ҚҰЛЖАБАЙ СӨЗДЕРІ

20 тамыз 2024 1330 0
Оқу режимі

Құлжабай Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүзді аралап келе жатса, жолайы кез болған бір жас атынан түсіп, қол қусырып сәлем беріп, амандық сұрасыпты.

- Балам, қай ауылдікісің, атың кім? – дейді Құлжабай.

- Смайыл ауылынан, атым – Жұман, Жолды баласымын. Арғынның атақты биі біздің ауылға беттеп келеді дегенді естіп, сіздің алдыңыздан шығып қарсы алып, үйге апарып қонақасы беріп, батаңызды алмақ едім.

- Е, балам, талабың дұрыс, бірақ келін би ме, әлде өзің бисің бе?

- Өзім?

- Онда баста, – депті Құлжабай.

Қонағын қарсы алмақ боп озыңқырап үйіне жеткен Жұман:

- Қатын, көрпе сал, мал соямын, қазан ас! Арғынның атақты шешені

Құлжабайды үйге шақырып келдім, батасын алайық, – депті.

- Өй, қойшы! Кір жуудан қолым тиетін емес, далада қаңғып жүрген шалды әулие қылмай, жоғалсын әрі. Кісі күтетін жайым жоқ, – депті қатыны. Жұман еркектік көрсетіп, байқап көреді, көнетін қатыны болмайды. Олай дейді, былай дейді, үйдің іші азан-қазан, ың-жың болып жатқанда үй сыртына Құлжабайда жетіпті. Бәрін естіп тұрып «Жұман-ау, Жұман» деп дауыстаған соң, алқам-салқам болып, төсі аңқиған Жұманға Құлжабай:

Атаң жақсы болса – ел тұрағы,

Ердің аты жақсы болса – өз пырағы.

Қатының жақсы болса – мейманыңның тұрағы,

Балаң жақсы болса – дүниенің шырағы.

Аты жоқтың атасының құны кетеді,

Баласы жоқтың назы кетеді,

Қатыны жаманның мейманы кетеді,

Хош-сау бол! – деп жөніне кетіпті.

 

***

Досбол би ел аралап жүріп, жолда Құлжабай биге жолығыпты. Жөн сұраспай:

Қопа деген жерден шықтым,

Арғын деген елден шықтым.

Тосын деген жерге барамын,

Қазыбек деген ерге барамын, – депті.

Сонда Құлжабай:

Тосын деген жерден шықтым,

Ғалым деген байдан шықтым,

Ағып жатқан майдан шықтым.

Оңбаған, қара қыпшақ өзің қайдан шықтың? – депті.

Сөйтіп, екеуі танысып жүріп кетіпті.

 

***

Досбол датқа ел аралап жүріп Құлжабайдың ауылына келіп, үйіне түсіп, қона жатып әңгімелесіп дидарласыпты. Бір күні ұзақ әңгімеден кейін салған төсекке жатайын деп шешіне бастағанда Досбол өзіне күбірлеп:

Сағат деген немене?

Ағат деген немене?

Қызық деген немене?

Шыжық деген немене? –

дегенін Құлжабайдың құлағы шалып қалып, айтқан екен:

Жақсыменен сөйлессең,

Сағат емей немене.

Жаман менен сөйлессең,

Ағат емей немене.

Жақсы қатын алғаның,

Қызық емей немене.

Жаман қатын алғаның,

Шыжық емей немене.

 

***

Шегеннің Қазыбегі қартайған Құлжабай биден: «Кәрілікке не ем?» деп сұрағанда, ол:

Кәрілікке сүйемел төрт нәрсе.

Бірінші – ішіп-жейтін ырыздығы.

Екінші – күтушісі.

Үшінші – таза киімі.

Төртінші – жұмсақ төсегі болсын.

Осы төртеуі кәрі өмірдің шипасы, - деген екен.

 

***

Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ,

Бармақтай-ақ қарасы.

Оқтан жылдам ажал жоқ,

Тырнақтай-ақ жарасы.

Көңілің қалса жақынға,

Алыстығын айтайын –

Жер мен көктің арасы.

 

***

Қайырлы байдың белгісі,

Айдын шалқар көлмен тең.

Қайырсыз байдың белгісі,

Жапандағы шөлмен тең.

Қас жақсының белгісі,

Қазулы жатқан жолмен тең.

Қас жаманның белгісі,

Мал жуымас жермен тең.

Жаман болса ұл балаң,

Көзге күйік, жынмен тең.

Жақсы болса қыз балаң,

Қыз да болса ұлмен тең.

Жақсы болса қатының,

Күлімдеген күнмен тең.

Жаман болса қатының,

Үй артында жаумен тең.

От басынан шу кетпес,

Қаңтарда қатқан мұзбен тең.

 

***

Батыр емей немене,

Жауды жапырып басқан жігіт.

Қорқақ емей немене,

Жау дегенде сасқан жігіт.

Жасық емей немене,

Майдан жерден қашқан жігіт.

Байды бай деп пысқырмас,

Еңбегімен асқан жігіт.

 

***

Адам жоқ бұл дүниеде өлем деген,

Қараңғы тар лақатты көрем деген.

Басқан із, көрген қызық бәрі қалып,

Басыңнан өтер дәурен көлеңдеген.

Жүйріктің бабын тапсаң шаппай қалмас,

Жыланға жақындасаң шақпай қалмас.

Құл құтырса құмға да қармақ салад,

Ит құтырса иесін қаппай қалмас.

 

***

Құлжабай бидің баласы Қуанбай би болыпты. Бірақ оны халық жақтырмайды. Сонда Құлжабайдың баласына айтқан сөзі.

Қара арғымақ арыса,

Қарға адым жер мұң болар.

Қара биің қартайса ішінде,

Жастығына зар болар.

Хан азғаны ішінде,

Парасыз айтқан билігі,

Қара қылды қақ жарып,

Екі жұртың жын болар.

Қозы бұты, қой саны,

Үй арасы дауына,

Атқа мініп аралар,

Өтірікпен қаралар.

Халық көңілін жаралар,

Қосшылары пара алар.

Әділ билік айта алмай,

Шулаған арты шаң болар.

Бала-қатын біледі,

Іздегені заң болар.

 

***

Жаманға ісің салма сағың сынар,

Өгізді өрге салма қанатың талар.

Ел билейтін жігіттің –

Етек-жеңі кең болар.

Қошқар болар тоқтының

Тұмсықтары дөң болар.

Диханшы болсаң қос өгізің тең болар.

Ақылың Аплатондай болсаңдағы

Жақсыларың алдында бірер ауыз сөзің кем болар.

Ел азса жақсысы кетіп жаманы қалады,

Көл азса қараны кетіп табаны қалады.

Қопа азса басқасы кетіп қабаны қалады.

Ағайының жаман болса арманың кетеді,

Атың шабан болса сабай-сабай дәрменің кетеді.

Қатының жаман болса жиғаның кетеді,

Тәуекелің жоқ болса иманың кетеді.

Басыңнан бақыт кетсе –

Екі үйіңінің бірі, егізіңнің сыңары кетеді.

Бақытың қайта қонса –

Кеткен иттерің есігіңнен қарап жылмаң етеді.

 

***

Жағалбайлы Дөненше би ел арасындағы бір шаруалармен Шеген бидің үйіне келіпті. Оны Шегеннің әйелі Айған ұнатпай сөйлей бастайды. Мұның бәрін үй сыртына естіп келген Дөненше үйге кіріп отырғаннан кейін:

- Шеген деген қатыны басына шыққан жазған екен ғой.

Ерден иман қашырар,

Тілі шайпау долылар.

Әйелі шаруа болғанның,

Ері дәулетке жолығар.

Қарашы тартып қолына,

Қазынаға жолығар деген сөз бар еді. Мынау Шегеннің әйелі келген қарашасын қашырмаса қарашыны келтіретін қатын емес қой, – дейді Дөненше би. Мұны күтуші жігіттердің бірі Шегенге айтады. Шеген:

- Е, ол сөйтеді ғой. Маған Құлжабайды шақырыңдар, - деп Қырықмылтық Құлжабайды шақыртып алады. Құлжабай келіп мән-жайды білгесін, өзі Дөненше бидің ауылына аттанады. Барса Дөненшенің бір әйелі жігітшілік істейді екен. Бидің өзі оны теңдікке алмай, кемдік қылыпты. Мұны білген Құлжабай Шеген ауылына қайта келіп, Дөненше би жатқан үйге сәлемдесіп кіреді. Сөз арасында ретін тауып:

- Бұрынғының сөзі бар,

Хас дұшпаның табылар,

Қасыңда жатқан қатыннан.

Арт кетеді ұшынса,

Ауыздағы асыңнан.

Ажалың келсе өлесің,

Астыңдағы атыңнан.

Нәсіл-насап азады,

Кездескен жаман қатыннан.

Сырың сыртқа шашылар,

Туысқан жаман затыңнан, - деген сөз бар, жігітім. Елде әйелің нешеу болады?

Дөненше би:

- Е, Құлжабайым, әйелім үшеу еді. Үшеуі үш ауыл еді. Ең кішісінің жардан жастығы болды. Қоғадан төсегі болды, артынан өсегі болды. Содан теңдікке алынбай кемдікке алынып, үш ауылымды бір ауыл ғып ұстап отырмын. Япырмай, биім-ай, бұл әйел затына не айтуға болады?! Осыларға қарағанда әйел үшін ердің басын қалай кемітуге болады? Ие, Құлжабайым, бұрынғының сөзі бар «тоқты сек шықса құнан азат болады» деген. Екі елдің арасын ұстай білетін қамың бар екен. Осы жұмысты өзің атқарсаң саған тапсырдым. Бұдан былай Шеген екеуіміз қатын-баланың жанында жататын-ақ жайымыз екен, - деп кейін қайтып кетіпті.

Қолжазба қорынан

 

***

Заманында би атанған қырықмылтық Құлжабай көп жасапты. Бірақ досмарғын Үркімбай, ожан Құдабайлармен қадірлес болған атақты би де қартаяды. Ол халық ақыны Нұрқан Ахметбековтің «Есім сері» жырындағы:

«Есімнің міне осындай әңгімесі,

Бұл хисса әңгіменің тәржімесі.

Ішінде бірге болған Құлжабай би,

Кеңестің сонан қалған көп жүйесі», деп жырлаған Құлжабай.

Содан бір күні қолпаштаған көп келіп:

- Қадірлі биеке, алдыңызға жүгінгеннің бұра тартып, жақыны үшін әділдіктен тайды, қиянат жасады деген жері жоқ. Билікке де, бітімге де адал болдыңыз. Бірақ жас болса біразға жетті, ендігі ғұмыр желкілдеген құрақтай, сылдырап аққан бұлақтай, тоқтау бермес өмір бар, ертеңге артар үміт бар – жастардікі. Халқыңыз аман тұрғанда атыңыз өшпес, ал енді көзіңіздің тірісінде мына Текебай балаңызға батаңызды беріңіз. Өзге емес, тізгінді би баласының өзі ұстасын. Текебайды бас би етіп сайлайық деп қолқа сала келіп отырмыз, – депті.

- Ей, қатар жүрген құрбы-құрдас, дос, бауыр, қадірлестерім-ай, қартайғанымды өзім де сезіп, біліп жүрмін ғой, бірақ елге әділ билік, әділ сөз айту әркімнің маңдайына жазыла бермейді, сондықтан да мал бағуға жаралған адамды ел бағуға қойғанымыз қалай болар екен? Текебайдың менің балам екені Аллаға аян. Әсілінде, балам да болса Текебай ел бағуға жаралмаған, ұрдажық батырға лайық мінезі бар, алды-артын кеңінен толғап кесімді ой айтар көл-көсір ақылдың емес, шолақ ой, құр қимылдың адамы. Кешегі аузы дуалы Құлжекеңнің баласы еді дегізіп орныма қалдырып кетер болсам артымдағы қалың ел, апырм-ай, Құлжекеңнің мынасы не қылғаны, ел билеуді кіресілі-шығасылы ақылы бар баласына бергені несі десе не деймін? Болмас, болмас, – деп басын шайқапты.

Кеу-кеулеген жұртшылық:

- Қасқа айғырдан, қасқа болмаса да, құрығанда төбел құлын туады деген, Құлжеке. Ең болмағанда естігені мен көргенін істер, ризашылығыңызды беріңіз, – деп жік-жапар болыпты.

Содан қолқалаған ел қойсын ба, би де көпке жығылып, Текебайды би сайламаққа жиынға жөнеліпті. Араларында сайлауға түсер тепсе темір үзетін, тегеурінді би болады деген жасы бар, Құлжабайдай туралықтан таймас, аузы дуалы, сөзі уәлі Төбе биі бар үлкен топ келе жатса, алдарынан абалаған ауылдың көп иті үріп шығыпты. Сол кезде Төбе би болады, төрімізге шығып билігін айтады деп үміт артып келе жатқан «батыр» туған Текебай атты борбайға салып жіберіп иттерді қуа жөнелсе керек. Көптің дегеніне бағынып, елірме сөзге бекер ердім-ау деп әрең келе жатқан Құлжекең:

- Ал жігіттер, ит қуған Текебайды көздерің көрді, енді маған айтатын сөздерің бар ма? – деп атының басын кері бұрған екен.

 

Анар Төлеуханқызының

«Тегіңде бар ма кісілік» мақаласынан.

«Егемен Қазақстан»

Пікірлер Кіру