ҚЫЗЫҚ МЕКТЕП

15 ақпан 2024 2053 0
Оқу режимі

Еліміздің болашағы,көсегесінің көгеріп гүлденуі бүгінгі жас буынның қолында тұр дейміз. Ал бала бойына  иманды,зеректікті, қазақы құндылықты  сіңіріп,қабілеттерін бүлдіршін кезінен ашып тәрбиелеу аға толқынның парызы емес пе?!. Көбіне ата-ананың баласымен айналысып,кешенді жетілуіне көмектесуге уақыты жетпей жатады. Ойын баласы деп мән бермей, смартфон беріп тынышталдыратынымыз да бар. Осыдан-ақ кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатқан тікелей   смартфон, гаджеттер екені көрінеді. Салдарынан баланың тілі шықпау, кеш сөйлеу, ойын жеткізе алмау сынды  технократтық заманда  жаңа бір аурудың түрлері пайда болып жатыр. Уақыттың жетіспеушілігінен ата-аналар балаларға арналған дамытатын орындар іздейді.

Қоғамның мұндай  қажеттілігін өтейтін «Үй мектеп» деп аталатын мекемелер бар. Шетелде үй мектетері кең таралған.Қазақстанда дәстүрімізге сәйкестендіріп,сүзгіден өткен сондай жобаның бірі «Қызық мектеп» деп аталатын 1-4 сынып оқушыларына арналған  үй мектебін айтсақ болады.Ата-аналар бұл мектепті «Ауыл кэмп» деп те атайды екен. «Қызық мектеп» оқу орталығы баланы тек қазақ тілінде оқытады. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай:  «Немеремнің не қазақша,не орысша ойын еркін жеткізе алмай,екеуінің ортасында  дағдарып тұрған кезінде осында әкелдім.  Содан бері қазақша ойлап,қазақша сөйлеп,қазақша ойнауға бейімделді.Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды» деп мектепке баға береді. Бұл оқу орталығы елордада 2021 жылы 7 тамызда ашылған. Жобаның авторы  әдебиеттанушы Ұлан Еркінбай  сабақтардың, іс шаралардың,жалпы ортаның ерекшелігіне байланысты мектептің атауын «Қызық мектеп» деп балалардың өздері қойғанын айтады. Мектепке бізде барып, қонақ болған едік.Балаға сапалы тәрбие мен білім беруде қосып жатқан үлесі зор екеніне куә болып қуандық. Мектептің мақсаты балалардың қолайлы, жақсы ортада тиімді уақыт өткізуіне жағдай жасау.Әрі олардың  рухани, интеллектуалдық, физикалық дамуына көмектесу. Асық,ханталапай, шахмат сынды ұлттық, зияткерлік ойындар,үй тапсырмаларымен жұмыс, кітап оқу т.б бала қабілетін ашу үшін қолданылып жатқан түрлі оқыту әдістері бар. Жазғы-қысқы лагерлер, мәдени орындарға саяхаттау бағдарламалары да жүзеге асқан екен. Ерекше көзге түскені уызақ,тоймақ,дәмтатпақ деп аталатын қазақы атаумен қойылған тамақтану кестесі болды. Мектеп ауылда жүргендей әсер беріп тұрады. Ата-аналар өнегелі тәрбие, қазақы құндылығымызбен қоса, ең басты балаға керегі жылу мен мейірімді  сыйлай алады деп мектеп ұжымына риза болуда.Балаларының үй тапсырмасын орындауда ерік жігерінің көтеріңкі болатынын,жазу,сөйлеу дағдыларының жақсарғанын да айтады..

 Ғылымда адамның жарқын тұлға болуына   балалық шақ көп әсер ететіні анықталған..Халқымызда да,дінімізде де  тәрбиенің тал бесіктен басталатыны айтылады.Сондықтанда бала тәрбиесінен қапы қалмаған абзал.

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Пікірлер Кіру