САДАҚА ШЫНАЙЫ КӨҢІЛМЕН БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ

09 сәуір 2024 1290 0
Оқу режимі

Берілген садақа берекетке себеп болады, сондай-ақ келер бәле-жаланың бетін қағады. Мейірімді болған адам көпшіліктің махаббатына һәм дүние, һәм ақыреттте құрметке бөленеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Садақа бергеннен дүние-мүлкің кемімейді. Алла құлының қадірін мейірімді болғаны үшін арттырады. Хақ тағала алдында кішіпейіл болған бір мүминнің қадірін Алла тағала, әлбетте, көтереді»- деген.

Садақа бергенде жанұясы, баласы, қызметшілері, жақын достары немесе кім болса да бергенін бұлдап, басқаға биіктен қарамау керек. Бақара сүресінің 264- аятында бұлдап, міндетсініп жасалған, дінге қайшы іспен жасалған жақсылықтың иесіне пайда бермейтіндігін білдіреді. Тәпсірде: «Ей, мүминдер, берген садақаларыңның сауабынан міндетсіп, бұлдап махрұм қалмаңдар.

Бұлай берілген садаұаның қарымтасы болмайды. Аллаға және ақырет күніне сенбей дүниесін басқаларға мақтанышпен, риямен шашқан адамның ісі де мұнафықтың садақасы сияқты босқа кетеді. Бүның халі жалтыр тастың үстіне түскен азғантай топырақтың қатты ескен жаңбырлы дауылдан ұшып кеткеніндей болады. Міне, бұндай садақа жалтыр тастың үстіне себілген тұқымдай босқа кетеді.

Иманы болмай, садақасын риямен, бұлдап бергендер жасаған бұл амалдарынан ешқандай пайда көрмейді, сауабынан махрұм қалады. Сондықтан жасалатын бір жақсы іс, берілетін садақа шынайы ниет және дұрыс итиқатпен болу керек. Міндетсінуден, көңілге келетін сөзден, дандайсып тәкаппарланудан алыс болу керек.

Алла ризалығы үшін әркімге сыпайы, қарапайым болған бір мұсылман үлкен құрметке ие болып, екі дүниеде де үлкен мәртебеге қауышады. Осылайша осы сынды көркем мінездері арқылы өмірін өрнектей бермек.

 

Пікірлер Кіру