РУХАНИ НАРКОЗ

17 маусым 2024 1382 0
Оқу режимі

«Рухани наркозға» түскен адам: сауапты ісіне масаттанып, жасаған ғибадатына тоқмейілсіп, Жұмақтың кілтін қалтасына салып алғандай салғыртсынып, өзіне-өзі (нәпсісіне) риза болып, айналасында (қоғамында, елінде, әлемде) болып жатқан құбылыстарға мән бермейді; дәл қазір осы жерде, осы сәтте қандай сынға тап болғанын, өмір шындығы нені талап етіп тұрғанын бағамдамайды. Ол құлшылық-ғибадатын «қалай орындаймын?» деген сұрақ-мақсаттың жетегінде атқарады, «не үшін?» екеніне мән бермейді. Ол жалпы діннің не үшін түсірілгені туралы ойланбайды, өмірдің мән-мағынасы туралы толғанбайды. Ол жан тыныштығын іздеймін деп, нәпсісінің құшағына құлайды...

Қазіргі сәттің талабына жауап бере білу дегеніміз – алыстағы арманды қиялдау немесе виртуалды әлемнің тұманына сүңгу секілді ой-кезбеліктен арылып, дәл осы сәтке қайту; осы сәтті сезіне білу, осы сәттегі Сынақтан абыроймен өту. Қандай ортада болсаңыз да, қандай жағдайға түссеңіз де, не нәрсеге куә болсаңыз да:

«Мен не үшін бұған тап болдым? Не үшін куә болып тұрмын? Алла Тағала (өмір) менен нені талап етіп тұр?» деген сауалды өзіңізге қойып, сол жағдаяттан сауабыңызды алып, абыроймен шығуды, ғибрат-мәнін ұғуды мақсат етіңіз.

Мысалы: Туыстарыңыздың арасында бір келіспеушіліктің орын алғанын естідіңіз бе?

Немесе көршілеріңіздің бір жағдайға тап болғанын көрдіңіз бе?

 Немесе қоғамда бір әділетсіздіктің орын алғанын білдіңіз бе?

Көз алдыңызда бір оқиға орын алып жатыр ма? – Сіз тірі адам ретінде, өзіндік сенімі мен ұстанымы (принципі) бар мұсылман ретінде сол жағдайға араласуға міндеттісіз. Адамдық болмысыңыз, ар-иманыңыз соны талап етеді («Бір жаман істі көрсеңіз: қолмен тоқтатыңыз, болмаса сөзбен тоқтатыңыз, тым болмаса жүрекпен» деген мағынадағы хадис есіңізде болар).

Әйтпесе, алдыңыздан шыққан сынақ-жағдайға көз жұма қарап, қиналғанды демеп, жылағанды жұбатудың орнына, «Мен араласқаннан ештеңе шықпайды; бекер босқа сүйкімсіз болам, мұсылманға көркеммінез керек; бұл нәрсе – олардың тағдыры; ең тынышы құлшылығыма берік болып, дұғамды жасайын» деп ойласаңыз – қорқыныштан құмға басын тыққан түйеқұс болғаныңыз; іштен тырмалап тұрған өз ар-ұятыңызға, иман-ұстанымыңызға құлақ аспастан, «ғибадат» деген уколды қабылдап алып, «ұйқыға» кеткен; сынақ-сыйдан қашып, Нәпсі тыныштығына бөленген «бақытты» жанға айналғаныңыз. «Рухани наркоз» дегеніміз осы.

Шындап келгенде, мұсылмандардың әлсіздігі мен шарасыздығы, сауатсыздығы мен салғырттығы, әсіресе қоғам өміріндегі үнсіздігі мен көмпістігі – осы естанды хәлдің салдары...

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ                   

 

Пікірлер Кіру