ҚАЗА НАМАЗДАРДЫҢ ЖАМАҒАТПЕН ОҚУ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ?

03 мамыр 2024 2007 0
Оқу режимі

 Негізінде, бес уақыт намазды өз уақытында өтеу парыз. Себепсіз оқымау дұрыс емес. Қаза[1] намаздарды жамағатпен оқуға рұқсат етіледі.

Көпшілік болып намазды қаза етсе, азан шақырады, қамат айтып, намазды жамағатпен оқиды[2].

Әбу Мәриям басынан өткен бір оқиғаны былай баяндайды: «Біз Алланың Елшісімен (ﷺ) бірге сапарда едік.

Түні бойы жол жүрдік. Таң намазы таяған уақытта Алланың Елшісі (ﷺ) тоқтап, ат-көлігінен түсті де, ұйықтауға жатты. Адамдар да ұйықтады. Ұйқыдан оянғанымызда, күн көтерілген еді. Алла Елшісі (ﷺ) азан шақыруға бұйырды. Азан шақырылды. Ол (ﷺ) алдынғы екі ракағат (сүннет) намазын оқыды. Сосын қамат айтуға бұйырды. Қамат айтылды. Ол (ﷺ) тұрып, бізбен бірге намаз оқыды»[3].  

Дауыстап оқылатын намаздардың қазасы да дауыстап оқылады[4].

 Оған таң намазы, құптан мен ақшам намаздарының алғашқы екі ракағаты жатады. Имам мен мұқтадидың[5] намазы себебі[6], сипаты[7] және іс-әрекеттері[8] жағынан бірдей, үйлесімді болуы тиіс[9].

Мысалы, бесінді уақтылы оқып жатқан имамның артынан бесін немесе екінті намаздардың қазасын өтеу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Расында, имам өзіне жамағаттың ілесуі, ізінше еруі үшін тағайындалады. Сондықтан оған қарсы тұрмаңдар»[10], – деген.  

 

 

 [1] Қаза – белгілі амалды уақыты шыққаннан кейін өтеу.

 [2] «Бәдаиғ ас-санаиғ», 1/154.

 [3] «Сунән ән-Нәсайи», 1/297.

 [4] «Фатху бәб әл-ғиная», 1/270.

[5] Жамағат намазында имамның артынан ерген адам.

[6]  Әр намаз өз уақытында орындалуы тиіс. Басқа бір намазды оқылып жатқан намазға ұйып оқуға болмайды.

[7] Бір-екі ракағат өткізіп, имам сәлем бергеннен кейін қалған ракағаттарын толықтырып жатқан адамға еріп намаз оқу дұрыс емес. Өйткені, ол алғашқы тәкбирмен (тәкбир тахрима) бастаған имамның сипатына сай келмейді.

[8] Жамағат намазында мұқтади мен имамның іс-әрекеттері (қиям, рукуғ, сәжде, ракағат т.б.) үйлесімді болуы шарт.

[9] «Бәдаиғ ас-санаиғ», 1/138.

[10] «Сахих әл-Бұхари», 1/237.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=850

Дереккөз: fatua.kz

Пікірлер Кіру