«СҮЛЕЙМЕНШІЛЕР» ЖАМАҒАТЫ

12 сәуір 2023 7927 0
Оқу режимі

«Сүлейменшілер» деген атау – Сүлеймен Хилми Тунаханның шәкірттеріне және солардың соңынан ерушілерге берілген есім.

Бұл жамағаттың тарихи дәуірде басынан өткерген оқиғалары екі негізгі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – Сүлеймен Хилми Тунаханның өмірде болған уақыты. Екіншісі – Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғаннан кейінгі кезең. Аталмыш екі кезеңнің өзін Түркия елінде орын алған саяси өзгерістер аясында өз ішінде бірнеше бөлімге бөліп қарастыруға болады.

Ол үшін алдымен Сүлеймен Хилми Тунахан деген кім? Алдымен осы сұраққа жауап беріп көрелік. 

Сүлеймен Хилми Тунахан 1888 жылы қазіргі таңдағы Болгария Респубикасы, Силистра қаласы, Разгард кентінің Ферхатлар (Делчево) ауылында дүниеге келген.

Әкесі ұстаз болған Сатырлы медресесінде білім жолын бастаған Сүлеймен Хилми Тунахан бұл жерді бітіргеннен кейін, Силистра орта мектебінде білімін жалғастырады. Сосын білімін толықтыру үшін Стамбулға келеді. Стамбулда 10 жылдан астам уақыт араб тілі, тәпсір, хадис және т.б. білімдерді үйреніп, соңында ұстаздық қызмет ету мәртебесіне ие болады және «Құзат» (қазилар) медресесін тәмамдайды. 1920 жылдың 1 маусымынан бастап Османлы сұлтанының бұйрығымен жалпы ұстаз болып қызметін бастайды. 1922 жылы жалпы ұстаздық қызметімен қатар «Дәрул Хиләфәт Әл-Алия» медресесінің бірінші бөлімінде түрік тілі оқытушысы қызметін қоса атқарады.

1923 жылы Осман империясы құлап, орнына Түркия республикасы құрылғаннан кейін елде бірқатар өзгерістер орын алып, діни саясаттың да бағыты ауысады. Бес жылға созылған осы ұстаздық қызметінен кейін 1924 жылдың 3 наурызында «Білім жүйесін біріздендіру заңы» бойынша медреселер алдымен Білім министрлігіне қаратылып, сосын жабылып қалады. Алайда, Сүлеймен Хилми Тунахан қызмет еткен бастауыш медреселер «Имам Хатиб» мектебіне айналдырылады. Бірақ, Сүлеймен Хилми мұндай жүйемен лайықты түрде діни білім берілмейді деген қорытындыға келіп, өз еркімен қызметтен босайды.

Сонымен қатар, Сүлеймен Хилмидің «Жалпы ұстаздар бірлестігінің» хатшылығы қызметін атқарғаны белгілі. Бір жиналыста аталмыш бірлестіктің мүшесі, кейіннен имам, уағызшы секілді қызметтерге кеткен 500-520-ға жуық «Стамбул ұстаздарын» діни білімдерді оқыту ісін жалғастыруға шақырады. Осы жиналыстан кейін өзіне қолдау көрсеткен бірнеше ұстаздармен бірігіп, ресми орындарға хат жолдайды. Ол хатта: «Біз, яғни төменде есімдері жазылып, қолдары қойылған жалпы ұстаздар еліміздің «Жаппай соғыс» секілді үлкен бір пәлекеттен аман-есен шыққандығы себепті қаржылық таршылықта екендігін есепке ала отырып діни және шариғат ілімдерін ақысыз түрде оқытуға әзір екенімізді білдіреміз...», - деген сөздермен діни білімді ешбір ақысыз үйрете алатындықтарын жеткізеді. Алайда, бұл ұсынысқа «Мемлекетте білім беруді біріздендіру заңы қолданыста тұр. Ал, бұған қайшы әрекет еткендер аяусыз жазаланатын болады», - деген жауап алады. Көп ұзамай «Жалпы ұстаздар» бірлестігі де жабылып тынады.

Осыдан кейін Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғанға дейін өз бетімен шәкірттер тәрбиелеп, жер-жерде Құран курстарын ашып, халыққа діни білім үйрету істерімен және дағуатпен шұғылдана бастайды. Осылайша көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ол шәкірттері де түрлі деңгейде діни қызметтер атқарып, біраз жамағат қалыптастырды. Ол осы қызметі барысында бірнеше рет қудалауға ұшырап, түрмеге де отырып шығады.

Сүлеймен Хилми  1959 жылы 16 қыркүйекте дүние салғандығы себепті бүкіл қоғамдық ұйымдарда орын алатын жағдай бұл жамағаттың да басына келеді, яғни, жамағат біраз тоқырауды бастан өткереді.

Алғашқы кезеңде жамағаттың құрылымында басшылық қарарлары «Кеңес» арқылы қабылданғаны және бұл қарарлардың қабылдануында ықпалды болған «Ақылдастар алқасы» болғанын байқауға болады. Бұрын осы жамағаттың өкілі болған Хилми Түркменнің айтуы бойынша, бұл алқаның жетекшілігін Тунаханның күйеу баласы Кемал Кажар бастаған Халит Башар, Хусейн Каплан сынды өз аймақтарында сөздері өтетін, беделі бар кісілер жүргізген. Жамағат біраз уақыт осы аталған кадрлар ұжымдық түрде басқарылса, кейіннен тек Кемал Кажар ғана жетекшілік міндетін атқарған. Кажар бұл уақытта Кутаһиа депутаты болуымен қатар, Еуропа кеңесіндегі Түрік депутаттар алқасының да мүшесі еді. Бұл жағдай арқылы ол әрі өзінің харизмалық қуатын арттырып, әрі жамағаттың елдің ішіндегі және тысындағы ұйымдарын үйлестіруге үлкен үлес қосқанын көруімізге болады. 1960 жылдары бұл жамағаттың Түркия елі бойынша 3000-ға жуық Құран үйрету орталықтары қызмет атқарады. Осылайша олар Түркия Дін істері басқармасымен бәсекелесетін деңгейге де жақындайды.

Қызметтерін жалғастырып жатқан уақытта 1971 жылы 17 қазанда Сүлейменшілер жамағатына тиесілі Құран курстары ғимараттары мен бөлімшелерін пайдалану құқығының Дін істері басқармасына өткізілуін талап ететін жарғы қабылданады. Тез арада өткізілмеген ғимараттарда жұмыс жүргізіп жатқан курстарға тиесілі рұқсат қағаздарының  күші жойылатындығы да білдіріледі. Бұл кезеңдегі Құран курстарының көпшілігі жамағатқа байланған кісілер құрған бірлестіктердің жетекшілігінде болғандықтан, бұл әрекет Сүлейменші жамағатына өте ауыр тиеді. Жамағат мұны шешудің жолы ретінде бірлестіктердің аттары мен жарғыларын өзгерте бастайды. Бірнеше мәрте қайталанған бұл өзгертулердің нәтижесінде бірлестіктер тиесілі болған федерацияның аты ең соңында 1980 жылы 4 сәуірде «Курс және мектеп оқушыларына жәрдем беру бірлестіктері федерациясы» болып бекітіледі. Осылайша Диянеттің (Дін істері басқармасы) бақылауынан шығып, Ұлттық білім министрлігінің бақылауы мен қадағалауына жататын мекемеге айналады. Жамағаттың жауапты кісілері бұл жағдайды бір мәжбүрліктен туындаған шара деп түсіндіреді. Бұл кезеңнен бастап Сүлейменшілер жамағаты өз әрекеттерін «Құран курстары» емес «Шәкірттер үйі» (жатақхана) ретінде жүргізе бастайды.

Әлеуметтік тұрғыдан қарағанда 1971 жылдан бастап Диянеттің өзгерген заңнамасы себепті ұйымдық деңгейде қайтадан басталуға мәжбүр болған жамағат бұл жаңа құрылымы арқылы бір жағынан белсенділіктерін жаңартуға мүмкіндік алғанымен, екінші жағынан жамағаттан шығу және бөліну секілді жағымсыздықтарға да тап болады. Бүкіл қоғамдық топтар мен әрекеттердің негізін қалаушысы немесе лидері дүние салғаннан кейін уақыт өте келе алғашқы мақсатынан алыстайтыны, аз да болса бұзылып, алғашқы бағытынан ауытқитыны белгілі. Харизмалы лидерлердің айналасына жиналған топтарда жиі кездесетін және мүлдем дерлік құтылу мүмкін емес бұл әлеуметтік ақиқатты Сүлейменші жамағаты да бастарынан өткерген.

Ал, 1980 жылы Түркияда әскери төңкеріс орын алып, одан кейінгі кезеңде Сүлейменшілер жамағатына тиесілі жатақханаларды мемлекет меншігіне алу туралы сөз қозғалғанымен, бұл әрекет жалғасын таппай қалады. Мұның нақты себебі белгісіз. Дегенмен, бұл кері қадамның себебі ретінде заңсыз немесе қылмыс саналатындай дәрежеде қандай да бір жағдайдың болмағандығын алға тартады, сондай-ақ 1982 жылғы Конституциясына «иә» деген дауыс беріп, қолдауы турасында жамағатпен келісім жасалғандығын айтқандар да бар. Өйткені, бұл уақытта жамағат өкілдері саяси салмақты қызметтерден де орын алып алған болатын.

Бұлардан бөлек және ең ақылға қонымды көрінген себеп мынадай: 1971 жылғы оқиғадан сабақ алған, тәжірибесі бар жамағат сақтық ретінде бірлестіктерінің құрылымына өзгерістер енгізіп, оларды бір-біріне тәуелсіз түрде құрған және бірлестіктің мүлкін жекелеген тұлғалардың меншігіне бекіткен болатын. Бұл шара әр бірлестіктің дүние-мүлкінің бөлек-бөлек болып, қандай да бір мүлкін тәркілеу әрекеті үшін барлығына ортақ бір ғана іс қозғауға мүмкіндік бермей, әр бірлестікке жеке-жеке іс қозғау қажет болатындай жағдай туғызған еді. Нәтижеде Түркия бойынша 1000-ға жуық бірлестікті жабу туралы іс қозғау біріншіден, көп уақыт алады, онымен қоса, мемлекеттен қаражат талап етеді. Сондай-ақ, бұл жатақханаларды жабатын болса, ол жердегі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмайды және онсыз да қиыншылық жағдайда отырған Қаржы министрлігі бұл жатақханалар мемлекеттің қарамағына өткен жағдайда кадр, бюджет, төлемдер секілді айтарлықтай мәселелерге тап болатын еді. Оның үстіне бұл жағдайлардан кейін халықтың аталмыш жатақханаларға жасап жатқан көмектері де тоқайтынын ескерген биліктің соңғы сәтте кері шегінуге мәжбүр болғандығын аңғартады.

Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғаннан кейін жамағаттың жетекшілігін қолына алған Кемал Кажар 2000 жылы 17 маусымда өмірден өткенде жамағаттың таралып кететіндігі күтілгенімен, олар қазіргі уақытта да қызметтерін жалғастырып отыр. Кажар қайтыс болғаннан кейін басшылық жұмысын Сүлеймен Хилми Тунаханның немересі Ахмед Ариф Денизолгун алады. Ахмед Ариф Денизолгун 1995 жылғы сайлауда Анталия депутаты болған, 1998 жылдың 5 тамызы мен 1999 жылдың 18 сәуірі аралығында Көлік министрлігінде қызмет атқарған. Одан кейін орталықтарда да, ауылдық жерлерде де қанатын кеңге жаюды жалғастырып жатқан жамағаттың соңғы кездерде қала орталықтарындағы қызметтеріне көбірек басымдық бергендігі байқалады.

Ал, әлемдік масштабта қарайтын болсақ, бұл жамағатқа тиесілі жатақханалар қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Алғашқы кезеңде бұл жатақханалар «медресе» деген атаумен құрылған болатын. Мұнда алғашқы кезде діни білім ашық түрде үйретіліп, тіпті, арнайы намазханасында жұма намаздары өткізіліп келген. Кейіннен олар Түркия жерінде жылдар бойы жиналған тәжірибелері негізінде өздерінің атауларын өзгертіп, «Қайырымдылық қоры», «Шәкірттер үйі» деген секілді атауларға ие болып шыға келді.

Бұл жамағаттың халық арасындағы негізгі мақсаты жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйрету, сондай-ақ, жағдайы төмен немесе көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамсыз ету екендігін айтқанымен, астарында коммерциялық мақсаттың да жатқандығын айтуымыз керек. Өйткені, Түркия жерінде бұл жамағатқа тиесілі балабақшалар мен жеке мектептер, ауруханалар, туристтік компаниялар, қажылық компаниялары, сауда ұйымдары, баспа үйлері жетіп артылады. Сонымен қатар, базарлар мен жеке кәсіпкерлерден қайырымдылық мақсатында жинақталған қаржылардың да қайда кетіп жатқаны белгісіз.

Сол жамағат ішінде тәрбиеленіп шыққан шәкірттердің айтуынша, намаз соңында немесе басқа да уақыттарда Алла Тағаланы еске алып зікір еткенде, оймен көз алдында Сүлеймен Хилми Тунахан тұр деп елестетіп отырады. Дінімізде бұл амалдың ширкке (Аллаға серік қосуға) алып бару қауіпі бар екені айтылады. Екіншіден, ханафи мазһабын ұстанамыз дегенімен, кейбір шариғи мәселелер бойынша жергілікті діни басқарманың құжаттары мен пәтуаларына сәйкеспейтін тұстары кездеседі. Мәселен, құптан намазының уақытын анықтау, жұма намазының шарттары және басқа ұстанымдар. Үшіншіден, ақылға қонымсыз, шариғатқа томпақ болса да, тәрбиеленушілердің өз ұстаздарынан естіген әңгімелерін қалтқысыз ақиқат ретінде қабылдайтындығы байқалады. Мұндай зомбилік типтегі сенім адамның келешегі үшін қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті.

Алла Тағала елімізге амандық, мұсылман жамағатына ауызбіршілік бергей, дінде жік-жікке бөлінуден сақтағай!

 

Ержан НИЯЗОВ
«Төлебай» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру