ШЫН МӘНІНДЕ АМАЛДАР НИЕТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ

15 сәуір 2024 1835 0
Оқу режимі

Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған жақсы - жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты.

Ниет - адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды. Ал ниеттің орныққан жері жүрек. Алла елшісі (ﷺ):

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ.

«Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды»[1] дейді. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде.                   

Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек - патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет - жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты мақал-мәтелдер де айтқан.

Ниет ғибадаттарда шарт пен парыз ретінде маңызды. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни бұдан шығатын қорытынды: ниетсіз ешбір іс болмайды.  

Ниет етпей ұстаған ораза арнайы мақсат етіліп ұсталған ораза ғибадатына жатпайды. Жай бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттер ғибадатқа айналатынын білген жөн.

Алла елшісі (ﷺ):

إنَّما الأَعمالُ بالنِّيَّات، وإِنَّمَا لِكُلِّ امرئٍ مَا نَوَى ...

«Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады»[2] деген. Бұл хадис Құраннан кейінгі сенімді кітап саналған Бухари жинаған хадистердің ең алғашқысы. Яғни хадис жинағын осы хадиспен бастаған. Демек әр іс, әр амал ниетке байланысты.

Мәселен, сергу ниетімен дәрет алып құлшылық жасаса, ниеті қабыл болып саналмайды. Сол секілді екі кісінің бірі ыстықтан сақтанып салқындап алу үшін мешітке кірсе, енді бірі бірінші барып азан тыңдап сауап алуға келсе, екеуі де ниетіне қарай қарымтасын алады. Бірі ниетіне қарай сергісе, екіншісі азан тыңдау үшін бірінші барғандықтан басқа бір хадисте баяндалғандай түйе бергендей сауап алып қайтады.

 Алла Тағала Құранда:

فَمَن كَانَ يَرْجُو لِقَاءَ رَبِّهِ فَلْيَعْمَلْ عَمَلًا صَالِحًا وَلَا يُشْرِكْ بِعِبَادَةِ رَبِّهِ أَحَدًا

«.....Кімде кім раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын»[3],  - дейді.

Ниеттер тек Алланың разылығы үшін болуы қажет. Игі іс істеуде ең бастысы жақсы ниетте болу қажеттігі жайлы мына бір хадисте айтылған:

 «Бір кісі: «Мен міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығып, оны (білмей) ұрының қолына ұстатады. (яғни, Алладан басқа ешкім білмей-ақ қойсын деген ниетпен түн жарымда байқаусыздан, қателесіп садақасын ұрыға беріп қояды) Таңертең (адамдар арасында): «Ұрыға садақа беріпті», - деген әңгіме желдей еседі. Сонда ол кісі: «О, Алла, мадақ Саған тән (барлық жағдайда өзіңе шүкірлер болсын! Мен міндетті түрде (мұнан да артық етіп) садақа беремін», - деп (бар ниет-ықыласпен) садақасын (келесі түні жасырын түрде тағы да) алып шығады да, оны жезөкшенің қолына ұстатады. Таңертең (адамдар): «Түнде біреу жезөкшеге садақа беріпті», - деп әңгіме қылады. Сонда ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! (Мен садақаны) жезөкшеге (беріппін), бұйыртса (тағы) міндетті түрде садақа беремін», - деп садақасын алып шығып (келесі жолғы түнде) бай кісінің қолына ұстатады. Күндегідей таңертең (адамдар): «Бай адамға садақа беріпті», - деген әңгімені гу ете түседі. (Мұны естіген) ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! (Мен садақамды) ұрыға, жезөкшеге және бай адамға (беріппін)», - дейді. Сонда оған (біреу) келіп: «Ұрыға берген садақаң, мүмкін оны ұрлық істемеуден қайтарар, жезөкшеге бергенің, мүмкін оны зинадан (жеңіл жүрістен) қайтарар, ал бай адамға бергенің, мүмкін ол ғибрат алып, Алланың берген (байлығынан Алла жолында) жұмсайтын болар», - деп айтты»[4], - делінген.

Сондықтан, мұсылман адамның шынайы ниетпен жасаған әрбір жақсы амалы сауапқа кенеледі және  қайтарымы Алладан болады.  Яғни бұл амал Алла Тағаланың Құран Кәрімде:

وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

 «Расында, Алла жасаған игіліктеріңді (өте жақсы) біледі[5]» деп ескерткенімен дөп келеді.

Сондықтан да исламда ниеттің алатын орны бөлек. Жаман ниет үшін күнә арқаласаң, жақсы ниет үшін сауап аласың. Сауап алу үшін ниетің таза болу керек. Амал іске аспай қалса да таза ниет жақсылыққа апарады. Яғни жақсы бір іске ниет етіп, ісің іске аспай қалса да сауап аласың.

Ислам ғұламаларының айтуынша, амалдан бұрын ниет етуді үйрен! Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Ниеті тура болғанға Алла да тура болады.

Мәселен, адамға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алайда ол басқалар қажы деп айтсын деген ниетпен барса, қажылық парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ сауабынан қағылады. Егер қажылық барысында сауда жасай келейін деген ниетпен шықса, алайда қажылық жасау ниеті басым болған жағдайда, қажылық сауабын алады. Егер керісінше сауда жасап қайту ниеті басым болса, қажылық сауабын ала алмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі.

Дәл сол секілді парыз болған оразаны ұстау арқылы ауруынан жазылайын деген ниет болса, сауап болмайды. Тек парыз болған ораза мойнынан түседі.

Намаз оқу да әрбір исі мұсылманның басты парызы. Парыз болған намазды Алланың алдындағы негізгі міндет деп санамай, оны денсаулыққа пайдалы денешынықтыру ниетінде оқыса, намазы дұрыс болмайды, тек денешынықтыру жасағандай ғана болады.

Исламдағы әмір етілген міндеттерді дүние үшін істесе дұрыс әрі қабыл болмайды. Ол дүние үшін жасалған болып саналады. Керісінше дүние ісі ақыреті үшін жасалса ғибадат болып есептеледі.

Алла елшісі (ﷺ):

إِنّ اللهَ تَعَالَى يُعْطِى الدُّنيا عَلَى نِيةِ الْآخِرَةِ وَأَبى أَنْ يُعْطِى الْآخِرَةَ عَلَى نِيةِ الدُّنيا

«Алла ниеті ақырет үшін болғанға дүниені де береді. Ал ниеті дүние үшін ғана болғанға ақыреттегі сауапты бермейді»[6] десе, тағы бір хадисте:

 «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді»[7] деген.

Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):

 «Алла Тағала қиямет күні кейбір қауымдарды жүздерінен нұр шашқан халде махшар алаңына әкеледі. Олар арнайы дайындалған биік жерлерде болады. Адамдар оларға қызығып қарайды. Бірақ олар пайғамбар және шәһидтерден емес. Олар жайлы бір топ сахабалар сұрағанда, Алла елшісі: «Олар Алла үшін бір-бірін жақсы көрген, әртүрлі рулардан, әртүрлі елдерден Алланы еске алу үшін бір жерге жиналып, Аллаға құлшылық еткендер»[8] дейді. Алланың құдіретін, шеберлігін, ілімін еске алу үшін бір жерге жиналғандардың мәртебесінің махшарда қандай жоғары екенін ескертуде.

Жалпы мүминнің ниеті әрдайым ізгі болғандықтан амалынан да жақсы екенін айтып отыр.

Кейбір ғұламалар: «Бір мұсылманның иман мен салих амалдарының тұрақты ниетте болуы, ол үшін өмірінде жасаған амалдардан да жақсы» деген.

Алла елшісі (с.ғ.с):

Алла Тағала қиямет күні сақтаушы періштелеріне: «Бәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны мынаны жаз деп бұйырады. Періштелер: Уа, Раббым, бұл құлдың ондай бір нәрсесін сақтамадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ дегенде, Алла: «Құлым бұл нәрселерді мүмкіншілігі болса істеуді ниетіне алған еді»,[9] - деп жауап береді.

Сондықтан ниет адамды небір жақсылыққа жетелейді. Тіпті бұл дүние мен қатар о дүниеде нәтижесін көреді. Ғалымдарда мынандай сөз бар:

السُّبْقُ بِالْهِمَمِ لَا بِالْقَدَمِ

«Жақсылықта алға шығу аяқпен емес ниетпен болады».

Кейде адам ауырып, кейбір амалдарды орындай алмай қалса да ниетіне қарай амалды жасағандай болады. Амалды жасағандай болуы сауапқа ие болғаны. Алла елшісі бір соғыста болған кезінде:

 

عَنْ أَنَسٍ , أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ:لَقَدْ تَرَكْتُمْ بِالْمَدِينَةِ أَقْوَامًا مَا سِرْتُمْ مَسِيرًا وَلاَ أَنْفَقْتُمْ مِنْ نَفَقَةٍ وَلاَ قَطَعْتُمْ مِنْ وَادٍ إِلاَّ وَهُمْ مَعَكُمْ فِيهِ قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَكَيْفَ يَكُونُونَ مَعَنَا وَهُمْ بِالْمَدِينَةِ فَقَالَ حَبَسَهُمُ الْعُذْرُ.

Әнастан келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Сендер Мәдинада бір қауымды тастап кетіп бара жатырсыңдар, сендер қанша жер жүріп, артта қалдырсаңдар да, қанша садақа берсеңдер де олар сендермен бірге». Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, қалайша олар  бізбен бірге бола алады, олар Мәдинада емес пе?» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Олар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмады" деді. [10]

Хадисте көріп тұрғанымыздай, пайғамбарымызбен (с.а.у) бірге жорыққа шығуды қалаған кейбір мұсылмандар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмай қалған. Дегенмен мұсылмандармен бірге болуды ниет еткендіктен солардың амалындай сауап жазылады.

Қиямет күнінде бір кісі әкелінеді. Ол адамның таулар сияқты жақсылығы мен қайырлы істері болады. Сол кезде мынандай дауыс естіледі: бұл адамның үстінде кімнің хаққы болса келіп алсын. Біраз кісі келіп, жақсылықтарынан алғанда, ол бар сауабынан айырылады. Сөйтіп таңғалып тұрғанда, Алла Тағала ол құлына: «Сен үшін менің құзыретімде бір қазына бар. Періштелерге және жаратылыстың ешбіріне ол қазынамды білдірмедім» дегенде, ол пенде «Уа, Раббым, ол қазына қандай нәрсе?» деп сұрайды.  Сонда Алла Тағала: «Ол қазына қайырлы іс істеудегі ниетің» деп түсіндіреді.

Данышпандардың бірі: «Сырттай ұсақ көрінетін қаншама амал бар, бірақ ниет оны үлкейтеді. Көрінісі үлкен болған қанша амал бар, оны ниеті кішірейтеді» деген.

Мына бір оқиға ниеттің қаншалықты маңызды екенін пайымдатады. Исрайыл қауымында құлшылығынан жаңылмаған бір мұсылман өмір сүреді. Бірде бір топ кісі оған сол маңда ағашқа табынатын қауым барын айтады. Әлгі тақуа кісі ол жағдайға ашуланып, балтасын алып әлгі ағашты шауып тастау үшін жолға шығады.

Сол кезде шайтан бір шал кейпінде алдынан шығып, жөн сұрасады. Ол ағашты кесуге кетіп бара жатқанын айтады. Шайтан ол ағашты саған кестірмеймін деп өзімен алыса кетеді. Мұсылман кісі оны жығып алғанда, шайтан бір сөз айтуыма рұқсат ет деп жалынады. Рұқсат алған шайтан «Алла бұл істі саған парыз етпеді. Ол ағаштың саған ешбір зияны жоқ. Сен оған құлшылық жасамайсың. Қаншама пайғамбарлар бар. Егер Алла қаласа, бірін жіберіп кестіретін еді» деп азғырып көреді. Оның қайтпасын байқағанда тағы да алыса кетеді. Тағы жыққанда, шайтан тағы жалынып, сөзімді тыңда дейді: Сен жағдайы жоқ адамсың. Бұл істі істеуден бас тартсаң, күн сайын үш алтын беріп отырамын. Оларды әр күн жастығыңның астынан тауып алатын боласың. Солай қажетіңді өтейсің, әрі туысқандарыңа жақсылық жасайсың, пақырларға көмектесесің және сол секілді көптеген қайырлы іске мұрындық болып сауапқа қаласың. Ал ағашты кессең, тек бір сауап аласың, ол да пайдасыз. Өйткені халық екіншісін егеді» дейді.

Пенде бұған көнеді. Екі күн бойы ақшаларды жастығының астынан тауып, үшінші күні таппай қалады. Ашуланып балтасын тағы алады да ағашты кесу үшін жолға шығады. Жол-жөнекей шайтанға жолығып, тағы алыса кетеді. Бұл жолы шайтан адамға әл бермей жеңеді. «Мені қалай жеңіп кеттің?» деп сұраған адамға ол: Алғашында сенің ниетің тек Алла разылығы үшін болатын. Сондықтан Алла менің қуатымды алып қойды. Ал бұл жолы сенің қу құлқының ақшаны ойлап кетті, сондықтан жеңілдің» деген екен.

Сондықтан ниетте негізгі шарт - ықылас. Ықылас болмаған барлық істің ешбір маңызы жоқ. Ниетінде тек Алланың разылығын алуды көздесе, әрбір әрекетінен сауапқа ие болады. Ықылас жоқ болған амалдар ешбір пайда әкелмейді. Адамның әрбір істеген істерінің қандай ниетте болғаны сұралады. Жасаған амалдарын қандай мақсатта істегенінің есебі сұралады. Алла елшісі (ﷺ): «Қиямет күні Алла Тағала дүние тіршілігінде айтқан уағызын қандай мақсатта айтқанына дейін сұрамайтын ешбір пенде болмайды». Негізгі мақсатың не? Қандай ниетпен сөйледің? Алланың разылығын алуды ма әлде халықтың көзіне түсу үшін бе? деген сұрақтар қойылатын болады.

Ниеттің сыншылдығы жайында тарих кітаптарында мынандай керемет оқиға бар. Бірде бір топ ұры үлкен керуен жайында естіп, сол керуенді тонауға жолға шығады. Зымиян мақсаттарына жетіп, күн батып уағдаласқан жерлеріне бара алмай қалады, ақыры сол маңдағы бір үйлердің бірінде түнемекші болады.  Шеткі бір үйдің есігін қағып, өздерін Алла жолында дін жайып жүрген адамдар ретінде таныстырады. Мұны естіген үй иесі қуана қарсы алып, бөлек бөлме дайындатқызып, ас әкеліп, асты-үстіне түсіп, қызмет жасайды. Сол үйдің туғанынан бір мешел баласы болады. Ертеңіне ұрылар кеткеннен кейін үйдің иесі әйеліне: «Бұл Алла жолында жүрген ізгі жандар дәреттерінен қалған суларын баламыздың денесіне жағып сипашы мүмкін олардың берекетімен Алла шипасын берер» деді. Әйелі айтқанын бұлжытпай орындайды. Кешке ұрылар бұрынғы әрекеттерін жасап, жұрттың көзінен таса болу үшін әлгі үйге қайтып келеді. Үйге қайтып келген олар өз көздеріне өздері сенбей біраз тұрып қалады. Кеше ғана төсекке таңылып жүре алмай жатқан баланың бүгін өз аяғымен жүргенін көреді. Олар үйдің қожайынына: «Кеше ғана балаңыз мешел еді, бүгін қалайша жүріп кетті» деп, таң қалысты. Үйдің иесі: «Иә, сіздердің шарапаттарыңыздан осылай болды дәрет алған суларыңыздың қалдығын алып, балама сүртіп едім, Алланың құдіретімен,  сіздердің берекелеріңізбен жазылып кетті, сіздер Алланың жолында жүрген оның сүйікті құлы емессіздер ме?!» деді. Әлгі адамның шынайы ниетіне тәнті болғаны соншалық, көздеріне жас келіп жылап жібереді, жылап тұрып былай деп  айтады: «Біз сен ойлағандай дін жаюшы Алланың сүйікті құлы емеспіз, біз анығында кісі өлтіріп, жол торыған қарақшылар едік. Алла балаңды сенің шынайы ниетің үшін ауруынан жазды».

Ақырында олар барлығы тәубесіне келіп, алған заттарын иелеріне қайтарып, басында үйдің иесіне өздерін таныстырғандай әлемнің әр тарапына Алланың дінін жаюға кетеді.[11]

Алла Тағала баршамызды ниет, ықыласымыз тек Алланың разылығы үшін жасаған құлдарынан болуымызды нәсіп етсін! Аумин!

 


 

[1] Муслим хадистер жинағы

[2] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[3] Кәһф сүресі, 110-аят.

[4] Муслим, Бұхари хадистер жинағы

[5] Бақара сүресі, 273-аят.

[6] Ибн Мубарактан жеткен хадис

[7] Дәйләмидің хадистер жинағы.

[8] Табарани хадистер жинағы

[9] Қуртуби тәпсірінде келген.

[10] Ахмад хадистер жинағы.

[11] http://www.okaz.com.sa/new/mobile/20140219/Con20140219678524.htm

 

 

Пікірлер Кіру