ШӘКӘРІМ ИСЛАМДАҒЫ КЕРІ БАҒЫТТАР ТУРАЛЫ

01 сәуір 2024 1560 0
Оқу режимі

Алаштың абзалы Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің тағылым тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттап, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырды. Ол өзінің бай мұраларында қасиетті Құранды және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауын уағыздайды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы исламдағы кері бағыттарды сол кезде-ақ аңғарып, одан сақ болуға шақырады.

...Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,

Ешбірі түзу емес көңіл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,

Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.

Әлемдегі діндердің түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай бар, ұждан дұрыс,қиямет шын,

Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

«Інжіл» «Құран» – бәрі айтып тұрса-дағы,

Адасып ардан күсіп қара басар-деп, дініміздің тура жолға бастайтын өнеге, ғибратын баяндаса,

Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,

Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?, деп терең байлам жасайды.

Ол діндегі адасушылық ағымдарын ақын сол дәуірде-ақ танып білген.

Ш. Құдайбердіұлының теңдесі жоқ еңбегі «Мұсылмандық шарты» кітабында адамдардың хақысы туралы, ,адамның мінез құлқы, ауыр кіші күнәлар, Ұлы Жаратушығның нығыметіне шүкірлік ету, адамның бойындағы жақсы ниеті, адал істерімен үндесетін исламның шариғат үкімдерін терең талдайды.

Ғұлама сонымен қатар бұл еңбегінде дініміз исламдағы парызға, уәжіп пен сүннет амалдарына, мүбах, харам, мәкрүһ қатарлы әрекеттерді нақты мысалдармен жете талдап түсіндіреді.

Қазақтың көшпенді салтындағы кейбір салт пен амал, әрекеттерге дініміздің шариғи ілімдеріне сүйене отырып, түсінік береді. Мұнда мал сою, неке қию, жерге ие болу, аманат, еңбектің ақы, өтемдері жайлы мол мағлұмат алуға болады. Шәкәрім атамыз бұларға ұлттық дәстүрмен исламның тоғысатын тұстарынан тарқатып түсіндіреді.

Ақын көп діндер туралы: «Дін» атты өлеңінде:

Жер жүзінде қарасам,

Неше түрлі халық бар,

Дін, иманын санасам,

Мыңнан артық анық бар.

Бұл қалай деп ойласам,

Мұның да бір сыры бар,

Терең ойға бойласам,

Дәл мынадай түрі бар:

Жардың шашы сансыз көп

Ол санауға келмей тұр.

Анық нұры осы деп,

Әркім бір тал ұстап жүр.

Біреу отқа жағынды,

Нұрдың түбі құдай деп.

Не суретке табынды,

Олай емес, былай деп.

Бірі: «құдай бір десе»,

Бірі айтады: «көп құдай».

Бірі: «тәңірі – Күн десе»,

Бірі дейді: «жоқ құдай».

Міне, осыдан байқалды, –

Бәрі іздеп жүр иесін.

Табамыз деп ойға алды.

Жаратқанның киесін, – деп адамзат баласының әртүрлі дінге табынып жүргендігін айта келе, адаспауға шақырады.

Қорыта айтқанда, Алаштың абызы Шәкірім атамыз исламның Хақ жолын өз еңбектерінде терең зерделеп өткен.

 

Мирас КӨКЕБАЕВ    

 

Пікірлер Кіру