ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖҮСІБІМ! (ҒАШЫҚТАР ХИКАЯСЫ)

10 наурыз 2022 7440 0
Оқу режимі

Жүсіп әке-шешесінің жалғызы ғана еді. Отбасында одан басқа бала жоқ. Сондықтан да әке-шешесі бар күш-жігерін Жүсіптің жақсы тәрбие алуы үшін жұмсайтын.

Жүсіп Имам-Хатип мектебінің оқушысы... Оның бұрыннан бері ұнататын бір қызы бар. Есімі – Аяулым. Аяулым сыныптың ең инабатты қызы. Албырт жүзін үнемі жерден алмайды. Басын көтеріп жан-жағына алақ-жұлақ қарау – ол үшін жат. Тіпті үзіліс кезінде де сыныптан шықпай, үнемі үйінен өзімен бірге ала келген кітаптан бас алмайды.

Аяулымды ұнататын Жүсіп сабақ кезінде ылғи оған ұрлана қарайтын. Ол болса көзінің қиығымен де Жүсіпке «жауап қатқан» емес. Жүсіптің өзіне деген ыстық ілтипатын байқайтын да емес. Әйтпесе, Жүсіп сыныбының ғана емес, мектебінің ең көрікті оқушысы. Өзге қыздар онымен дос болу үшін жанын салатын. Бірақ, дініне берік Жүсіп зинаға жақындаудан қорқып, өз-өзін олардан ұзақ ұстайтын. Десек те, қанша тырысса да Аяулымға келгенде оның бұл тағаты таусылатын... Аяулымға ұрлана қараймын деп көз зинасына жол беретін. Осылайша ерік-жігерін нәпсісіне жеңдіріп қоя беретін...

Жүсіп бүгін бар күш-жігерін бойына жинап, Аяулымға бойында булыққан бар сезімін жайып салуға бел буды. Әркімнің бір-бір сүйіктісі бар... Жүсіптің де бір сүйіктісі болуы керек емес пе? Оның өзгелерден несі кем?..

Араб тілі сабағы... Жүсіп сабақ соңында Аяулымға деген сезімін білдіретін болды. Бір кезде... кітабының арасындағы бір парақты көзі шалды. Жазулы тұрған Пайғамбарымыздың ﷺ хадисі еді...

«Ғашықтығын жасырып, ар-ұят, абыройын сақтап, сабыр қылғанның Алла күнәларын кешіріп, Жәннатына кіргізеді» (Ибн Асакир).

Қайдан келген қағаз бұл?.. Біреу тура Жүсіптің жан-дүниесін оқып қойғандай... Санасы – санға, ойы онға бөлінді. Хадис әрі арапша, әрі түрікше жазылған. Хадисті оқып, ой тұңғиығына батты. Аяулымға сезімін айтамын деген ойынан қайтып қалды.

Ертеңгі күн... Тағы да араб тілі сабағы... Жүсіп нәпсісімен алысып әлек... Ішкі сезім сыртқа шықпайынша тыныштық берер емес. Кітаптарының арасынан тағы да бір параққа көзі түсті. Тағы да бір хадис:

«Үмбетімнің ең мәртебелісі – ғашықтық дертіне түскенде абыройын сақтағаны» (Дәйләми).

Түсінді... Бұл хадистерді біреу әдейі жазып кетіп жүр. Бірақ кім?.. Сол сәтте ұстазының көзіне көзі түйісті. Ұстазы күлімсіреп езу тартты. Жүсіп басын төмен иді. Бұл парақтарды ұстазы тастап кетсе керек. Себебі, Жүсіптің Аяулымға қараған «ұры назарының» талайдан бергі куәгері еді. Жазу да –ұстазының жазуына ұқсайды. Жүсіп қызарып кетті. Аяулымға деген сезімін айтудан тағы да бас тартты.

Арада бір апта өтті...

Сыныптың ішін гу-гу әңгіме кезіп кетті. «Аяулыммен бірге мектепке келіп жүрген баланы көрдіңдер ма? «Үндемегеннен үйдей...» деген осы болар. Сүйіктісі, ғашығы бар боп шықты!». Жүсіптің төбесінен жай түскендей болды. Аяулымның оған жар бола алмайтынын түсінді. Салы суға кетті. Қиял құсы қолға қонбастай ұшып кетті. Аяулымнан енді күдер үзуден басқа шара жоқ.

Келесі күні кітабының арасынан тағы бір жазуы бар қағаз шықты. Бұл жолғысы Құран аяты еді...

«Мұны естігенде ер және әйел мүминдер діндестері үшін қайыр ойлап: «Бұл бір ап-анық өсек», – деулері керек емес пе еді?» (Нұр сүресі, 12-аят).

Бұл аят Жүсіпті терең ойға сүңгітті. Бұны қалай түсінсе болады?.. Жүсіптің ойына бірден Аяулым келді... Және кешегі гу-гу әңгімелер!..

Мектептің шыға берісінде кешегі бала тағы да Аяулымды күтіп тұр. Мұны Жүсіп сырттан бақылауда. Аяулым әлгі балаға жақындап келді де: «Ағажан, сәл күте тұрасыз ба? Сыныпта кітабымды ұмытып кетіппін», – деді де мектепке қайта кіріп кетті...

Ағажан?.. Демек, сүйіктісі деп жүргендері Аяулымның ағасы боп шықты ғой. Жүсіптің санасында Құран аяты жаңғырды... Жаман ойға бой алдырып, күмәннан күнәға барғаны үшін іштей тәубе етті.

Одан кейін де Жүсіп ара-тұра кітабының арасынан аят-хадис жазылған қағаздар тауып жүрді... Бұл үшін өзін ұстазына борыштар санайтын... Себебі, ылғи шалыс басатын сәттерде ескертетін.

Арада тағы да бір ай өтті.

Сыныпты бір мұң басқан еді. Себебі, Жүсіпті әкесі қала сыртындағы бір медресе беретін болды. Сондықтан бүгін Жүсіптің бұл мектептегі соңғы күні. Мектептен кеткеніне емес, Аялуымды енді көре алмайтынына қайғылы еді.

Жүсіп ілім үйренудің ғашықтықтан да мәртебелі екенін әлі сезіне қоймаған болатын. Себебі, тұла бойын шырмап алған ғашықтық сезім бұған мұрсат та бермеген еді. Тіпті, әкесіне де іштей ашулы. Медресеге де барғысы жоқ...

Бәрімен қош айтысты... Сыныптан шығу үшін жинала бастады. Кітаптарын сөмкесіне сала бергені сол еді тағы бір жапырақ қағазға көзі түсті. Бұл жолы мына аятты оқыды:

«Сендер жақтырмаған істерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін, ал қайырлы деп білген істерің зиянды боп шығуы мүмкін. Ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін сендер білмейсіңдер, Алла біледі!» (Бақара сүресі, 216-аят).

Бұл аят Жүсіпті сабасына түсірді. Иә, мұнда да бір қайыр бар еді... Жасқа толы жанарын ешкімге көрсетпестен жүзін төмен салып Жүсіп сыныптан шығып кетті.  

Жүсіптің қала сыртындағы медреседегі өмірі басталды. Ұстаздары алғашқы күннен бастап-ақ Жүсіптің әдептілігі мен үлкендерге деген құрметіне сүйсінген еді.

Әркім оған болашағынан үміт күттіретін оқушы, болашақтың үлкен ұстазы ретінде қарайтын. Ал Жүсіптің іші алай-дүлей еді. Аяулымнан айрылып қалу оған оңайға соқпады. Бірақ, қайтсе де төзуі керек. Әлбетте, Алланың бір білгені бар.

Арада бес жыл да өте шықты.

Ұстазы Жүсіпті өзіне шақырды...

Жүсіп! Сен осы уақытқа дейін көрген ең озат шәкіртімсің! Бірнеше айдан кейін ілім айдынына қанат қаққалы отырсың. Үйленетін шағың да келді... Біздің бір ағамыздың қызы бар еді. Құран курсында ұстаз. Сол қызды саған лайық деп білдік. Бұған не дерсің?..

Жүсіп Аяулымнан басқасын қиялына да алып көрген емес еді... Бірақ, Аяулымы бұны күтсін бе, бәлкім баяғыда тұрмыс құрып кеткен болар... Жүсіптің ұстаздарына деген жібектей жұмсақ көңілі сөзін жерге тастатқызуға жол бермеді:

– Сіз не десеңіз, солай болсын, ұстазым! Ата-анама бір ескертейін... – деді Жүсіп.

Ата-анасы бұған разылықтарын танытып, барлығы қыздың қолын сұрауға барды... Бір жағы Жүсіптің жүрегі қан жылауда еді. Үйленетін қызды сүйе алмаса, оның хақын жүктеген болады ғой. Осыны ойлап, ішін ит тырнағандай болды...

Сөз алысып, танысып-біліскеннен кейін кезек қыздың кофе ұсыну кәдесіне келді. Бөлмеге айдай нұрын төгіп бір сұлу кірді... Жүсіптің Аяулымды қиялдағаны сонша, келген қыз да оның көзіне Аяулым боп көрінді...

Жоқ, жоқ..! Аяулым боп көрінген жоқ... Бұл... Аяулымның нақ өзі еді...

– Мына сәйкестікті көрмейсің бе?.. Иә, Раббым! – деді Жүсіп. – Демек, Аяулым мектепті бітіріп, ұстаз болған екен ғой...

Жүсіп өз-өзін әрең ұстап отыр. Бір орында байыз табар емес. Өзіне ұсынылған кофені аларда қолы дірілдеп өз-өзіне ие болар емес. Кофені табақтан көтере беріп еді, астынан тілдей бір қағаз көрді. Аяулымның жүзіне қарады. Аяулым да жүзін көтерместен басымен «Ал!» дегендей ишарат қылды.

Қағазды уысына қысып, кофесін бітіре салып, тысқа шығып келуге рұқсат сұрады. Бөлмеден шығар-шықпас уысындағы қағазды ашты... Мектепте кітаптарының арасынан шығатын қағаздағы жазудан аумайтын жазумен жазылған бір хадис:

«Бір-бірін сүйгендер үшін некеден асқан жақсы нәрсе жоқ» (Ибн Мәжә).

Жүсіп қайран қалды. Таңданысында шек жоқ еді... Барлық жазудың иесі Аяулым боп шықты. Жүсіп аңғарып қоймасын деп ылғи араб тілі сабағында және мұғалімнің жазуына ұқсатып жазып келген екен.

Жүсіп хадисті тағы бір оқыды... «Бір-бірін сүйгендер...». Демек, Аяулым да оны сүйген екен. Міне, қаншама жылдан бергі қауышудың уақыты енді ғана келген екен.

Қызға сырға салғаннан кейін тойдың да күні келіп жетті... Қарапайым ғана той өтті. Той біткен соң Жүсіптің қобалжуы тіпті артты. Қобалжығаннан бір жерде тұра алмады. Қолын қалтасына бір салып, бір алып тұрғанда, қолы қалтасындағы тағы да бір қағазға ілікті. Тағы да бір хадис:

«Үйленіңдер, көбейіңдер...» (Бәйхаки).

Аяулымның бұл тосын сыйлары Жүсіпті өзіне одан сайын байлай түсті... Ғашықтығы барған сайын арта түсті...

Отау тігілді, шаңырақ көтерілді...

Жүсіп үйдің әр жерінен өзіне арналған аят пен хадистерді табуды жалғастыра берді. Аяулым отбасылық өмірге қатысты, әйелдің күйеуі, күйеуінің әйелі алдындағы міндеті жайлы, ата-ана қақысы жайындағы аяттар мен хадистерді әр жерге, әр бұрышқа жазып қоя берді. Және бұл жазғандарының барлығы бастарына туған жағдайға тура келетін.

Үш айдан кейін...

Жүсіп шәкірттерін оқытып, медреседен үйіне келді. Сырт киімін шешіп, киім ілгішке іле бергені сол еді, тағы бір қағазға көзі түсті:

«Сәбидің иісі – Жәннаттың иісі!» (Табарани).

Бұл «әке боласыз» деген сүйінші еді... «Уа, Раббым!» деп қуаныштан айқайлап жіберді...

Аяулым өзгелер секілді «бала көтердім» деп естіртудің орнына бұл жақсы хабарды да бұрынғы әдетінше хадиспен сүйіншіледі. Бұл хабардан қуанышы қойнына сыймай, дереу сүйіктісінің жанына жүгіріп барып, маңдайынан өпті. Сүйіктісі енді баласының анасы болмақ...

Бір ай өткен соң...

Ұйқыдан көзін ашқан Жүсіп жастығынан тағы бір жазу тапты. Хадис еді...

«Ләзаттарды жоятын, ауыздың дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді жиі еске алыңдар» (Ибн Хиббан).

Не үшін жазды екен бұны Аяулым?.. Жүсіпті дүние сүйіспеншілігіне батты деп ойлады ме екен?..

Ас үйде таңғы ас әзірлеп жатқан сүйіктісінің жанына барды... Жазудың себебін сұрады...

Басын төмен салбыратқан Аялуымның көңілінен қаяу көрді.

– Бүгін түсімде сенің о дүниеге аттанғаныңды көрдім. Сол үшін осы хадисті жазғым келді...

– Алаңдама, саған кеш қол жеткіздім, сондықтан сені ерте тастап кетпеймін, – деді Жүсіп...

Бұл сөзін әйелінің жұбанышы үшін айтқан еді... Әйтпесе, Аяулымның бұл түсі төбесіне мұздай су төгіп жібергендей өне бойын шымырлатып жіберген еді. Тек, сөзін әзілге айналдырып, мұнысын сездірмеді.

Бір апта өткен соң...

Аяулым Құран курсында еді... Жүсіп болса, үйде кітап оқып отыр. Бір кезде жүрегіне шаншу қадалды... Тынысы тарылды... Жүрек талмасы ұстады.

Оқып отырған кітабының арасындағы қағазды қолына алуға тырысты... Ақыры бірнеше минуттан кейін бұл дүниемен қош айтысып, жүріп кете берді.

Аяулым үйге кіріп, Жүсіптің өлі денесін көре есінен танды...

Есін жиып, егіле жылап, жарының жанына барды... Сүйіктісіне қол тигізе алар емес. Өлді дегенге сенгісі жоқ...

Сол кезде қолындағы қағазына көзі түсті.

Хадис пен оның астында бір жазу бар еді...

«Балалға жақсы ат қою әкенің міндеті...» (Бәйхаки).

Ұлым туса – Жүсіп, қызым туса – Фатима қой есімін...»

Жүсіп өлімге қатысты хадисті оқығаннан кейін ажалы жақындағанын іштей сезіп, осы хадисті жазып, кітабының арасына дайындап салып қойған екен.

Аяулым үшін енді Жүсіп жоқ еді...

Жүсіптен айрылғаннан кейін Аяулымның ата-анасы қанша төркініне алып кетеміз десе де, атасы мен енесінің жанынан айрылмады. Себебі, Жүсіп олардың жалғыз ғана ұлдары еді.

Аяулым кетіп қалса, қайғы үстіне қайғы жамылып, жығылғанға жұдырық болар еді. Оның үстінде Аяулымның бойында немерелері бар еді.

Алты ай өткен соң...

Жүсіптің ұлы дүние есігін ашты. Тура Жүсіптей сүйкімді еді... Атасы немересін құшағына алды... Құлағына азанын шақырды... Сөйтті де көзі жасқа толып, булыққан үнмен ақырын ғана:

Қош келдің, ұлым...
Қош келдің немерем...
Қош келдің екінші Жүсібім...
Жүсібім... – деп әкеден аманат болған есімін берді...

Шығарманың түпнұсқасында Жүсіп – Yusuf, Аяулым – Sevgi деп келген. Тілге жатық, көңілге қонымды оқылсын деп осылай алмастыруды жөн көрдім.

Мензиле Еминоғлұ
Тәржімалаған – Салтан САЙРАНҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру