе де, оларды бұл жағдайдан құтқаратын бір ғана нәрсе – Алла елшісінің (с.ғ.с.) жомарттығы екенін білді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардан:

– «Ей, Құрайыш қауымы, сендерге не істейтінімді білесіңдер ме?»,

– деп сұрады.

– «Сен текті әрі қадірменді бір бауырымызсың», – десті олар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса:

– «Бүгін сендерді айыптамаймыз, бәрің де азатсыңдар», – деп, мүшріктердің бәрін кешіріп, босатып жіберді.

Пайғамбардың жомарттығының деңгейі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сыйлық жасай отырып, сыйлық алған адамға қарағанда көп қуанатын. Өзі мұқтаж болса да, көп қайырымдылық жасайтын.

Бірде бір жарлы пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, өзіне бірдеңе беруін сұрайды. Алайда, бұл күні Алла елшісінде (с.ғ.с.) тамақ та, ақша да болмайды. Сол кезде ол: «Менің саған қазір беретін ештеңем жоқ. Барып, менің атымнан қалағаныңды сатып ал, мен қарызды төлеймін» деп айтады. Жаңағы адам қатты қуанып, кетіп қалады.

Осы кезде бір сахаба тұрып: «Уа, Алла елшісі! Бұл кісі бұған дейін де бірнеше рет келген: сізден бірнәрсе сұрайды, сіз әрқашан сұрағанын бересіз. Қазір беретін нәрсеңіз жоқ. Қолыңызда жоқ нәрсе үшін міндетті емессіз ғой», деп айтады.

Айтылған сөздер пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ұнамайды. Сол кезде екінші бір сахаба: «Уа, Алланың елшісі! Қалағаныңызша беріңіз! Алла сізді кедей етеді деп қорықпаңыз», дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса күлімсіреп: «Маған бұйырылғаны осы», деп жауап берген екен.

 

Қарызды еселеп қайтару мәселесі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір кісіден түйені қарызға алады. Қарыз беруші адам келген кезде, Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларына қарызды қайтарып беруге әмір етеді. Олар сол жастағы түйені іздейді, бірақ жасы бір жас үлкен түйеден басқа ештеңе таппайды. Пайғамбар оларға соны беруді бұйырады. Қарыз беруші адам: «Сіз маған толық төледіңіз, Алла сізге толық төлесін», деп айтады. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сіздердің араларыңыздағы ең жақсы адам – қарыздарын ең жомарт түрде төлейтін адам», деп айтады.

 

Сахабалар пайғамбардың жомарттығы жайлы

Ибн Аббас (Алла ол кісіге разы болсын) жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», – делінеді.

Әнас ибн Малик (Алла ол кісіге разы болсын) былай айтқан: «Бір күні бір адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп оған мал-мүлік беруін сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған көп қой береді. Әлгі адам еліне қайтып оралып: «Исламды қабылдаңдар, өйткені Мұхаммед (с.ғ.с.) есепсіз береді деген екен».

Ибн Мункадир келтірген риуаятта Жабир ибн Абдулла (Алла ол кісіге разы болсын) былай айтқан екен: «Өтінішпен келгендерге Алла Елшісінің «Жоқ» деп жауап бергенін ешқашан естіген емеспін».

Бұл оқиғалар – сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жомарттығы мен жанқиярлық мінез-құлқын сипаттап, баршамызға өнеге болмақ. Алла елшісі (с.ғ.с.) қарапайымдылық пен дархандықтың ең үздік үлгісі болатын. Ол үшін материалдық байлықтың құны болмады, ал оның жүрегі кез-келген адамның жүрегінен кең еді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айналасындағылардың бәрі жомарттықтан пайда көрді. Ол жолаушыға қонақ ретінде қарады, аш адамды тамақтандырды, туыстарына жақсы қарым-қатынас жасады, науқас жандарды зиярат етіп, кедейліктен қорықпастан мұқтаж адамдарға көмектесті. Бай немесе кедей болсын, досы немесе жауы болсын, ол бәріне жақсы қарады. Егер біз оның жомарттығының көлеңкесіне еліктей алсақ, айналамызға қуаныш сыйлап, өзіміздің ғана емес, өзгелердің өмірін де өзгертеріміз ақиқат.

Пікірлер Кіру