СҮЙІНШІ НЕМЕСЕ ЖАҚСЫЛЫҚТЫ БӨЛІССЕҢ КӨБЕЙЕДІ

04 сәуір 2024 1697 0
Оқу режимі

Ғасырлар қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ ата-бабамыз, ұлттық болмысымызды дәстүрі арқылы айшықтап келген. Сондай игі салтымыздың бірі сүйінші сұрау. Жалпы сүйіншінің мағынасы жақсылықты жар салып, қуанышыңды бөлісу екені айтпаса да түсінікті. Өзге ұлттар мен ұлыстарда қайдам, қазақ ұлысында сүйіншінің орны ерекше.

Уа, зор сүйінші айтпайын,

Мұсылман болып туғанға.

Ләббәйкә деп рухым,

Хаққа мойынсұнғанға.

Шүкір айттың жарандар,

Жақсы мал шалып құрбанға.

Дүниеге айналып,

Тәңір берген дәулеттен,

Мақшар күні құр қалма – деп шежіреші – ақын Әбубәкір Кердері осыыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын жырына арқау етіп, мұсылман болудың соншалықты бақыт екенінсүйіншілеген. Ендеше, қалың қазағымыздың о баста мұсылман болып жаралып жаратушы Алласын танып, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткен жолымен жүріп, соңғы және хақ дін Исламның діңгегіне берік байланғаны шынымен де зор қуаныш. Ислам келгенге дейін де ұлттық тәрбиемізбен салт – дәстүріміз осы асыл дінімізден алшақ болмағаны ақиқат. Құдіреті күшті Құдай Тағала Расулымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)-ке лайықты үммет болған мұсылман мүміндерді жәннатпен сүйіншілегенін Құран аяттары мен хадистерден оқып, көңілімізге тоқып келеміз. Сонымен қатар  Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келгенде оның немере ағасы Әбу Лаһаб сүйіншіге өзінің бір құлын азат еткені, соңында Пайғамбарымыз өзінің сүйікті сахабаларының біразын жәннатпен сүйіншілегені қатарлы көптеген мысалдар жадымызда. Олай болса, сүйіншінің ең кереметі екі дүниенің бақытына жеткізетін мұсылман болып туылып, соған лайық амал еткеніміз деп түсінуге болады. Міне шариғатымыздағы осындай амалдар ұлтымыздың бағзы заманнан бергі кез келген жақсылығына  сүйінші сұрайтын дәстүрінен-ақ  қуанышты бөліссе көбейетінін меңзеп тұр емес пе? Осы үрдістен жаңылмаған бүгінгі ұрпақ та қандай да бір жақсылығы болмасын, ағайын – туыс, дос–жаранына тезірек жеткізіп, сүйінші сұрап жатады.

 Қазір құдайға шүкір, жаңарған қоғам дамыған заман. Қандай қуаныш болса да, ұялы байланыспен немес әлеуметтік желі арқылы «сүйінші» сұрай саламыз. Оны естіген келесі жақтағы туысыңыз әлде танысыңыз жақсылығыңызға ортақ екенін білдіріп: «Сүйіншің мойынымда» қуанышыңызды бөліседі.  Кейде осы уәдеміз сөз күйінде қалып, аяғы ұмытылып кетіп те жататыны рас. Осылайша қандай сүйіншілер қаншама адамның мойнында қалып барады екен десеңізші. Аталарымыз «Айтылған сөз, атылған оқ» демеп пе еді. Айтылғанша сөзі иесіне, ауыздан шыққан соң иесі сөзіне құл болатынын ескерсек, берген уәденің орындалғаны керек–ақ.

 Бұрындары, қалай еді? Тарихт  парақтап қалсаңыз дәстүр– салтымыздың бен әдет–ғұрпымыздың қандай әдебі болған түсіне қоясыз.

 Той жасаса ағайынға сауын айта шақырған бабаларымыз көптен күткен немесе ойламаған жерде бұйырған қуанышына ат шаптырып адам жіберіп, сүйінші сұратқан. Жақсылықты жар салуға ие болған адамның өзі мұндай іске жарағанын зор мәртебе санаған. Келген жерден ең алдымен «Ассалаумағалейкум» деп амандасудан бастаған сөз әлібін. Келесі жақ жүзінде жақсылықтың лебі ескен адамға «Уағалейкумассалам» деп амандығын алғанан кейін «Жол болсын», деп айтады. Жолаушы «Әлей болсын, жолдамақ сізден болсын» бұйымтайын айтуға ишарат жасап,«Сүйіншіме не бересің» деп ізгі жаңалықтың бағасын аттырған. «Қалауын болсын» дегенде барып, қандай қуанышты хабар әкелгенін жеткізген. Мұндайда атымтай жомарттары ат мінгізіп, шапан жапса, енді бірі барын беріп, көңілін қош ететін. Ал жоғарыда айтылғандай «Қалауын болсын» денді айтқан сүйінші сұраушының қалауын беріп бір-ақ аттандырған. Тіптен аса қуанышты хабар естіген күнді «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп атауының өзінде үлкен сыр жатыр.

Атадан балаға жеткен «Сүйінші» дәстүріміз қазіргі таңда  көп жағдайда тілдің ұшында ғана қалған секілді сезіледі.

Қалай дегенде де, сүйінші сұрау, сұрағанын беру ағайын арасын бұрынғыдан да жақындатып, туыстықтың іргесін беріктей түсетіні шындық. Яғни, кішкентай ғана қуанышын сүйіншілеу арқылы ұлан-асыр тойға айналдырып жіберу адамзат баласының ішінде қазаққа жарасып тұратындай. Олай болса, осы бір алысты жақындатып, танысты туықа айналдырып жіберетін игі дәстүрімізді өз сәнімен салтанатын жарастырып, іске асырып, жас ұрпақтың санасына да сыналай сіңдіре білгеніміз жөн. Бір қарағанда «Сүйінші сұрады, біреуі берді, енді бірі бермеді онда тұрған не бар» санауымызға болады. Бірақ, «СҮЙІНШІ» деп ауызбен айтыла салған сөздің астарында қаншама жақсылықтың бұлақ-бастауы жатқанын ұмытпайық.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

   

 

Пікірлер Кіру