ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІ – ШАРИҒАТ ПЕН ДАЛА ЗАҢДАРЫНЫҢ ҚОСЫНДЫСЫ

05 сәуір 2024 1655 0
Оқу режимі

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. «Дәстүр» сөзінің араб тіліндегі мағынасы «іс-әрекет жасалатын ереже, заң» дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл негізінен бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Осы сөздің терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады.

Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Дана халқымыздың әдет-ғұрыптарына келер болсақ, дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда, қазақ халқының амандасу көрінісі: көліктегі адамның жаяу адамға, жаяу адам отырған жандарға «Ассаламаалейкум» деп амандық сұрасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуы.
 Бұл Пайғамбардың хадисінде де баяндалады: «Атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді», – деген. Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан  тамған  Кеңес Одағы кезінде де халық жадынан ұмыт болған жоқ. Дінімізді тәнімізден жұлса да дәстүрімізді жанымыздан өшіре алмады. Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы. Бұл әдетте кезінде Пайғамбардың (с.а.с.) құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла елшісі (с.а.с.) әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған.

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, құрбан айт пен ораза айт, жарапазан, садақа, пітір беру, бата беру, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – некені жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу ахлақ (әдеп) көрінісі. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарып келеді. Қонақжайлық – еліміздің ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын:  «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».

XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф.Фон Хелльвальд: «Қырғыз-қайсақтар (яғни қазақтар – авт.) барынша қонақжай мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады», – деп өз таңданысын жасырмаған. «Ел болам десең, бесігінді түзе» демекші, әрбір отбасы, әрбір тәрбиеші, әрбір ұстаз үшін жастарды сауатты әрі халқына, еліне қызмет ететін тұлға етіп тәрбиелеу – басты мақсат.

«Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп Тұңғыш Президентіміз  атап өткендей, қанша ғасырлар өтіп, реформалар жасалса да, діни, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың, мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жетіп отыруы – біздің ел алдындағы басты міндетіміз. «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» – демекші, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлігі бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.

 

 А. БӨРІБЕКОВА,

Раушан НАРБЕК

 

Пікірлер Кіру