Шүкірлік пен күпірлік

12 желтоқсан 2020 7070 0
Оқу режимі

Алла Тағалла адамзатты жоғары деңгейде жаратты. Оған сансыз нығметтерді, сарқылмас жақсылықтарды нәсіп етті. Және де сол нығметтер мен жақсылықтар арқылы оны басқа жаратылған мақұлықаттардан  абзал етті. Егер пенде шүкір етсе, оған нығметтерін арттыратындығын уәде етіп, бойұсынса олардың жалғастығы мен бақилығына кепілдік берді. Құранда Алла Тағала:  «..Егер шүкір етсеңдер, оны арттыра беремін»,[1] – дейді.

Фузайл ибн Ияз: «Кімде-кім жан дүниесімен Алла Тағаланың нығметтерін таныса, тілімен оған хамды айтса, нығметтердің тек жақсысын көреді», – деген. Алланың пенделеріне берген нығметтері захири (сыртқы) және батини (ішкі), ашық және жасырын, мәлім және беймәлім екені рас. «Алланың расында көк пен жердегі нәрсенің күллісін сендерге бойұсындырып бергенін және сендерге көрнеу әрі көмес (заттық және рухани) игілік нығметтерін толықсытып бергенін көрмедіңдер ме[2] –делінген Қасиетті Құранда. Әрине, бұл нығметтер бізге мәлімдері. Біз білмеген нығметтер қаншама. Олардың санын түгендей алмаймыз.

«Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз».[3] Аллаға шүкір етудің тағы бір көрінісі – нығметтерді тілмен айту. «Раббыңның ниғметтерін ойла, (адамдарға) түсіндір».[4]

Осы аятқа мән берсек, Алла Тағалланың нығметтері туралы айту да шариғат тұрғысынан уәжіп. «Раббыңның ниғметтерін ойла» аятында «оның шүкірін орында, оның нәтижесін көрсет» деп, әдеп тұрғысынан үлкен тағылым беріліп жатыр. Ол да болса нығмет туралы айту және көрсету, адамгершілік, жомарттық секілді көркем мінезге әдеттенуге қызықтырып жатыр. Сәйкесінше, ашкөздіктің кесірінен қашу, сондай-ақ, нығметті жасыру, оны өзінде бола тұра көрсетпей, арыздану секілді жамандықтан қайтарып отыр. Себебі, бақылдың әдеті малын жасырады. Және оны жұмсауға қызғанады. Қашан да кемшілік пен жетіспеушіліктен шағымданады.  

Хасан ибн Али (р.а): «Нығметтерді көбірек зікір етіңдер. Себебі, оны еске алу шүкіршілік болып есептелінедіЖақсылық жасасаң, сенен үлгі алып, соңыңнан еруі үшін оны басқаларға айтып бер. Тек көзбояшылықтан сақтанған түрде. Егер саған бір жақсылық жетсе немесе бір жақсы амал жасасаң, ол туралы ең сенімді досыңа айт», – деген

Имам Байһаки  «Шуабул-иман» кітабында Нуман ибн Баширден келген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алланың нығметтерін айту шүкіршілік, ал, оны ұмыту күпірлік», – деген.

Саид Тантауидің «Әл-Уәсит» атты тәпсірлерінде: «Айтудағы мақсат хабар беру. Яғни, кедей едің, бай еттік. Енді оның шүкірін жаса және ізбасарларыңа айт. Олар да соңыңнан ерсін. Бірақ, мақтаншақтық пен көзбояушылықсыз болсын»,  – делінген. Себебі, нығметті мақтанып зікір ету Алла Тағалланың ашуын шақырады.  Мұсылмандар қашанда нығмет туралы айтуды шүкіршілік деп түсінеді.

Осы арада біз мән беру керек болған бір жайт бар. Яғни, кез келген нығмет пенденің Алла Тағаллаға жақындауына сеп болуы қажет. Керісінше жағдайда ол үшін қайғы мен бәле болып жабысуы бек мүмкін. Ал, шүкіршілік – барлық нығметтердің қорғаны және жоқ нығметтерді шақырушы.

Али ибн Әбуталиб (р.а.): «Нығмет шүкіршілікке, ал шүкіршілік кеңшілікке алып келеді. Шүкір етпейінше, кеңшілік жасалмайды», – деген.

Алла Тағалла баршамызды нығметтерінің шүкірін жасаушы, Өзінің мейірім шапағаты мен рақымына бөленген пенделерінен етіп, сүйікті құлдары үшін дайындап қойылған ұлы нығметтерін нәсіп етсін!

 


[1] «Ибраһим» сүресі, 7-аят.
[2] «Лұқман» сүресі, 20-аят.
[3] «Ибраһим» сүресі, 34-аят.
[4] «Дұха» сүресі, 11-аят.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру