Шәууәл айының шарапаты

14 мамыр 2021 9618 0
Оқу режимі

Бірер уақыт бұрын ораза айын асыға күтіп, сол айға аман-есен жетсем екен деп жүрген едік, енді міне, Рамазанды да тәмамдап, оның артынша келетін Шәууәл айына да қадам бастық. Иә, Рамазан - бір адамдар үшін жаңа құлшылықтардың бастамасы әрі жалғасын тапқан сансыз сауаптардың бастамасы. Ал біреулер үшін - жәй ашығу ғана. Рамазан оразасы, өзін тұтқан адам үшін куәлік бергені сияқты, немқұрайлылық танытқан пенде үшін де қарсы куәлік етері сөзсіз.

Мейірімі шексіз Алла Тағала оразаның құндылығын кеш түсініп, сауаптан құр қалғаны үшін сан соғып қалған пендесіне Рамазаннан кейін де мүмкіндіктердің есігін ашып қойды. Сондай есіктің алғашқысы - Шәууәл айының оразасы.

Үздіксіз оразаның кілті

Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазаннан кейін 10-шы рет көрінетін ай - Шәууәл айы. Шәууәл - Рамазанның біткендігін білдіретін, Айт мейрамының келгенін сүйіншілейтін ай!

Шәууәл айы - Рамазанда жіберіп алған кемшіліктеріміздің орнын толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Міне, сол мүмкіндік есігімізді қағып тұр. Құлшылықтың біз елей бермейтін қырлары көп. Жаратушымызға тағы да бір табан жақындау мүмкіндігін әр мұсылман жіберіп алмауы тиіс.

Исламға дейінгі Шәууәл

Шәууәл айының тарихы Исламға дейінгі надандық дәуірінен бастау алады.  Көне арабтар Шәууәл айын жамандыққа ырымдаған. Бұл айда ерлі-зайыптылардың бас қосуы дұрыс неке болмайды деген соқыр сенімде жүрген. Олардың Шәууәлді жаман ырымға балаған себебі - есте жоқ ескі замандардың бірінде үйленгісі келген жастардың бірнеше жұбы дәл осы Шәууәл айында қатерлі оба ауруына шалдыққан деген аңыз айтылады. Ал надан арабтар сол тағдырдың қайталануынан қорқып, Шәууәл айында үйленбеу керек деп санаған. Шәууәлда үйлену қажет болса, аспанға көгершін ұшырып, соның ұшуына қарай әрекет еткен. Яғни, тағдырын құстың ұшуына байлап, Аллаға серік қосып адасқан. Арнайы ұшырылған құс оңға не алға қарай бағыт алса, олар мұны жақсылыққа балап, Шәууәлда үйлене беретін. Ал егер әлгі құс ұшқан бетте сол жаққа не кейін қарай бағыт алса, олар мұны жаман ырымға балап, үйленуді тоқтататын болған. Алайда адамдардың тағдыры құстың немесе уақыттың емес, Алла Тағаланың қолында еді. Сондықтан Ислам келісімен аталмыш сенімдер өзінен өзі ұмытылды.

Ислам дәуіріндегі Шәууәл

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) елшілік міндеті жүктеле салысымен ол өз қауымы ұстанатын негізсіз тиымдарды әшкереледі. Солардың бірі - Шәууәл айына қатысты еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) Шәууәлда үйленуге болмайды деген негізсіз тиымның тамырына түбегейлі балта шапты. Ол осы айда Айша анамызға үйленді. Бұхаридің «Сахихында» Айша (р.ғ.) өзі бұл жайлы: «Алла елшісі (с.ғ.с.) маған Шәууәлда үйленді және менімен Шәууәлда шаңырақ көтерді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) қай әйелі оның алдында маған қарағанда сүйіктірек болып еді?!" - деп мақтанған. Яғни Ислам діні мұндай жалған сенімдердің күшін жойып, Алланың мейірімін ешкімнің де шектей алмайтындығын халыққа түсіндірді. «Юнус» сүресінің 107-аятында: «Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, онда Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісіге береді. Ол өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», – деп айтылған. Яғни пендеге пайда да, зиян да бір Алладан ғана болатындығы Құранда ашық баян етілді.  

Шәууәлдің бірінші күні (айт мейрамы)

Он екі айдың ішінде алғашқы күні мейраммен басталатын Шәууәлдан өзге ай жоқ. Шәууәл айы ғана мейраммен басталады. Ол – ораза айт мейрамы. Оразадан кейінгі бұл айт мейрамы қуанышпен келетін болғандықтан, айтпен басталатын Шәууәл айы да мұсылмандар үшін қуаныш сыйлайды. Жас демей-кәрі демей, барлығы бір-бірін айт мейрамымен құттықтайды. Міне, осы шаттықтардың бәрі Шәууәл айының тууымен басталады. Рамазан айымен қимай қоштасқан мұсылмандар Шәууәл айын қуанышпен қарсы алады.

Шәууәлдағы алты күн ораза

Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болған соң, Шәууәл айынан бастап Алла Тағалаға нәпіл ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі – алты күндік ораза. Муслимнің «Сахихында» келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» - деген. Бұл хадис Шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Фиқһ ғалымдары хадистегі «артынша ұстаса» деген мәтінді айт мейрамынан кейін арасын суытпай жалғастырса деген ұғыммен түсіндіреді. Алайда, бұл алты күнді Шәууәлдің соңына қарай ұстаса да жалғастылық үкімі үзілмейді, деген пікірдің де дұрыс екені құлшылық кітаптарында баяндалған.

Отыз күн оразаға Шәууәлдағы алты күнді қосып тұтудың бір жылдық оразаға тең келуін шариғат ғалымдары былай түсіндіреді: Әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді. Ахмадтің «Муснәд» жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстаса, бір ай он айға тең келеді. Ал айттан кейінгі алты күннің оразасы екі айға тең. Барлығы бір жылдың оразасына тең», – деп айтқан.

Шәууәлдағы өзге де құлшылықтар

Шәууәл айы Рамазаннан кейін келетін ай болғандықтан, бұл айда өткен оразадағы кемшіліктердің орны толықтырылады. Бұхари мен Муслимнің «Сахих» жинақтарында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күнінде жасай алмаған иғтикаф құлшылығының орынын Шәууәл айында толықтырғандығы айтылады. Мұнымен қоса, үзірлі себептермен ұсталмай қалған ораза күндерін дәл осы Шәууәл айында толықтырған жөн дейді ғалымдар.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру