Құрбан айт – игілік пен мейірімділік мерекесі

17 тамыз 2018 16561 0
Оқу режимі

Құрбандық – үлкен тарих, ұлық ғибадат. Ол сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Мұхаммед үмбетіне де құрбандық дәстүр мұра болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық діні болды. Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы:

الأنبياءُ إخوةٌ لعَلاَتٍ دينُهم واحدٌ وأمهاتُهم شتىَّ

«Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ әкесі бір бауырлар секілді», – деп, елші-пайғамбарлар діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты заманына сай әртүрлі болғандығын жеткізген. Сол себепті Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті бізге де жат емес. Шын мәнінде, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға біздер, мұсылмандар жақынырақпыз. Қасиетті Құран Кәрімде:

 إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آَمَنُوا وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ

«Ақиқатында, адамдардан Ибраһимге сай, ең жақыны – оған ергендер әрі осы пайғамбар (Мұхаммед) және имандылар (мұсылмандар). Ал, Алла – имандылардың Қамқоршысы», – деп баяндалған (Әли Имран сүресі, 68-аят).

ЖАН МӘН ТӘН ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСІМІ

Зүлхиджә айының 9-ы – Арапа. Бұл күнді қажылар арапа жазығында күн батқанша құлшылық етумен және дұға-тілек жасаумен өткізеді. Ал, қажылыққа шықпаған мұсылмандарға арапа күні ораза тұтуы – сүннет. Әбу Қатада (р.а.):

صوم يومَ عرفةَ يُكَفِّرُ سنتَيْنِ ماضية و مستقبلة...

«Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат болады...[1]» – деп риуаят еткен.

Бұл хадистен арапа оразасы өткен жыл жасалған қате-кемшіліктердің кешірілуіне себепші болатынын айқын аңғарамыз. Сонымен қатар, ауыз бекіткен пенде мен оның келер жылдың қате-кемшіліктері арасында тосқауыл болады дегенді білдіреді. Бара бин Азиб (р.а.):

إنّ أوّلَ ما نبْدَأُ به في يومِنا هذا أنْ نُصَلّيَ ثمّ نرْجعَ فننْحرَ فمَنْ فعل ذلك فقدْ أصابَ سُنَّتَنا و من ذبح قبْلُ فإنما هو لحمٌ قدَّمه لإهله ليس مِنَ النُسُك في شيء.

«Бұл күні біз ең әуелі намаз оқудан бастаймыз. Сосын (үйге) қайтып, құрбандық шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге сай амал еткені. Ал, кімде-кім (намаздан) алдын құрбандық шалса, ол бала-шағасына арнап сойған мал еті болып, құлшылыққа (құрбандыққа) жатпайды», – деген риуаят жеткізген.

Демек, Құрбан айтты, яғни мереке күнін ең әуелі айт намазын оқумен бастаймыз. Айт намазын оқу пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына көшіп барған жылы уәжіп етілген. Алла елшісінің (с.ғ.с.) көмекшісі Әнастан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілген: «Пайғамбар Мадинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл қандай күндер?» – деп сұрағанда, мадиналықтар: «Біз жаһилиет (надандық) дәуірінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», – деп жауап берді. Бұған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында Алла осы екі күнді, бұлардан да қайырлы (жақсы) құрбандық және ораза (айт) күндерімен ауыстырды[2]», –деген.

Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын[3]», – десе, ал Хасан бин Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі (с.ғ.с.) айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді[4]», – дейді. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп  тұруы тиіс.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы.

Жабир (р.а.) мынадай риуаят жеткізген: «Мен Құрбан айт күні пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге болдым. Ол кісі (құрбан айт) құтпасын айтып болған соң, мінберден түсті. Оның алдына бір қошқар әкелінді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар! Бұл менің және менің үмбетімнен құрбандық ете алмағандардың атынан», – деп құрбан шалды[5]».

Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.):

قومي فاشْهَدِي أَضْحِيَّتِكِ فإنه يُغْفَرُ لَكِ بأَوَّلِ قَطْرَةٍ مِنْ دَمِها كلُّ ذَنْبٍ.

«Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі[6]», – деген екен.

Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) жарайды. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа жарайтындығы жайлы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) және сахабалардан (р.а.) жеткен хабар жоқ. Құрбандыққа жарайтын малдың сипаты жайлы Бара бин Азиб (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) біздің арамызда тұрып...:

أربعٌ لا تجوزُ في الأضاحي: العوراءُ بيِّنٌ عَوَرُها, و  المَريضَةُ بيِّنٌ مَرَضُها, و العرْجاءُ بيِّنٌ ظَلْعُها, و الكسيرُ التي لا تُنْقَى

«Төрт нәрсе құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мәлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал[7]», – деген екен.

 ҚҰРБАН АЙТ – МАЛ СОЮ НАУҚАНЫ ЕМЕС

Айт күндері мұсылман баласы жұртпен бірген құрбандық шалып, сауап алуға ниет етіп жатады. Қазан асып, мерекелік дастархан жайып, айттық бергісі келеді. Алайда, мал базарда құрбандыққа шалынатын түлік түрінің бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі кездеседі.

Құрбандық – мал сою науқандық шарасы емес. Бұл – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. 

Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қағидаға тарс бекінген халқымыз адамдар арасындағы алауыздыққа жол бермеуді өсиет еткен. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ فارقَ الجماعةَ قِيدَ شبرٍ فقد خَلَعَ ربقة الإسلام مِن عنقه

«Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны[8]», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген. 

Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.):

...عليكم بالجماعة و إيّاكم و الفرقةَ فإنّ الشيطان مع الواحد و هو من الاثنين أبعد, مَنْ أراد بحبوحةَ الجنةِ فليلزمْ الجماعةَ...

«...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын...[9]», – деген сөзін мінберде тұрып қадап айтқан.

«Менің үмбетім адасушылыққа бас қоспайды»

Құрбан айт ағайын арасын жақындата түсетін, көршілерді, сырқау адамдарды зиярат етуге, кешірімшіл болуға шақыратын, бірлік пен берекеге бастайтын мүбәрак мереке. Әз пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.):

إن أمتي لا تجتمع على ضلالة . فإذا رأيتم اختلافا فعليكم بالسواد الأعظم

«Ақиқатында, менің үмбетім адасушылыққа бас қоспайды. Егер қарама-қайшылық байқасаңдар, қарақұрым халықпен бірге болыңдар[10]», – деген сөзі бірлігімізге бекем болуға шақырады.

Құрметті бауырлар! Келе жатқан құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа, құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!  


[1] Ахмед, Насаи
[2] Әбу Дауд
[3] Ибн Мажа
[4] Мустадрак
[5] Әбу Дауд, Тирмизи
[6] Байһақи
[7] Әбу Дауд, Насаи
[8] Мустадрак
[9] Тухфат Ахуази
[10] Табарани

Пікірлер Кіру