«ҚОҒАМДА УӘДЕ ЖОЙЫЛМАУЫ ҮШІН ӨЗІМДІ ӨЛІМГЕ ӘКЕЛДІМ…»

03 қаңтар 2023 4218 0
Оқу режимі

Омар (Алла оған разы болсын) халифа болған кезінде екі жігіт бір адамды жетектеп Омардың алдына алып келіп:

 – Ей, мұсылмандардың әміршісі, бұл адам біздің әкемізді өлтірді, -  дейді. Сонда Омар:

– Шынымен олардың әкесін өлтірдің бе? - деп анығын сұрайды.

– Иә, өлтірдім, - деп жауап береді әлгі адам.

–  Қалай өлтірдің?

– Бұлардың әкесі түйесімен менің жеріме кіріп кетті, ескерттім бірақ ескертуіме құлақ аспады, сосын тас жіберіп едім, басына тиіп өліп кетті, алайда оны өлтірейін деген ойым болмап еді…

Жаны ашыса да, әділеттілік орын алуы үшін:

– Онда бұл жерде өлген кісінің балалары қасас қылады, саған өлім жазасы, - дейді Омар .

– Менің жанұяма деп жасырған аз дүнием бар еді соны жанұяма табыстайын, жақындарыммен қоштасайын. Үш күн мұрсат бер, қайтып келемін, олай жасамасам жанұям аштан өледі, - дейді әлгі адам ағынан жарылып.

Сол кезде Омар қалың көпшілікке қарап:

– Араларыңда бұған кепіл болатын бар ма? - дейді. Адамдардың ешқайсы жауап қатпайды, өйткені оны ешкім танымайтын еді. Кейін ол өлген кісінің балаларына бұрылып:

– Мүмкін кешірерсіңдер? - дейді. Олар:

– Әкемізді өлтірген адам өлуі керек, - деп кешірмей қояды.

Кейін ол адамдарға бұрылып тағы сұрайды:

– Кім кепіл болады, бала-шағасы аштан өлетін болды ғой, - дейді. Сонда қалың топтың ішінен Әбу Зар тұрып:

– Мен кепіл боламын, - дейді. Таңқалған көпшіліктің көкейіндегі сұрақты Омар халифа қояды:

– Сен оны білесің бе?.

– Жоқ білмеймін.

–  Сен өлімге кепіл болып тұрғаныңды білесің бе?

– Иә, білемін. Дегенмен, оның бойында имандылық белгілерін байқап тұрмын, Алла сүйген құлына жәрдемші болады, - деді Әбу Зар.

Үш күннен кейін келісілгендей барлық адам жиналады, өлген кісінің балалары да, Әбу Зар да бар еді. Дегенмен, кінәлі адам келмеді. Ақшам намазының уақыты жақындағанда ғана төбеден бір адамның қарасы көрінеді. Сол жердегі адамдар әлгі  кісінің уәдесінде тұрғанына таңқалып, риза болады.

Кепіл болған Әбу Зарды өлтіріп қоймады ма деп асыға жеткен әлгі адам:

– Тұрғылықты жерім алыс болғаннан кейін кешіктім, балаларыма бүкіл дүниені табыс еттім, міне енді өлімге даярмын, - дейді. Сенімге беріктігін көрген өмірден өткен адамның балалары «біз кешірдік» дейді. Сол жерде барша мұсылмандар қуанып көздеріне жас алады.

Омар өлім жазасы берілген адамнан:

– Сені өлімге кестік, сен өлетініңді біле тұра осында келдің, себебі не? - дейді. Ол:

–  Мен сертімде тұрмасам, кейін мұсылмандардың арасында уәде жойыла ма деп қорықтым, сол үшін келдім, - дейді. Кейін Омар Әбу Зарға бұрылып:

–  Сен бұл адамды танымасаң да кепіл болдың, оның себебі не? - дейді.

–  Мен кейін мұсылмандарың арасында бауырмашылық, тақуалық әлсірей ме деп қорыққаннан кепіл болдым, - дейді. Омар әкесі өлген адамның балаларынан:

– Сендердің әкелеріңді өлтірді. Сендер не себептен кешірім жасадыңдар? – деп сұрағанда, олар:

– Егер кешірмесек, мұсылмандардың арасында мейірімділік жойыла ма деп қорықтық, сол себепті кешірдік, - дейді.

Көріп отырғанымыздай сенімділік, уәдеде тұрушылық және жасалған келісімдерге адал болу жеке әрі қоғамдық өмірдің негізгі тіректерінің бірі. Қоғамның тыныштығы әрбір қоғам мүшесінің сенімді болуына, берген сөзінде тұруына және жасаған келісімдеріне адал болуына байланысты.

Қасиетті Құран Кәрімде де:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَوْفُواْ بِالْعُقُودِ

«Ей, иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар»[1], – деп бұйырады. Ал, осы бұйрығына бойұсынып, уәдесін тұтқан жандарды төмендегідей ең әдемі сипаттармен баяндайды:

 

وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُواْ وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاء والضَّرَّاء وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَـئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَـئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

«Уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»[2];

بَلَى مَنْ أَوْفَى بِعَهْدِهِ وَاتَّقَى فَإِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَّقِينَ

«Олай емес! Кім өз уәдесін орындаса, Алладан қорықса, расында Алла тақуаларды жақсы көреді»[3];

وَالَّذِينَ هُمْ لأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

«Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы»[4];

اَلَّذِينَ يُوفُونَ بِعَهْدِ اللَّهِ وَلاَ يَنقُضُونَ الْمِيثَاقَ

«Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар»[5].

Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде:

وَلَيْسُوا كَالْمُنَافِقِينَ الَّذِينَ إِذَا عَاهَدَ أَحَدُهُمْ غَدَرَ، وَ إِذَا خَاصَمَ فَجَرَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَ إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

«Олар – уәдесінде тұрмай, опасыздық қылатын, ренжісіп қалса, кек сақтайтын, сөйлеген кезде өтірік айтатын, аманатқа қиянат жасайтын мұнафықтар (екіжүзділер) секілді емес!» – деп айтады.

Байқағанымыздай, уәдеге беріктік шынайы мұсылман жанның бойынан табылуға тиісті асыл қасиеттердің бірі болып табылады. Көркем мінездің кемеңгері атанған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәл осы уәдеге берік болудың адам мінезін көріктендіре түсумен қатар, жәннатқа жетелейтінін жеткізеді:

 اِضْمَنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَضْمَنْ لَكُمْ الْجَنَّةَ

«Маған өздеріңнен мына алты нарсенi уәде етсеңдер, Мен де сендерге жәннатқа кiруге кепiлдiк беремiн!»

1. اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ Сөйлеген кездерiңде турашыл болыңдар;

2. وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ  Уәде берген кезде сөзде тұрыңдар;

3. وَأَدُّوا إِذَا اؤْتُمِنْتُمْ  Аманатқа сенімді болыңдар;

4. وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;

5. وَغُضُّوا أَبْصَارَكُمْ  Көздерiңдi харамнан сақтаңдар;

6. وَكُفُّوا أَيْدِيَكُمْ  Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар[6].

Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған.

Халқымыздың «Ердің екі сөйлегені – өлгені» деп, өтірік айтып, жалған сөйлеуден тыйғаны да мұсылманшылық міндетін терең ұғынып, тура жолдан таймағанының белгісі емес пе?! Ендеше, екі дүниеде бақытқа жеткізер осы бір қасиетті Алла Тағала  бойымызға сіңіріп, уәдемізге берік болуды нәсіп еткей!

_______________________

[1] «Мәйда» сүресі, 1-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 177-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 76-аят.
[4] «Муминун» сүресі, 8-аят.
[5] «Рағыд» сүресі, 20-аят.
[6] Имам Ахмад риуаят етті.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру