РАМАЗАНДАҒЫ ЕҢ БАҒАЛЫ УАҚЫТ

12 наурыз 2024 1859 0
Оқу режимі

Біріншісі: Күннің ең алғашқы екі сағаты – таң намазынан кейінгі уақыт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім жамағатпен намаз оқып, сосын күн шыққанша дұға, зікір жасап отырса, содан соң екі рәкағат намаз оқитын болса, оған қажылық пен умраның толық сауабы беріледі» деген (Тирмизи).

Екіншісі: Күннің соңғы сағаты – күн батар алдындағы кезең. Ораза ұстаған көп мұсылман бұл сәттің қадірін білмей жатады. Бүкіл уақыты ауызашарға дайындалумен, не уақытты тез өткіземін деп бос жіберіп алады. Бұл сіздің өте бағалы минуттарыңыз бен аса қымбат секундтарыңыз. Күні бойы ұстаған оразаңызды дәнекер қылып, Алладан қалаған нәрсеңізді сұрай аласыз. Бұл дұғаңыз қабыл болатын ең маңызды сәт.

Үшіншісі: сәресі уақыты – таң атудың алдындағы кез. Ол сәт Алла Тағаланың: «Менен сұраушы бар ма? Мен оған беремін! Маған тәубе етіп, күнәсынан қайтушы бар ма? Қабыл етемін! Менен кешірім сұраушы бар ма? Мен оны кешіремін!» дейтін кезі.

Міне, бұл үш уақыт Рамазан айында әрбір мұсылман үшін ең бағалы болуы тиіс. Берекеге толы қасиетті айда Алладан қалағаныңызды сұрауға асығыңыз! Рамазан – тек тамақтан ғана тыйылатын ай емес, кешірім уәде етілген қасиетті, мүбәрак ай.

Алла ниеттеріңізді қабыл етсін!

Пікірлер Кіру