РАМАЗАН АЙЫНЫҢ СОҢҒЫ 10 КҮНІНДЕ

01 сәуір 2024 2072 0
Оқу режимі

Оразаның соңғы 10 күнін қалай өткізген дұрыс? Бұл 10 күн – өзіңізге есеп беруге және болашағыңызға жоспар құруға мүмкіндік береді.

Көп жақсылық жасау және садақа беру

Оразаның соңғы он күнінде жомарттық таныту өте маңызды. Бұл – рамазан айының маңызды сүннеті, себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы уақытта ерекше жомартық танытқаны белгілі. Имам ән-Науауи: «Рамазан айында жомарттық таныту қажет, әсіресе, соңғы он күні. Осылайша біз Алла елшісІнің сүннетін орындаған боламыз. Сонымен қатар, қасиетті айда жасалған амалдардың сауабы еселеніп жазылады. Бұл айда көпшілік құлшылыққа көп мән беріп жатқан кезде кейбір мұқтаж жандарға көмек қажет болуы мүмкін» деген.

Құлшылықты арттыру

Рамазан айының аяғында көпшілігіміз шаршаңқырап қаламыз. Бәлкім, бұл әлсіздікке себеп болған режимнің бұзылуы мен аштық сезімдері болар. Қалай болғанда да, біздің ықыласымыз әлсірейді, бірақ оған жол беруге болмайды.

Ысырап жасаудан бас тарту

Айт күніне екі-үш күн қалғанда, тіпті бір апта қалғанда азық-түлік тізімін жасауды бастаймыз. Бұл жақсы. Дегенмен, ең бастысы аспаздық шабытымыз шегінен шығып кетпеуін қадағалаған жөн.

Кешірім сұрау

Енді жан дүниеміз жайлы сөз қозғайық. Рамазан бойы кешірім сұрауымыз керек, туыстармен қарым-қатынасты жақсарту керек, отбасылық өміріме жылулықты қайтаруым керек деп ойлап жүрген боларсыз. Қасиетті айдың соңғы он күні осы ойлардың жүзеге асуына таптырмайтын сәт. Ата-анаңыздан, жолдасыңыздан, аға-бауыр, таныстарыңыздан, Жаратушыдан кешірім сұраңыз. Өзіңіз де сізді ашық әрі жасырын түрде ренжіткен жандар болса, кешіріңіз. Ағайын-туыспен жиі хабарласыңыз және көршілерге жылы қабақ танытыңыз.

Мақсаттарды жүзеге асыру

Рамазан айының басында алдыңызға мақсат қойғаныңыз белгілі: Құран оқуды бастау, нәпіл намаздар оқу, уәдеге берік болу, күнде ата-анаңызға хабарласу және т.б. Егер Рамазан айында мақсатыңызға жетудің қадамын жасамаған болсаңыз, қасиетті айдың берекеті бізді тастап кетпей тұрып, соңғы он күнінде бастаңыз.

Дұға ету

Айша анамыз Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем не айтуым керек?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Уа, Алла! Расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» ​​​​​​– деп айт деп үйретеді. Оқылуы: «Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни».

Қадір түні мен ораза айт мерекелеріне дайындалу

Осы он күн ішінде болатын Қадір түні мен ораза айт мерекелеріне ықылас қойып дайындалыңыз. Мұнда айт күні тойып ас жеуді емес, оразаны аман-есен толығымен өтеп шығуға, мол сауапқа кенелуге дұға етіңіз.

 

Пікірлер Кіру