СӘЛЕМ БЕРУ ҮЛГІЛЕРІ МЕН ӘДЕПТЕРІ

11 сәуір 2024 2338 0
Оқу режимі

Сәлемдесу мәселесінде адамдарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші тобы – қарапайым мұсылмандар, екіншісі – кәпірлер, дінге қарсы келушілер. Төменде осы екі топты жеке-жеке қарастырып, оларға сәлем беру үлгілері мен әдептерін талқылаймыз. Оған қоса Аллаға,  періштелерге, пайғамбарларға сәлем жолдау үлгілерінен де бірер мысалдар келтіріп өтеміз.

 Қарапайым мұсылмандарға сәлем беру

Жалпы, сәлем беруші адам: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп айтуы мустахаб, яғни жақсы, ал жауап қатушы адам: “Уа ғаләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп жауап қатады. Бұлай сәлемдесу отыз жақсылыққа тең. Бір күні Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан бір адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум”,-деп, өтіп кетеді. Сонда ол кісі (с.а.с): “Он жақсылық жазылды”,-дейді. Біраз уақыттан кейін басқа бір адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ”,-деп, өтіп кетеді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Жиырма жақсылық жазылды”,-дейді. Біраз уақыттан соң үшінші адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп, өтіп кеткенінде Аллаһ елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Отыз жақсылық жазылды”,-дейді. (Нәсәи, Бұхари Әдәбул муфрад”. Сахих /сенімді/ хадис).

* Ғұламалар Құрандағы: “Егер де сендерге сәлем берілсе одан абзал түрде жауап қатыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар”,-деген аятты негізге алып, біраз үкімдер шығарған. (Ниса, 4:86). Бұл аяттағы “абзал түрде немесе дәл солай” деген шектеу жауаптың “түрі”, “көлемі” және “кейпіне” қарасты айтылған. Сәлем “түріне” мысал келтірер болсақ, мәселен, бір адам “Әссәләму ғаләйкә” деп, екінші адам: “Сәлеметсіз бе, қайырлы таң, мың жаса”,-деп жауап қататын болса, бұл жауабы дұрыс болмайды, себебі бұл жауап түрі сәлем сөзінен абзал емес әрі дәл өзіндей де болмайды.

Сәлем “көлеміне” мысал келтірер болсақ, мәселен, біреу “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ”,-деп, екінші адам “Уағәләйкум”,-деп жауап қатса, оның бұл жауабы дұрыс болмайды, себебі бұл жауап сәлем көлемінен аз. Осыған орай “Әссәләму ғаләйкум” деген адамға “уағәләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһ” деп немесе “уағәләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ” деп жауап берген дұрыс. Ал бұлай айтуды қиынсынатын болса, онда сәлем берушінің сәлеміндей етіп жауап қатуға болады.

Сәлем “кейпіне” мысал келтірер болсақ, мәселен, бір адам түсінікті, жоғары дауыспен, жымиып сәлем беріп, екінші адам бәсең, ұғынықсыз түрде, қабақ шытып жауап қатса, бұл жауап та дұрыс болмайды.

* Кездескен кезде қол алысып амандасу-сүннет амалдарына жатады себебі сахабалар осылай жасайтын. Әнастан: “Алла  елшісінің сахабалары қол алысатын ба еді?”,-деп сұрағанда ол: “Ия”,-деп жауап берген. ұхари). Қол алысу оң қолмен жасалады әрі қол алысып амандасу кезінде екі мұсылманның жасаған күнәлары кешіріледі. Бұған Әбу Дәудте келген сахих хадис дәлел. Ал егер де жалпы жиын немесе көп адамдарға кезіксе, қол алыспайды, бәлкім, “Әссәләму ғаләйкум” деп, жалпы сәлем жолдаса да болады.

* Намаз соңында екі иыққа қарап: “Әссәләму ғаләйкум уа рахмәтуллаһ”,-деп, сол жаққа да дәл осылай сәлем жолдау – сүннет амалына жатады. Алайда намаз оқыған кезде қасындағы адамның қолын қысып, онымен құшақтасып жату сүннетке қайшы амал болып табылады.

* Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамдарға сәлем береді”,-деген. (Бұхари, Муслим).

Тағы бір риуаятта: “Жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді”,-делінген. ұхари). Бірақ, жасы үлкен адам жасы кіші амандаспайынша күтіп отыруы керек немесе көп адамның аз адамдар сәлемін күтіп отыруы керек деген сөз емес. Қайсыбірі амандасуды ұмытып бара жатса, екінші тарап амандық айтып, сәлем жолдауында еш оқасы жоқ. Тіпті қай тарап болса да бірінші болып сәлем беруге тырысқаны жақсы. Себебі Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: “Бірінші болып сәлем берген адам адамдардың арасындағы Аллаға ең жақыны”,-деген. (Әбу Дәуд, сахих хадис).

* Бір күнде болса да бірнеше рет кездескен екі адамның әр кездескен сайын амандасуы да жақсы амал. Әбу Һурайрадан жеткен хабарда бір адам намаз оқып, намазын аяқтаған соң пайғамбарға келіп, оған сәлем бергені айтылады. Сонда пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның сәлеміне жауап қатып: “Кері қайт та намазыңды қайта оқы. Сен намазыңды дұрыс оқымадың”,-дейді. Әлгі адам кері қайтып, намазын қайта оқып, болған соң қайта келіп пайғамбарға сәлем берді. Осылай үш рет жасады. (Бұхари, Муслим). Кейбір адамдарға бір күнде екі рет сәлем беріп қойсаң: “Бүгін ғана кездестік емес пе?”-деп таңқалуы осы хадисті білмеуінің салдарынан.

* Алыстан өткен кезде: “Әссәләму ғаләйкум”,-деп айтып, қолымен ишарат жасаса болады. Хадисте: “Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіттің қасынан өтіп бара жатқанында бір топ әйел адамдар отырған болатын. Сонда ол кісі сәлем жолдап, қолымен ишарат жасады”,-деп келген. (Әбу Дәуд, сахих /сенімді/ хадис). Имам Науауи осы хадиске сілтеме жасап: “Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі мен ишаратты қатар жасаған”,-дейді. Сол үшін кейбір ғұламалар қазіргі таңда көлік мінген адамның сырттағы біреуге сәлем бергісі келген кезде сигнал басып, соны амандасу көруінің сәлемге кірмейтінін айтады. Бәлкім, көлікте болса да қолымен ишарат жасап, аузымен айтуы керек етіледі. Ал егер сигнал беріп, сырттағы адамды өзіне қаратып алып, сосын қолымен ишарат жасап, аузымен сәлем жолдайтын болса, онда бұл рұқсат.

* Көп адамдар отырған жиын немесе ілім отырыстарына келген адам жағдайға қарай сәлем айтады. Егер де оның сәлем айтуы жиындағыларға кедергілік келтіретін болса, онда тыныш келіп, сәлемсіз қосылады. Ал егер оның сәлемі жиынға зияны тимейтіндей жағдай болса, онда әркіммен жеке-жеке емес, жалпы түрде: “Әссәләму ғаләйкум”,-деп, жиынға қосылады.

* Егер адам намаз оқып тұрғанында біреу келіп сәлем беретін болса, ол адам сәлем берушіге жауап қатпайды, бәлкім қолымен ишарат жасайды. Ибн Омар (р.а) Білалдан (р.а): “Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазда тұрғанында келіп сәлем берушілерге қалай жауап қататын еді?”,-деп сұрағанында ол: “Қолымен ишарат жасайтын”,-деп жауап қатқан екен. (Ахмад, Әбу Дәуд. Сахих /сенімді/ хадис).

* Егер адам басқа біреулердің сәлем жолдағанын айтып: “Бәлен саған сәлем жолдап жатыр”,-десе, естіген адам: “Уа ғаләйкә уа ғаләйһис сәләм” немесе “Уа ғаләйкә уа ғаләйһимус сәләм”,-дегені абзал, яғни “саған да оларға да сәлем болсын”,-деген сөз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға: “Жәбрайл саған сәлем жолдап жатыр”,-дегенінде Айша: “Уа ғаләйһис сәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-дегені риуаят етіледі. (Бұхари, Муслим). Арапшасын айта алған адам осылай айтқаны абзал. Ал арапшасын айта алмаған адам: “Сәләмәт болсын”,-дегеннен гөрі “Саған да, оған да сәлем болсын”,-деп, сәлемді жеткізушіге де, сәлем жолдаушыға да жауап қайтарғаны абзал. Бірақ тек сәлем жолдаушыға ғана айтса да болады. Ислам әдебінің кемелдігін осы жерден байқауға болады.

* “Бәленге сәлем жолдай салшы”,-деген сөзді естіген адам сәлемді жеткізуі міндет, себебі Алла Тағала Құранда: “Шын мәнінде Алла Тағала аманаттардың өз иелеріне қайтарылуын бұйырды”,-деген. Ондай болса “Бәленге сәлем айта сал” деген сөз аманаттың бір түрі саналып, естіген адам келісетін болса, сол аманатты жеткізуі шарт. Ал егер сәлем жолдаушы адам: “Егер оны көрсең сәлем айт” десе, онда әлгі адамды көрген кезде есіне түссе ғана сәлем айтуы керек етіледі. Бірақ ғұламалар: “Бәленге сәлем айта сал”,-деп, көрінген адамның мойнына аманат арта берудің дұрыс еместігін айтады. Тек егер кездесу немесе байланысу қиын жағдай болса біреу арқылы сәлем жолдауға болады.

* Әнас ибн Мәлик (р.а): “Пайғамбар бір сөз сөйлейтін болса, түсінікті болуы үшін оны үш рет қайталап айтатын, ал егер бір қауымға келіп сәлемдесетін болса, олармен үш рет сәлемдесетін”,-деп риуаят етеді. (Бұхари). Бұл хадистегі үш рет сәлемдесу барлық кезде сүннет амалына жатпайды. Бәлкім, естімей қалды-ау, түсінбей қалды-ау деп күмәнданса, немесе қария адамдармен кездессе, онда бір рет, екі рет сәлем беруіне болады. Ал егер сонда да естімей немесе түсінбей тұрса, онда үшінші рет айтуына болады әрі үштен артық қайталап жатудың керегі жоқ.

* Түнде немесе ұйықтап жатқан адамдары бар бөлмеде сәлем берген кезде дауысты бәсеңдетіп сәлем берген дұрыс. Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйықтап жатқанды оятып алмайтындай, ояу адам еститіндей сәлемдесетін. (Муслим). Ислам діні әр адамның хақысын беруді мақсат тұтады. Ондай болса ұйықтап жатқанның хақысы-ұйқысын бұзбау, ал ояу адамның хақысы-оған сәлем жолдау.

* Екі адам кездескен кезде де, қоштасатын болса да “Әссәләму ғаләйкум” деп айтқаны жөн. Себебі Алла елшісі (с.а.с) бір хадисінде: “Егер де араларыңнан біреу бір жиынға қосылатын болса, сәлем берсін. Ал егер де ол жиыннан тұруды қаласа, онда сәлем берсін”,-деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи, сахих хадис).

* Үйге кірген кезде кіруші адам сәлем беріп кіреді. Себебі Алла Тағала Нұр сүресінің 61-ші аятында: “Егер үйлерге кірсеңдер, онда сәлем беріңдер”,-деп, кіруші адамның кірген бетте сәлем беруін бұйырған. Сондай-ақ, Бәну Амирлік бір адам пайғамбар үйіне кіруге рұқсат сұрап, “Кірсем бола ма?”,-дейді. Бұл кезде пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде болатын. Сонда ол кісі өзінің қызметшілерінің бірін жіберіп: “Ана адамға барып, рұқсат сұрауды үйретіп, оған былай де: “Әссәләму ғаләйкум, кіруге рұқсат па?”,-десін. Әлгі адам мұны естіп: “Әссәләму ғаләйкум, кіруге рұқсат па?”,-деп еді, пайғамбарымыз кіруіне рұқсат беріп, ол үйге кірді”. (Әбу Дәуд, сахих).

* Жас балаларға сәлем беру де сүннет амалдарына жатады. Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ойнап жүрген балаларға сәлем беретін. Жас балаларға сәлем берудің пайдаларына тоқталып өтсек, бұл ең алдымен сүннетке ілесу болып саналады. Екіншіден, үлкендердің көкірегіндегі тәкаппарлық сезімін жойып, кішіпейілділік пен қарапайымдылық қасиетін арттырады. Үшіншіден, жас баланың үлкендерге деген құрметін арттырып, балаларды ерте кезден амандасуға және жалпы әдепке үйретеді.

* Бейтаныс әйел адамдарға сәлем беруде жағдайға қарау керек. Егер адам бейтаныс әйелмен сәлемдескен кезде жүрегінде әлгі әйелге деген ынтықтық пайда болатындай жағдай болса, онда амандасуына болмайды. Ал егер ондай сезім тумайтындай болса, өзінен жасы едәуір үлкен әйел болса немесе мешіт жанында жиылған бір топ әйел болса, амандасуға болады. Ал өзінің жұбайы, әжелері мен анасы, әпке-қарындасы сияқты туыстары болса сәлем беру талап етіледі.

* Кей жағдайда күнә жасап, күнәсі үшін өкінбейтін мұсылман бауырларды түзеп, тәрбиелеу үшін олармен амандаспай қоюға болады. Бірақ, оған сәлем жолдамай қойған кезде түзелетініне анық көз жеткізу керек. Егер ол адамға сәлем жолдамай қойған кезде ол одан әрі күнәлі істер жасап кетеді деген қауіп болса, сондай-ақ, оның жүрегінде ыза, кек пайда болатынына көз жетсе, онда бұлай тәрбиелеу әдісін қолданбаған жөн. Ал егер ол мұсылман адам шынымен ықыласты, Исламды терең түсінген жан болса, онда ол өзге мұсылмандардың амандаспай қойғанын дұрыс түсініп, тәубеге келіп, амалдарын жақсы жаққа өзгертуге тырысады. Бұған “Тәбук” соғысына қатыспай, артта қалып қойған үш сахабаның оқиғасы дәлел. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олармен арласуға, кейін келе тіпті сәлем жолдауға да тыйым салады. Сонда әлгі сахабалар жүректері езіліп, көкейлерін мұң басып, жер басып жүргеннен көрі жер құшағында жатқанды абзал көріп, қатты өкініп, тәубелеріне келген кезде Алла Тағала олардың тәубелері мен өкініштерін қабыл алады.

* Бірақ, амандаспай қоюдың өзі үш күннен артық созылмауы керек. Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Мүмин адам өзінің бауырын үш күннен артық тастауы халәл болмайды. Кездесе қалса мынау да теріс айналып, анау да теріс айналады, ал екеуінің қайырлысы-сәләмді алғашқы боп жолдағаны”,-деген. ұхари, Муслим).

* Жұма намазындағы және жалпы хұтпалардың бас жағында немесе аяғында сәлем жолдау – хұтпа әдебіне жатады. Бұған кейбір сахабалардан келген хабарлар дәлел бола алады. Бірақ, міндетті түрде сәлем айту керек деген сөзді ешкім айтпаған.

* Хат жазу кезінде де сәлем жолдау пайғамбар сүннетіне жатады. Сахабалар да өзара хат жазысу барысында біріне-бірі сәлем жолдайтын болған. Дінге қатысы жоқ адамдарға хат жазған кезде “Сәләмун ғалә мән иттәбәғәл һудә (тура жолға ілесушілерге сәлем болсын)” деп, кәпір адамның өзіне емес, жанама сәлем жолданып жазған дұрыс. Ал мұсылман адамдар өзара хат жазысқан кезде жоғарыдағы сәлем үлгілерінің қай түрін қолданса да өз еркі. Сол сияқты қазіргі таңдағы форум, чат, ұялы телефон хаттарында да осылай жазған абзал.

 

Пікірлер Кіру