«ТӘҢІРШІЛДІК» ЖОБАСЫНЫҢ АРТЫНДА НЕ КҮТІП ТҰРҒАНЫН ҚАРАҢЫЗ...

09 тамыз 2024 1872 0
Оқу режимі

Қазақ қоғамы арасында соңғы кездері Ислам дінін ұстанушыларға қарсы «арабқұл» деп айыптап шыға келетін тенденция белең алуда. Бұл айыпты тағушылар да өздерінше «түріктік мәдениеттің насихатшыларымыз» деген ұранды жамылған тәңіршілдік дүниетанымды жайғысы келетін белгілі бір топ. Олардың түсінігі бойынша «Ислам діні – араб мәдениетін жаюшы бір дін». Олар күллі адамзатқа жіберілген Ислам дініне осындай тар түсінікпен ғана қарайды.

Тәңіршілдік – түрік халықтарының Ислам дінімен танысып, осы дінді қабылдағаннан бері келмеске кеткен бір дүниетаным. Ал бүгінде бұны қайта жаңғыртуды көксейтіндер – бар болғаны қазақтың ішіне бүлік салып, бірлігінен ажыратуды қалайтындардың жобасына құрал боп отырғандар ғана.

Бұларды «ұлттық және діни араздықты қоздырушылар» десек болады. Ал мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабына сәйкес, яғни «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмысқа тартылуы тиіс.

Кешегі Өтеміс Махан деген біреудің қажылыққа қатысты сұхбатын шығарып, отқа май құйып отырғандардың да пиғылы – Исламға қарсы ақпараттық шабуыл жасау, тәңіршілдердің қолтығына су бүркуден басқа ештеңе де емес.

Олар «Ислам діні арқылы араб әлемін, араб мәдениетін түрік мәдениетінен жоғары қою саясаты жүруде» деген негізсіз желеулерді таратуда. Әрбір сөзі мен сөйлемінде Исламды түріктік мәдениетке қарсы бір дін етіп көрсетуге тырысады.

Олардан «Адам атаның ұлты кім?» деп сұрасаң, «ұлты – еврей!» деп те жүр. Сөйтіп, бүкіл адамзатты еврейлерден таратып айды аспаннан бірақ шығаруда. Біз түріктер де Адам атадан тараған шығармыз?.. Сонда біз де еврей болғанымыз ба? Міне, әсірешілдік қарапайым ақиқаттардың өзін бүркемелеп, сау ақылға тұсау болады. Адамда ынсап деген болу керек.

Ислам діні ешқандай да араб мәдениетін насихаттаушы дін емес. Түріктерді Исламнан бөлек қарастыру, Исламнан бөліп-жару – ұрпақты тарихынан бездіру, тарихи санасынан ажырату деген сөз. Жаһандық күштердің саясаты мен көксегені де осы. Халықты тарихи санасынан ажыратса – мәңгүртке айналдыру да оңай болады. Ал ондай мәңгүрт, тобырға айналған елді басқару да қиын емес. Сол үшін пиғылы жаман сыртқы күштер ел ішінде «тәңіршілдік» секілді жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып, оған қыруар қаржымен демеушілік жасайды.

Біз түріктер қаншама Ислам мемлекеттерін құрған халықпыз. Ислам арабтың діні болса, біздер неге баяғыда араб боп кетпегенбіз? 70 жыл Кеңес Үкіметінің отарында боламыз деп, орыс боп кете жаздадық емес пе, ал Исламды қабылдап, сонымен 12-13 ғасыр бойы біте-қайнасып кеткен түріктер қалайша араб боп кетпеген? Демек, мұсылман болу – араб болу емес.

Мысырда билік жүргізген Тұлын және Ақшит әулеттері, Оңтүстік аймағымызды түгел жайлаған алғашқы мұсылман түрік мемлекетін құрған Қарахандықтар, Қорасан аймағынан Солтүстік Үндістанға дейін мемлекет құрып, Ислам дінін жайған Ғазнауи әулеті, Сығанақ пен Қаратаудан шығып, Хорезм, Иран, Әзірбайжан, Күрдістан, Ираққа дейін мемлекет құрған Селжұқтар, Мәуеренахр, Бұқарадан бастап, Қорасан, Ауғанстан, Иранға дейін билігін жүргізген Хорезмшах мемлекеті, Мысыр мен Сирия аймағын билеген Мәмлүктер мемлекеті, Ресей мен Қазақ даласын жайлаған Алтын Орда хандығы, Әмір Темір бастаған Темір мемлекеті, Үндістанда қаншама мемлекет құрған Бабыр сұлтан бастаған Моғол патшалығы, қаншама жыл бойы мұсылман әлеміне халифалық қылған Османлы мемлекеті – бұлардың бәрі түріктер. Әрі бұл мемлекеттердің бәрі қоластындағы халықты (оның ішінде арабы да, күрті де, қыптиы да, африкалығы да, үндісі де, ауғаны да, тәжігі де бар) Ислам дінімен басқарып, Ислам дінімен осындай мәртебеге кенелген.

Түріктерді Исламнан бөлек көрсету, қазақты Ислам дінінен жеріту – осынау тарихымыздың бәрін мансұқтап, сызып тастау деген сөз. Бұның арты ұрпақтың мәңгүрттігі мен дүбаралығына алып келеді. Бұл барып тұрған тарихымызға жасалған қиянат пен опасыздық. Сондықтан да, сыртқы күштердің мұндай қитұрқы саясатына қуыршақ болмайық! Себебі, «тәңіршілдіктің» артында бізді Буриятия, Якутия, Хакасия және Сібірдегі түріктердің тағдыры күтіп тұр!

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру