ҚАЗАҚТЫҢ АҚИДАСЫ

02 сәуір 2024 2026 0
Оқу режимі

Сөз – Құдіреттің елшісі. Танылып бітпеген нақыл қазақта көп. Соның бірінде «Күн нұры – тары, дін нұры – тау» деген екен даналығы иманға суарылған  халқымыз. Күн нұры түспес көлеңке табиғатта бар болса болар, ал дін нұры түспес қалтарыс жанды жансыз-жаратылыста жоқ. Себебі он сегіз мың ғаламның жаратылуының мәні – діннің нұрын, Хақтың сырын тануда деп пайымдайды қазақы дүниетаным. Дін нұры дүние тіршілігінен тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі әр ісін, әр сөзін, әр дәстүрін, әр ғұрпын нұрландырған хикмет болатын. Қазақтың әрбір мақал-мәтелі, аңыз-әфсанасы, жыр-дастаны, ертегісі, шешендік сөзі, даналық нақылы, тұрмыс-салт өлеңдері – бәрі-бәрі имани құндылықтармен көмкерілген еді. Алласыз сөз сөйлемеген, Алласыз іс бастамаған, бесігін Алла атымен тербеткен, қуанса Алла атымен сүйінші сұраған, «Аллалап» жатып, «Аллалап» тұрған жүрегіне иман тұнған ұлт еді бұл…

Ал, қазір…

Діни сенім бостандығын дүнияуи мақсаттарға пайдалану соңы жоқ сана сергелдеңін ала келді. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату басталды. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер салдарынан дәстүрлі құндылықтар күйреуге ұшырауда. Діннің жартысын сенім, жартысын ахлақ құндылықтары құрайтынын, таразының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрғанын, иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажеттігін, дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейтінін біз жиі естен шығарудамыз…

Жақын арада бір әріптесіміз қоғамда белең ала бастаған бір ойды өз пікірі ретінде ортаға салды: «Ақида мәселесі қарапайым халықтың шұғылданатын шаруасы емес. Халық діннің қарапайым тәжірибесін білсе болды. Сенім негіздері, Матуриди немесе Ашғари ақидасы дегенді оларға тәптіштеп айтып, талқыға салудың қажеті жоқ. Бұл іспен ислам ғұламалары айналысуы қажет». Дәстүрлі қоғам құндылықтарының көз алдында күйреп жатқанына назалы жанның шымбайына бататын сөз болғандықтан, әріптесімнің арынын қайтарып тастауға тура келді: – Рас, қазақ баласы ғасырлар бойы ақида мәселелерін талдап-таразыламай-ақ «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген қарапайым таныммен мұсылмандық жолын берік ұстанып келді. Өйткені оны қазіргідей ақидасынан адастырып, дінінен аздыруға бағытталған арандатушылар болған жоқ. Дәстүрлі құндылықтар салтанат құрған қоғамда халық біртекті санамен, бірыңғай таныммен өмір сүрді. Рухани құндылықтарды реттеуші имани тәрбие институттары мызғымай қызмет атқарып тұрды. Ал қазір сол құндылықтарды күйретуге ниеттенген күштер ақида мәселесін арнайы ортаға шығарып отыр. Дін қағидаларының иірімдеріне көпшіліктің бойлай бермейтінін пайдаланып, сенім негіздерін бұрмалап түсіндіріп, халықтың дәстүрін дініне қарсы қоюда. Бұл жерде олар «ақида қарапайым халықтың шаруасы емес» деп отырған жоқ. Ақида төңірегінде сауал көтерілген екен, оған жауап берілуі қажет. Біз ескермей тастасақ, оған жауапты сол сауалды туындатушы радикалды ағымдар жетекшілері беретін болады. Сіз сілтеме жасаған ислам ғұламалары да солар болып шыға келеді. Соларды пір тұтар болса, кейінгі қоғамның бет алысын бағамдай беріңіз…

***

«Көргенімнен көп екен көрмегенім, Бәрінен де жақсы екен өлмегенім» дейді қазақ. Көз тірі болған соң көрген бір хикметіміз ай-күннің аманында ақидамыздан жаңылғанымыз болды. «Біз қазақтар, Әбу Ханифа мазхабын, Матуриди ақидасын ұстанамыз» деп айтудай айтып келеміз. Дін тұтқасы болып отырған имамдарымыз бен исламтанушы мамандарымыз мазхабтың мәнін, ақиданың ара-жігін ажыратып, сындарлы мақалалар жазуда. Діни танымымды дұрыс қалыптастырамын деген адамның өміріне жетерлік өнегелі туындылар аз емес. Дегенмен… біз әлі де өз тілімізде – қара ормандай қабырғалы халықтың дәстүрлі тілінде сөйлей алмай жүрген тәріздіміз.

Әңгімені ақидаға бұрсақ. «Амалдағы мазхабым – ханафи, сенімдегі мазхабым – матуриди» дегенді тілі шыққаннан жаттап өскен қазақ пір тұтқан имам Матуриди кім еді? Ол ең алдымен қазақтың болмысына етене жақын Орта Азия өркениеті тудырған тұлға еді. Ежелгі Азия жерінде жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мәдениет негізінде даңқты Тұран өркениетін қалыптастырған түбі бір түркі жұртының барлық мәдени жетістіктері ортағасырлық Орта Азия өркениетінде жалғасын тапқан болатын. Түркі, араб, парсы мәдениеттерінің тоғысында толысып, олардың үздік жетістіктерін саралап сіңірген, Фарабидей әлемге әйгілі энциклопедист ғалымды дүниеге келтірген ортағасырлық Орта Азия өркениеті кемеліне келген шағында имам Матуриди сынды дін ғұламасын тарих төріне шығарды. Өркениет нәрімен өз топырағында сусындағандықтан да Матуриди ақидасында ұлттық дүниетаным – Орта Азиялық менталитет кеңінен көрініс тапты. Соның нәтижесінде Матуриди ақидасы қасаң қағидаларға емес, ізгі құндылықтарға негізделді. Матуриди ақидасының ерекшелігі саналатын ұстанымдар – Алланың өзі қаласа, күнәларды кешіретіні, адамға өзі көтере алмайтын жүкті артпайтыны, Жаратушының әрбір ісінің себебі мен хикметі барлығы, иман мен исламның бір екендігі, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны, адамның жақсы мен жаманды Алла сый еткен ақыл арқылы танитыны – осылардың барлығының негізінде көшпелі өркениет құндылықтарын қоса сіңірген кең өрісті дүниетаным, ашық пікірлі пайымдау, өркениетті таразылау қабілеті, биік адамсүйгіштік құндылықтар жатыр.

Исламдағы сенім негіздерін тұжырымдаған қос ғұлама имам Матуриди мен имам Әшғаридың ақидадағы көзқарастарында бірқатар айырмашылықтар болғаны көзі ашық, көкірегі ояу әр мұсылманға белгілі. Теологиялық тереңдікке бармай-ақ Матуриди ұстанымдарының қазақы дүниетанымда қалай дамытылғанына қарапайым қисынмен талдау жасап көрелік.

Имам Матуриди тұжырымдаған сенім негіздері бойынша «Мұсылмансың ба?» немесе «Дінің не?» деген сауалдарға «Әлхамдулла, мұсылманмын» деп жауап беру қажет. «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру өз иманына өзі күмән келтіргендік болып саналады. Ал имам  Әшғари  ақидасы бойынша «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру жөн саналады. Осы қағидалардың қайсысын қазақтың қабылдағанына назар аударып көрелік. Қазақ арасында кеңінен тараған ислам ілімдерінің әліппесі секілді «Имандылық туралы мың сұрақ» атты қолжазба кітап бар. Кітаптың алғашқы тағылымдарының бірі «Мұсылмансың ба?» деген сауалдан басталады. Берілетін жауап: «Әлхамдулла, мұсылманмын». Ары қарай «Қашаннан бері мұсылмансың? Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген сауалдар қойылып, берілетін жауаптар: «Әлімсақтан бері мұсылманмын. Раббым Алла, дінім ислам, пайғамбарым Мұхаммед, кітабым Құран» болып жалғаса береді. Қара таныған әр қазақ баласы тұтынып өскен «Иманшарт», «Мұхтасар ғылымхал», «Шар кітап», «Ғибадатул исламия», «Сабатул ажизин» секілді кез келген дін кітабы ислами тағылымын осы «Мұсылмансың ба?» деген сауал мен «Әлхамдулла, мұсылманмын» деген жауаптан бастайды. Әліпті таяқ деп білмеген қаймана қазақтың да кез келгені осынау қарапайым қағидаларды көкейіне түйіп өсті. Өйткені ауылдағы қазыналы қарттар тілі шыққаннан немере-шөберелеріне осы қағидаларды үйретті. Соның нәтижесінде «иншалла, мұсылманмын» деп мұсылман болар-болмасын білмей, өз иманына өзі күмәнданып тұратын қазақты бүгінге дейін көзіміз көрген жоқ. «Әлхамдулла («Аллаға мадақ, Аллаға шүкір») мұсылманмын», деп Алланың құлы, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті санатына енгеніне шүкірлік етіп өскен аталарымыз сол ғибратты ұрпақтарына жалғады. Бұл – қазақтың ақидасына адалдығының қарапайым дәлелі.

***

 Имам Матуриди «иман көбеймейді де, азаймайды да» десе, имам Әшғари «иманның азаюы да, көбеюі де мүмкін» деп пайымдайды. Қазақы қисынға келсек, ұлтымызда «иманды» және «имансыз» деген ұғымдар бар. «Иманы аз» немесе «иманы көп» деген ұғым қазақта жоқ. Яғни қазақ үшін иман не бар, не жоқ, ол көбеймейді де, азаймайды да. «Иманы көбейіп қалыпты» немесе «иманы азайған екен» деп сөйлемейді қазақ. Есесіне «иманы күшті», «иманы берік», «діні берік» («дәті берік»), «діні қатты», «иманы әлсіз» деген ұғымдар кездеседі. Осы ұғымдардың кеңінен қолданылуы қазақтың имам Матуриди ақидасына негіз болған «иман кемімейді де артпайды да, оның күшеюі немесе әлсіреуі мүмкін» деген қағидадан ауытқып көрмегенін дәлелдейді. Орта Азия ғұламаларының бәрі сусындаған, қазақ зиялылары жиі сілтеме жасаған ХVІІ ғасырдағы дін ғалымы Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизин» кітабында да: «Йақын білгілки, иман болмағай кәм, Ерур бірдек, зияда болмағай һәм» деп, иманның кемімейтіні де артпайтыны, оның біртұтас екендігі айқын көрсетілген. «Уа гар на болмас иман зайиду кам, Ақида бұлдұр, ей, фәрзәнди Адам!» деп, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны адамзат баласына ортақ ақида негіздерінің бірінен екені баяндалған.

Имам Матуриди «иман мен ислам бір»  десе, имам Әшғари «иман мен ислам екі басқа нәрсе, ислам сеніммен бойұсыну болса, иман – сенімін амалмен дәлелдеу»деп тұжырымдаған. Ал қазақтың «иманды» деген ұғымына назар аударсақ, оның имам Матуриди ақидасының аясында қалыптасқан ұғым екеніне бірден көзіміз жетеді. «Иманды» деп қазақ жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтады. «Жүзінен иманы төгілген» деп нұр жүзді жандарға сүйсініп жатады. Мұндайда ол адамның бес уақыт намазын оқитын-оқымайтыны, басқа мұсылманшылық парыздарын өтейтін-өтемейтіні, яғни сенімін амалмен дәлелдейтін-дәлелдемейтіні негізгі өлшем болып саналмайды. Қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді», деп риякерліктен тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. Ал бес уақыт намазын қаза етпегенімен, өз нәпсісіне ие болмаған адамды көрсе, қазақ оны «имансыз» деп айыптаған. Бұл мұсылманшылық парыздардың ұлтымыз үшін маңызы кем болған дегенді білдірмейді. Атамыз қазақ тек сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Шалкиіз жырау:

  Жығылғанды тұрғызсаң, 

  Жылағанды уатсаң,

  Қисайғанды түзетсең,

  Тәңірінің үйі бәйтолла,

  Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты,-деп, би Темірді қажылық сапарынан  тоқтатты.

  Мекке менен Медине жолдың ұшы,

  Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

  Атаң менен анаңды құрметтесең,

  Мекке болып табылар үйдің іші,-деген Шал ақын да сол жүректегі иман мен риясыз көңіл ілімін жалғады.

  Дін мұсылман баласы

  Адамдықтан жерімес,

  Тіл мұсылман, қарашы,

  Арамдықтан шегінбес,-деген Үмбетей жырау мен:

  Мұсылманшылық кімде жоқ,

  Тілде бар да, ділде жоқ,-деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады.  Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеді. Ал өзіне дейінгі рухани ілімді сана сүзгісінен өткізген Абай ақын өз «Қарасөздерінде» сырттағы ғибадатты іштегі иманның көлеңкесі дей келіп: «Иман екеу емес, біреу» тұжырымдаған. Абай ұстаз тұтқан Сопы Аллаяр еңбегінде: «Ерур бір мағнада иман-у ислам, Мұны білсә керәк һәр хас, һәр ғам» деп, иман мен исламның мағынасы бір екендігі, оны әрбір адамның да, барша халықтың да білуі қажеттігі айтылады.

***

Имам Матуридидің ендігі бір көзқарасы бойынша адамның өз ақылымен Алланы тануы, оның бар және бір екенін білуі парыз болып саналады. Біреу уағыз-насихат айтсын-айтпасын, адам Алланы ақылымен тауып, сенуі керек. Ал имам Әшғари ақидасы бойынша адамдар Алланы ақылымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес.

Адамның ақылымен Алланың бар және бір екенін тани алатыны жайындағы ғибрат Құран Кәрімде ай мен күннің, жұлдыздардың шығуы мен батуына қарап, оларды жаратқан бір құдіреттің бар екенін пайымдаған Ибрахим пайғамбар қиссасында баяндалған. Қазаққа келсек, халқымыздың  ұлт болып ұйысуы исламның аясында жүзеге асқаны белгілі, бірақ исламға дейінгі кезеңде қазақтың арғы атасы – түгел түркінің бірқұдайлық дінді ұстанып, Көк Тәңірге – жалғыз Жаратушыға табынғаны Алланы ақылмен танып білгенінің дәлелі десек, артық айтпағанымыз болар. Бәлкім, кейбір замандастарымыз пайымдап жүргендей, «түрікте де Алладан келген пайғамбарлар болған» шығар, ондайда көне дәуірде түскен хақ дінінен жаңылмауы да халқымыздың Алла сый еткен ақыл таразысынан ауытқымағандықтың айғағы деуге болады. Ал дүние тіршілігінің негізі болған табиғатты қастерлеу,  от пен суды қасиеттеу, төрт түліктің піріне сыйыну түркі-қазақтың Тәңірі жаратқан әрбір болмысты киелі де қасиетті санаған бірегей танымының көрінісі болып саналады. Соның нәтижесінде қазақта «обал» және «кие» деген теңдесі жоқ ұғымдар қалыптасты. Сол ұғымдарға негізделген ұстанымдар қазақ халқының иманын шынайы, таза, терең, берік етті. «Көкті жұлма, ақты төкпе, малды теппе, нан қиқымын тастама, суды босқа төкпе, судың да сұрауы бар» секілді қазақтың мың-сан тыйымдарының мәні «обал болады» деген жалғыз ауыз сөзбен түйінделеді. Исламдағы иман, нығмет, шүкіршілік, қанағат, барды бағалау, ысырап етпеу, қиянат жасамау, қияметте сұралу, есеп беру, жаза тарту секілді түсініктердің тоғысар жері де осы – қазақтың «обал болады» деген ұғымының айналасы. Осының бәрін қазақ өз тұрмыс-тіршілігінің нәтижесінде өз ақылымен танып білді. Мал мен жанның, от пен судың, тау мен тастың қадірін қазаққа біреу келіп үйреткен жоқ. «Обал» деген ұғымды да қазақ біреуден алған жоқ. Кәсіпке немесе ілімге үйреткен жандарды халқымыз ұстаз тұтты, пір санады, қастерледі, Жаратушының оларға дарытқан тәлімін киелі деп білді. Киелі саналып, қасиеттелген ілімге береке дарыды, көбейді, елдің игілігіне қызмет етті. Ешкім киеліні қорлауға бата алмады. Қасиеттіге ешкім тіл тигізген жоқ. Сондықтан халық қасиетсіздіктен аулақ болды. Осының барлығының бастауында қазақтың соқыр сенімнен аулақ, парасатқа негізделген ақидасы тұрды.

Ислам нәрімен сусындағаннан кейін халқымыздың болмысындағы Жаратушыны ақылмен тану ғибраты айрықша тереңдеп, дүниетанымының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасып, сайын далада таралған әрбір дін кітабында көрініс тапты. Жоғарыда аталған көне кітаптарды былай қойғанда, алдыңғы ғасырлардағы рухани ұстаздарымыз Абай, Ыбырай, Шәкәрімнің еңбектерінде де осы мәселеге ерекше мән берілген. Әсіресе Шәкәрімнің «Мұсылмандық шартында» «Иманның мағынасы» атты алғашқы бөлімнен кейін барлық ақида және фикһ мәселелерінен бұрын «Алла Тағаланың барлығын ақылменен ойлап білмек» және «Алла Тағаланың бірлігін ақылменен ойлап білмек» атты екі тарау қамтылып, Жаратушыны ақылмен танудың парыз етілу себебі тәптіштеп түсіндіріледі. Кітап соңына таман «Адам өзін таныса, Құдайды да танымақ» деген тарауда Шәкәрім бұл мәселеге қайта соғып, тұжырымдарын тиянақтай түскен.

Ақыл ғибратына қатысты Матуриди ақидасында: «Адам Алла сый еткен ақыл арқылы жақсы мен жаманды танып біле алады» деген тағы бір тұжырым айтылған. Ал Әшғари ақидасында кез келген нәрсенің жақсы немесе жаман екенін ақыл біле алмайды, оны тек Алланың әмірі мен тыйымдары арқылы ғана анықтау мүмкін (осының салдарынан Құранда айтылғандармен ғана шектелу, одан өзгенің бәрін жаман бидғатқа жору, Құран аяттарын тура мағынада ғана ұғыну, оларды ақылмен жоруға қарсы шығу, ақылдың пәтуа берудегі маңызын жоққа шығару тәрізді салафилікке негіз болған буквализм көріністері туындайды).

Матуриди ақидасын ұстанатын қазақ халқының бүкіл діни және дүнияуи танымы ең алдымен ақыл-парасатқа негізделгендігіне оның күллі рухани мұрасы дәлел. Сол рухани мұра толығымен ақыл арқылы жақсы мен жаманның не екенін ажыратуға бағытталған. Қазақ үшін ақыл – адамның басты байлығы, ең қасиетті де қымбат құндылығы. Бір үйір жылқыға немесе ат басындай алтынға үш ауыз ақыл сатып алып, қалған өмірінде соның қызығын көретін кейіпкерлер қазақ ертегісіне тән. Бақ пен дәулет бір басқа қатар қонып, ақылдың жоқтығынан бас иесінен айырыла жаздап, ақырында ақыл арқылы аман қалғанын талай аңызға арқау еткен де біздің қазақ. «Ақыл жастан» деп мақалдап, жасы кіші деместен ақылы асқанды аға тұту да қазақ менталитетіне тән. Қазақтың ақылға қатынасын қапысыз суреттейтін мына бір мысалды келтіре кеткен осы тұста орайлы.

***

Бірде Тезек төре айналасындағы игі жақсыларды жиып: – Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, таймайтын қорғаушың мен қолдаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады? – деп сұрапты. Төренің айналасындағы шешендер тосылып қалған сауалға Бөлтірік шешен былай деп жауап беріпті:

  Азбайтын байлық біреу, ол – ақыл,

  Тозбайтын байлық біреу, ол – ақыл,

  Таймайтын адал қолдаушың біреу, ол – ақыл,

  Жарығы тұтас елге түсетін шырақ біреу, ол – ақыл,

  Жел жетпес жүйрік біреу, ол – ақыл.

  Сонда Тезек төре: – «Ақыл, ақыл» деп тақылдаған сала құлаш тіл берген Құдайым саған неғып бармақтай бақ бермеді екен? – деп әжуалай сөйлегенде, Бөлтірік шешен:

  Ердің басына қонатын бақ біреу, ол – ақыл,

  Елдің басына қоятын тақ та біреу, ол – ақыл,

  Ақылсыз басқа қонған бақ баянсыз,-деп Тезек төрені сөзден тосқан екен.

Ақыл арқылы жақсы мен жаманды танып білуге келгенде қазақ «бұл өзі Құранда бар ма, жоқ па?» деп төрт тағандап тұрып алған жоқ. Әр істе ақылдың жоруына салғандықтан, иман мен ақылды қарсы қойып көрмеді. Ақыл танығанды қисынды, қисынға келгенді дінге сыйымды деп білді. Дін мен дүние ісін ақылға салып топшылауға келгенде қазақтың жаза басқан жері тарихта жоқ. «Құдайым көңіліме ақыл салды» деген жолды талай дастанына арқау еткен қазақ ақылды Алланың хикметі деп білді. Қазақ пір тұтқан ақыл салқын ақыл емес, ізгі, нұрлы ақыл, яғни парасат болатын. Сондықтан да Абай ақын: «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектік бірлән өсер» деп топшылаған.

Матуриди ақидасындағы ендігі бір ерекшелік – Алла Тағаланың сегіз сипатының бірі ретінде «Тәкуин» («Болғызушы», «Барлыққа келтіруші») атты жеке сипаты бар екендігін тану. Ал Әшғари ақидасы бойынша «Тәкуин» сипаты жеке-дара сипат емес, ол Алла Тағаланың «Құдірет» сипатының аясында қамтылады. Матуриди ақидасындағы бұл сипатқа негіз ретінде Құран Кәрімдегі «Ясин» сүресінің:  «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол!» деу, сонда ол бола қалады» деген 82-аяты алынған. Матуриди ақидасын ұстанған Орта Азия дін ғұламалары өз еңбектерінде қашанда Алла Тағаланың «Тәкуин» сипатын ерекшелеп көрсетуге, басқа сипаттарға қарағанда осы сипатқа көбірек мән беруге тырысты. Ислам әліппесі кітаптарындағы дәстүрлі сауалдардың бірі: «Алла Тағала әуелі нені жаратты?» болып келеді де, оның жауабы төмендегіше өріледі: «Алла Тағала әуелі «кәф» пен «нунды» (арабшадағы «к» және «н» әріптері) жаратты. Одан пайда болғаны – «Кун фа йакун» («Бол» деді, бола қалды»). Сол арқылы дүниедегі барлық зат, жан-жануар, су мен орман, тау мен көл жаралды». Бұл – Алланың «Тәкуин» сипатының қарапайым тілмен түсіндірілген нұсқасы. Ал Абай пайымдауларына назар аударсақ, осы сипат төңірегінде ақидаларды ажырататын түсініктердің бар екендігін ескерсе керек, абыз ақын «Тәкуиннің» жеке сипат екендігіне арнайы тоқталған: «Бірі – тәкуин, яғни «барлыққа келтіруші» деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, Алла Тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзәли, һәм әбәди болады да, һәмише барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші боларға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық Алла Тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі – құдіретіне бір шарх. Бұл ғылым, құдірет екі сипат бірлән сегіз сипат бұзылмастан түгел болады». Абайдың үлкен-кіші замандастары Ыбырай мен Шәкәрім еңбектерінде де «Тәкуин» сипатының жеке-дара аталуы ақида мәселесіндегі қазақы мұсылмандық түсінігінің имам Матуриди көзқарасы негізінде біртұтас арнада қалыптасқанының айғағы деуге болады.

***

Ал имам Матуриди ақидасындағы Алланың заты мен сипаты бір деп білетін (әшғарилерде екеуі екі басқа нәрсе саналады) тұжырымға келсек, Сопы Аллаяр еңбегінің «Алла Тағала сипаттарының баяны» тарауындағы: «Субутидүр аның сәккіз сифаты, Сифаты зати емәс, на ғайри зати» деген бәйітте күллі Орта Азия мұсылмандары ұйыған матуридилік ақиданың жоғарыдағы ұстанымы баяндалған. Яғни бәйітте: «Алла Тағаланың заттық сипаттары затының дәл өзі емес, бірақ затынан бөлек те емес; сипаттары өзінің заты секілді ежелден бар және мәңгі бола бермек» деген ой тұжырымдалған. 

Матуриди ақидасы бойынша Алла Тағала бәрін білуші әрі хикмет иесі болғандықтан, Оның әрбір ісінде хикмет пен себеп бар деп есептеледі. Ал әшғарилер «Алла жасағандарына жауапты емес, сондықтан Оның ісінен себеп іздестірілмейді» дегенді ұстанады. Бұл мәселеге қатысты біздің ұлттық ұстанымымыз қай мәселемен болсын, салыстырғанда анағұрлым айқынырақ деуге болады. Дүниені себептер әлемі ретінде қарап, оны тек тұтастықта таныған қазақ халқы «Құдайсыз қурай сынбайды», «Алланың әмірінсіз пенденің табанына шөңге қадалмайды», «Жазмыштан озмыш жоқ», «Жазым болса, быламыққа тіс сынады», «Болмайын дейді қай кісі, Болдырмайды Тәңірісі», «Берейін деген пендеге Оннан-мұннан құралар, Бермейін деген пенденің Жалғыз атын ұры алар» деп, бар таным-түсінігін бұл орайда да сөз өнеріне сыйғызған. Абайша айтқанда: «Белгілі, Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ыжтиһат ләзім».  Мәселені кеңірек пайымдасақ, орта ғасырларда Орта Азия кеңістігіне хикмет ілімі кеңінен танымал болғанын да атап айтуымыз қажет. Әл-Фарабиден бастау алған «хикма илаһийа» – «тәңірлік даналық» ілімі өз кезінде имам Матуриди көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен болуы ықтимал. Ал осы ілімді түркілік түпнегізбен тығыз байланыстырып «құт әкелуші ілім» деген атпен жалғастырған Жүсіп Баласағұнның, «хикмет ілімі» деп өрнектеген Қожа Ахмет Йасауидің бүкіл Орта Азиялық ақыл-ой кеңістігіндегі орны баршаға танымал. Бұл ілімдер Орта Азияда кеңінен тараған сопылық таныммен тікелей байланысты дамыған болатын. Сопылық танымның бастауында әлем Жаратушысының болмысты себеппен және хикметпен біртұтас етіп жаратқаны, жаратылыстың әр хикметіне қарап, Жаратушыны тану керектігі, себептер әлемі әрі сынақтар алаңы – дүние ғана рухты кемелдендіре алатын мекен екені, кемелдену үшін адам тәніне кіргізілген рухтың негізгі мақсаты өз бастауына – Жаратушымен және жаратылыспен біртұтас болмысына оралуға ұмтылу екендігі жөніндегі түсініктер тұрды. Ортағасырлық өркениетіміздің өзегіне айналған аталмыш ілім түркі халықтары мәдениетінің барлық саласында терең із қалдырды. Діни туындыларда бірегей рухани ілім ретінде, поэзияда «хикмет» жанры аясына топтасқан иләһи жырлар түрінде, прозада «хикмет» атымен танылған даналық нақылдар сипатында жалғасын тапқан бұл ілім өз кезеңінде Орта Азияның ислами әлемін сопылық таныммен ажырамастай тамырластырған болатын.

Осы таным арқылы кең тараған Матуриди ақидасының тағы бір тағылымы «Қиямет күні Алла Тағаланың дидары көріне ме, көрінбей ме?» деген сауалға қатысты болатын. Бұл мәселеде имам Матуриди «Құранда көрсетілгендей, қиямет күні Алланың дидары көрінетініне сену қажет» деп есептейді. Ал үлкен күнә жасаған адамның ақыреттегі жағдайына қатысты сауалға келгенде, имам Матуриди бұл жағдайдың Алланың қалауындағы іс екенін, Алла Тағала өзі қаласа, күнәһар пендесін кешіріп, қаламаса, азаптайтынын пайымдаған. Құран Кәрімде Алла Тағаланың өзіне серік қосушыларды ғана кешірмейтінін ескерткенін негізге алып, ол:«Пенде әрдайым қорқыныш пен үміттің («хауф уа рижа») арасында болуы керек. Кішкентай күнә үшін де жазалануы немесе үлкен күнә жасаса да кешірілуі мүмкін» деп тұжырымдайды. Алланың дидарына және қорқыныш пен үмітке қатысты осы екі тұжырым Орта Азия сопылығының және онымен сабақтасып жатқан бүкіл рухани әлемінің негізгі тұғырларына айналды. Сопылық жолындағылар дүниені де, ақыретті де емес, Алланың дидарын талап еткен жандар ретінде «дидар талап», «дидар ғашық» атанды. Дидар үшін дүнияуи мүдделерді тәрк етіп, нәпсіні тәрбиелеп, рухани кемелдікке қол жеткізу мақсат етілді. Қорқыныш пен үміттің арасында ғұмыр кешу тақуа жандардың иман таразысын теңгеріп тұратын басты халге айналды. Осы негіздер түркі сопылығының негізін салушы діндар ойшыл, ірі ақын Қожа Ахмет Йасауи хикметтері мен трактаттарында толық негізделіп, оның барлық ізбасар шәкірттерінің, бертінде бүкіл қазақ ақын-жырауларының шығармашылығын көктей өтіп жатты. Орта Азия руханиятында өзіндік орны бар екінші бір сопылық тариқат – нақшбандийа өкілдері де осы тектес ілімді ұстанды. Нәтижесінде тәжірибелік тұрғыдан айырмашылықтары болғанымен ақидадағы көзқарастары тоғысып жатқан, Орта Азия руханиятының тарихын жасаған екі тариқат осы өлкеде бірегей рухани танымның қалыптасуына себеп болды.

***

Бертіндегі ұлт зиялыларының ұстанымдарына оралсақ, күнәһарлардың қияметтегі халі мәселесіне келгенде Ыбырай ұстаз да: «Құдай Тағала пенделеріне қанша күнәһар болса да қаһар етуден әрдайым рахым етуге жақынырақ. Оның үшін қанша зор күнәһар болса да пенде Құдай Тағалаға шын жалбарынып, ихласпен тәубе қылса, кешірермін деді» деп жазады. Шәкәрім қажы өз еңбегінің «Тәуба қылмақ, күнәдан тыйылмақ» атты бөлімінде осы ойларды дамыта келіп, тәубаға келген адамның Алланың азабынан қорқып, рахметінен үміт етіп, қорқыныш пен үміт арасында жүретінін айтады. Осы тұста Шәкәрім шығармасынан Матуриди ақидасында негізделген тағы бір мәселе – жан алқымға келгендегі тәубенің қабыл болуы мүмкін (әшғарилерде мұндай тәубе қабыл болмайды делінеді) екендігі жөніндегі тұжырыммен сабақтас пікірлерді де кездестіруге болады. Тәубаның үш түрі бар екенін айта келіп, Шәкәрім: «Күнәні тәубамен жумаса болмайды. Алла Тағаланың рахметі мол екені рас. Күнә яки қай сауапты жоғалтамын десе жоғалтар, бекітемін десе бекітер. Бірақ осыған да тәуба себеп. Алла Тағала дүниеде себепсіз нәрсе жаратқан жоқ. Пендесіне рахым қылмақ үшін ғибадат, дұға, тәубаны бұйырған. Болмаса, ол ғибадаттан Аллаға пайда жоқ. Қылмасаң, Аллаға зиян да жоқ» деп жазады.  

Имам Матуриди ақидасы бойынша, адамда жеке «жузи ирада» (қалау еркіндігі) бар, яғни іс-әрекет жасауда адам баласы ерікті. Ал имам Әшғари көзқарасында«қалау еркіндігі жеке емес, оны Алла жаратады» делінеді. «Агар чандики қоймас еркімізгә, Берібдүр ихтияри жузи бізгә», «Ошанча ихтияри жузидан баз, Тапар бәндә жаза көп қылса я аз», «Харамыдын уале маниғ етті бізні, Берібдүр ихтияри жузимізні» деп жырлаған сопы Аллаяр бәйіттерінде Алланың пендесіне жеке қалау еркін бергендігі, арам мен адалды ажыратып көрсетіп, арамнан тыйғаны, сол қалау еркіне сәйкес өзі жасаған әрекеттері үшін пенде ақыретте аз немесе көп жаза тартатыны баян етілген. Матуриди ақидасына тән бұл ұстанымды Шәкәрім анағұрлым жан- жақты тұжырымдаған: «Адамда түк ерік жоқ болса, пенденің ғибадатына сауап, күнәсына ғазап қылғаны ғаділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, оған біріне жаза (бергені) дұрыс болмайды ғой. Енді осыдан ойласаңыз, Алла Тағала пендеге еріксіз іс қылғызып, ол үшін сауап не жаза қылмайды… Пенде біржолата өзінің ойлаған ісінің бәрін істеп, орнына келтіруге құдіретті емес. Ол ісін орнына келтірмек Алла Тағаладан. Пенде өзінің талабына ғана ерікті болады… (Адам) өз талабына ерікті, со себептен қылған ісіне не сауап, не жаза көреді, бірақ ол іс орнына келсе, пайғамбар жіберіп, ақыл беріп, мархамат қылып, орнына келтірген Аллаға шүкіршілік қыл дегені. Егер жаманшылық орнына келсе, «Алланың тыйғанына болмай, нәпсіме ерген соң, қаһарына жолықтым-ау» деп тоба қыл дегені. «Бәрі Алладан» дегеніміз – «Алла Тағала «болсын» демесе бірде-бірі болмас еді» деген сөз».

Жоғарыда баяндалған қай көзқарасты қарастырсақ та, ақида мәселесіне келгенде ортағасырлық Орта Азия өлкесінде бір-бірімен үзіліссіз, жіксіз байланысып жатқан бірегей таным-түсініктің салтанат құрғанына куә боламыз. Кез келген өркениет біртұтас құндылықтар, біртекті түсініктер, бірыңғай дүниетаным қалыптасқан өлкеде өз деңгейіне көтерілмек. Өркениет өз тұлғасын тудырады, тұлға өз кезегінде өркениетке соны серпін береді. Имам Матуридидің ғибратты ғұмыры мен хикметті ілімі де осындай екі жақты байланыстың – өркениеттен ала білген және өркениетке бере білген тұлғалық тағдырдың жарқын көрінісі. Басқаша айтқанда, қазақ дүниетанымындағы Матуриди ақидасының іздері айқын екенін және Матуриди көзқарастарына Орта Азиялық, соның ішінде қазақы ділдің елеулі әсер еткенін парасатпен пайымдау орынды болмақ. (Соңы)

 

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ

 

Пікірлер Кіру