Рамазанда «ет жемейік» ...

16 мамыр 2019 8653 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Алланың Елшісі! Екі қызым да күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған рұқсат бермеді.

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Өкінішке қарай, олар бүгін ораза ұстаған жоқ... Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйлеген) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып асқазанындағының бәрін шығарсын, – деді.

Әлгі кісі қыздарына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқандарын айна қатесіз жеткізді. Олар пайғамбарымыздың бұйрығын дереу орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсты. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға айтқанда, ол:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамай, асқазанда сол күйі қалып кеткенде Тозақ отына отын болар еді, – деді.

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру