Садақа аты жаман аурудан сақтады (болған оқиға)
Қаттани мешітіне келмес бұрын Түркістан қаласында имамдық қызметте болатынмын. Түркістанда Ахмет Яссауи университетінде араб тілінен дәріс беретін Египеттік азаматпен таныстым. Жолым түсіп Египетке барғанымда ол жігітпен тек телефон арқылы сөйлесіп кездесе алмаған едім. Өкінішті-ақ…
Әлгі араб жігіт жұма намазға біздің мешітке келетін еді. Жастар көп. Кейде менің арабшалап сөйлескенімді көріп, айналамызда топырлап тұрып қалатын. Бір күні жастардың сұранысы бойынша намаздан соң 15 минут уағыз айтып, ал мен аударып беретін болдым. Содан садақа туралы әңгіме бастап, сіздерге ұсынғалы отырған хикаяны айтып берді.
Есімі Махмұт болатын. Махмұттың Египетте досы бар екен. Қазір елінде. Махмұт досының есімін айтса керек. Дегенмен, менің есімде қалмапты. Досы бір күні айықпас ауруға шалдығып, өз елінде ем қонбаған соң Еуропаға барады. Германияға диагностикалық орталыққа емделуге келеді. Қабылдауында болған дәрігер аурудың қауіпті ісік екендігін ескертіп, операция жасауға келісімін алады. Келісімін берген соң дәрігер еліңе 1 аптаға барып кел, операцияны келген соң жасаймыз дейді.
Жігіт еліне қайтып, үй ішіне айтады. Соңғы хабар үй ішіне ауыр тиіп, үй іші тым-тырыс болды. Бір апта деген өтпей кетеді. Үйден сыртқа шығып, кофеханаға келіп кофе ішеді. Қарама-қарсы бетте қасапшының дүкені бар екен. Дүкеннің алдында бір кейуана жерге түскен, шашылған, қима еттер мен без, сіңірлерді теріп жүреді. Оны байқаған жігіт кейуананың жанына келіп «апа не істеп жүрсіз?» деп сұрайды. Жауап болмаған соң қайта сұрайды. Екінші рет сұрағанда ғана кемпір «не жұмысың бар?» деген жауап қатады. Жігіт қоймастан қайта-қайта сұрай берген соң, кемпір амал жоқ жауап береді.
Сөйтсе кемпірдің үйінде шеттей бала-шаға бар көрінеді. Ұлы мен келіні жол апатынан қайтыс болыпты. Немерелері қолында қалған, бас болар ешкім болмаған соң күнделікті ішіп-жем табуға тура келеді екен. Әлгі теріп жүрген еттің қалдықтарын, без-сіңірлерді немерелеріне алып барып қайнатып береді екен.
Бұны көрген жігіт қасапшыға келіп, кемпірге ет алып береді. Сосын қасапшымен келісіп күнделікті ет алып тұруын қамтамасыз етеді. Балалар кәмелетке толғанша деп келіседі. Жігіт егер мен өлсем, үй-ішім кепіл болады, мен қарама-қарсы үйде тұрамын деп айтады. Үйіне барған кезде әйеліне айтып тағы да пысықтап қояды. Осылайша өлім аузында тұрғанын біліп жүрген жігіт сауапты істің бірі садақа жасайды.
Қуанышы қойнына сыймаған кемпір үйіне асығып келеді. Үйге ет алып келгеніне немерелері де қуанып қалады. Үлкен немере қызы келіп, әже бұны кім берді деп сұрағанда, «бір мұсылман, бір мұсылман» деп көзіне жас алады.
Өз бөлмесіне кіріп, кішкене қыз, алақанын жайып былайша дұға етеді: «Раббым біз ата анамыздан айырылдық. Бізге көмек берген кісінің балалары ата-анасынан айырылмасыншы. Оларды жетім қылмашы….» (Бұл дұға жайлы жігіт еліне келіп, кемпірге қайта жолыққанда білген екен).
Апта өтіп Германияға келеді. Келген соң дәрігер қайта тексеру жүргізіп, толық тексерген соң, жігітке келіп «сен кімсің?» деген сұрақ қояды. Сұрақты түсінбеген жігіт жауап қатпай қарап тұрады. Сонда дәрігер «сен өткен аптада Египеттен келген адамсың ғой?» – дейді. Жігіт әрине дейді. Сұрақты жаудырған дәрігер ең соңында: «Айтшы, немен емделдің?» – дейді. Сол кезде түсінгендей болған жігіт: «Не, мен ауру емеспін бе?» – дейді. Дәрігер: «өткенде анализдер қате болды ма, әлде жөндеп қарамадық па, бірақ не болса да сенде қатерлі ісік жоқ», – деп жауап береді. Сол кезде жігіттің садақа бергені есіне түсіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Садақа адамды түрлі бәле-жаладан сақтайды» деген хадисін айтады.
Махмұт «мен осы хикаяны оның өз аузынан естігенмін» деп айтып берген болатын.
Сауапты істеріміз көп болсын!!!
Ұлықбек Алиакбарұлы
Дереккөз: muslim.kz