Қиянат көзбен де жасалады

21 маусым 2019 10492 0
Оқу режимі

Қиянат дегеніміз – жаман қасиеттерден саналатын опасыздық пен сатқындық. Тапсырылған аманатқа шынайылықпен қарамай зиян тигізу. Рағиб әл-Исфаханидің айтуынша, «Қиянат пен екіжүзділік бір нәрсе. Айырмашылығы қиянат – аманат пен антқа шынайылық танытпау, ал екіжүзділік дінге шынайылық танытпау»[1].

Өзгелер қиянатшыл адамды ешуақытта жақтырмаған. Қай заманда, қай елде болмасын, қиянатшылдық дұрыс қабылданған іс емес. Қиянатшыл адам ең бірінші өзінің жаратылыс табиғатын бұзып, өзгенің ол адамға сенуі былай тұрсын, өзіне-өзі сенбейтін хәлге келеді.  Әйгілі ғұлама имам ән-Нәуәуи: «Қиянат әрбір істе жаман, отбасыңа қиянат жасау – мал-дүниеңе қиянат жасаудан бетер», – деп қатты жазғырған. Адамгершілікке жат бұл сипат арлы-абыройлы мұсылманға тән еместігін алға тартып, үлкен күнәдан санаған. Сондықтан да қиянатшыл адамды мұсылманшылықтан аулақ екіжүзді деп бағалап, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Екіжүздінің үш белгісі бар; Сөйлесе – өтірік сөйлейді, берген уәдесін бұзады және аманатқа қиянат жасайды»[2] деген хадисін келтіреді.

Шариғат бойынша бейхабар адамның артынан жасалған әрбір іс немесе айтылған сөз қиянат деп белгіленген. Имам Қуртуби қиянатқа «қулық, айла әрі жасырын іс» деп анықтама береді. Артынша сөзіне дәйек ретінде Құранның «Алла, көздің қиянаты мен көкейдегі қулықты біледі»[3] деген аятты келтірген.

Қас-көзбен жасалатын қиянатқа мына оқиға керемет дәлел болса керек.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккені алған жылы дұшпандықта шектен шыққан алты кісінің атын атап, түсін түстеп, «бұл адамдарды қай жерде көрсеңдер, сол жерде өлтіріңдер» деп бұйырады. Аты аталғандардың бірі – Абдуллаһ ибн әби Сарх, Османның (р.а.) көкесі болатын.

Осман көкесін ертіп келіп пайғамбардан (с.ғ.с.) кешірім сұраған уақытында жерге қарап біраз уақыт үндемей тұрып қалғанымен, соңынан кешірім береді. Олар кеткен соң жанындағыларға: «Араларыңда орнынан тұрып, оның басын алатын ешкім болмады ма?» – дейді. Сонда бірі: «Уа, Алланың елшісі! Көзіңізбен бір ишара жасасаңыз, ісін бітірер едік қой», – дейді. Сонда Алланың елшісі: «Пайғамбарлар көзбен қиянат жасамайды»[4], – деген екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы бір оқиғасынан «ұсталған жерде өлтірілсін» деп жарлық шығарылып қойған адамы алдына келгенде ымдап, ишара жасауды қиянат санатына жатқызғандығын көреміз. Ал, кейбір ғалымдарымыз жоғарыдағы аятты тәпсірлей келе, қарамауы керек болған жерлерге назар салуды әрі өзге әйелдерге сұқтана қарауды да көздің қиянаты деп есептеген.

Ғазиз Ахмет


[1] Рағиб әл-Әсфаһани, Муфрадат Әлфазул-Қуран, 305 бет
[2] Бухари, 33. Муслим, 59.
[3] «Ғафир» сүресі
[4] Қуртуби, әл-Жәмиғ ли Ахкамил-қуран, Ғафир сүресі, 19 аят тәпсірі.

Пікірлер Кіру