ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ ӨЛШЕМ БІРЛІКТЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

17 қазан 2024 715 0
Оқу режимі

Бір мысқал – 5 грамм шамасындағы ауырлық.

Бір сəрі – 10 мысқал ауырлық.

Бір қадақ – 400 грамм мөлшеріндегі ауырлық.

Бір пұт – 16 килограмм ауырлық.

Бір қап – 60 килограмға жуық ауырлық.

Бір батпан – 160 килограмм ауырлық.

Бір елі – бір жарым сантиметр мөлшеріндегі қалыңдық (ұзындық).

Бір тұтам – 7–10 сантиметр шамасындағы ұзындық.

Бір сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың ашқандағы аралығы, яғни, 15–18 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Сынық сүйем – басбармақты жазып, сұқ саусақты бүгіп, ашқандағы аралық, яғни 10–13 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір қарыс – алақанды толық жазғандағы басбармақ пен шынашақтың аралығы, яғни, 20–25 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір құлаш – екі қолды екі жаққа жайғандағы ара қашықтығы, яғни, бір жарым да екі жарым метр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір табан – 20–28 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір адым – жүрген кездегі екі аяқтың аттау (басу) қашықтығы, яғни 10–60 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір аттам – аяқты созып бір аттаған аралық 50–80 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір шымшым – басбармақ пен сұқ саусақ арқылы қысып алған зат. Ол қысып алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше грамм, тіпті, бірнеше мысқал болуы да мүмкін.

Бір шөкім – төрт саусақтың ұшымен бір рет қысып алған зат. Ол қысып алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше он грамм, тіпті, мысқал болуы да мүмкін.

Бір уыс – бес саусақты ашып, алақанмен бір-ақ уыстап алған зат. Ол уыстап алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше жүз грамм, тіпті, бірнеше килограмм шығуы да мүмкін.

Бір асым ет – бір отбасының бір жолғы тамақтануына (асып жеуіне) толық жетерлік ет. (3–5 килограмм мөлшерінде).

Бір қайнатым шай – бір отбасының бір рет қайнатып ішуіне жетерлік шай.

Бір салым тұз – бір үйлі жанның бір жолғы тамағына жетерлік тұз.

Бір жапырақ нан – бір нанның белгілі бір бөлегі, яғни, жапырақтай нан.

Бір жұтым су – бір рет жұтып, сусын қандыралық су.

Бір ұрттам су – бір ұрттам, таңдай жібітерлік қана су. 

Бір кез – 70 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.

Бір аршын – 71 сантиметр айналасындағы ұзындық.

Бір шақырым – 1000 метр қашықтық.

Əудем жер – 100–150 метр мөлшеріндегі жер.

Қозы көш жер – 3–4 километр шамасындағы жер.

Тай шаптырым жер – 2–3 километр шамасындағы жер.

Құнан шаптырым жер – 4–5 километр мөлшеріндегі жер.

Ат шаптырым жер – 6–7 километр мөлшеріндегі жер.

Сəскелік жер – 10–12 километр мөлшеріндегі жер.

Түстік жер – 15–20 километр мөлшеріндегі жер.

Көш жер – 20–30 километр мөлшеріндегі жер.

Күндік жер – 40–60 километр мөлшеріндегі жер.

Ит өлген жер – өте ұзақ, алыс жер.

Айлық жер – бір ай жүргенде жететін жер.

Жылдық жер – бір жылда жететін жер.

 

 Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру