«Тақуалық тесті»

09 қаңтар 2021 5314 0
Оқу режимі

Бірде қазынасын қайда көмгенін ұмытып қалған кісі ақыр соңында Имам Ағзамнан жөн сұрап барған екен. Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Бұл – фиқһ мәселесі емес. Дегенмен, саған бір жолын айтайын. Таңға дейін намаз оқы, есіңе түседі», – деп кеңес береді. Әлгі адам түнде намазға кіріседі. Көп ұзамай қазынасын қайда көмгені есіне түседі. Тез арада барып, теңгесін тауып алады. Таңертең имамға келіп алғыс білдірген соң: «Түнде намаз оқысам, теңгемді тауып алатынымды қайдан білдіңіз?» – деп сұрайды. Әбу Ханифа сонда: «Шайтан сені түні бойы намаз оқуыңа жол бермейтінін білгенмін. Аллаға шүкіршілік етіп, түнді толығымен құлшылықпен өткізгенің жөн болар еді», – деп жауап берген екен[1].

Байқағанымыздай, шайтан малғұн біздердің ықыласпен намаз оқуымызға барын салып бағады. Ал, оның белгілері қандай?

Ендеше, тақуалық тестін жүргізіп көрелік:

1. Намаз үстінде құлшылықтан кейін не істеу керектігі жайлы ой келе ме?

2. Намаз оқып тұрғанда, күйбең тіршілік мазалап, оның шешу жолдары табыла ма?

3. Құран Кәрім аяттарын оқығанда тіл күбірлегенмен, жүрекке жетпей жата ма?

4. «Аллаһу Акбар», «самиъа Аллаһу лимән хамидаһ» деп тәкбір мен тахмид айтқанда мағынасын жіті түсінбей айту әдетке айналып бара ма?

5. Намаз үстінде артық қимыл-әрекеттер жасайсыз ба?

6. Құлшылық кезінде көз қиығымен оқып тұрған жер мен адамдарды мұқият көресіз бе?

7. Намаз оқып тұрып, есінейсіз бе?

8. Намаз үстінде жаныңызда сөйлеген адамдардың сөзін анық естіп, не жайлы екенін ажырата аласыз ба?

9. Жылап оқу әрекетіңіз сәтсіз бе?

10. Имам намазды ұзақ оқыса, ашуланасыз ба?

11. Намаз рәкағаттары санынан жаңылысу жиілеп кетті ме?

12. Оқып болған соң, қай сүрені оқығаныңызды есіңізге түсіре алмайтын кездер кездесе ме?

13. Әр намазда бір-екі сүрені қайталау әдетіңіз бе?

14. Құптан намазын оқып болғанда, иығыңыздан ауыр жүк түскендей сезінесіз бе?

Егер «тақуалық тесті» сұрақтарының көбіне «Иә» деп жауап берген болсаңыз жағдай қиын. Бұл – намазда ықылас жоқтығын көрсететін белгілер. Іс насырға шаппай жатып, намазыңызды түзеңіз. Намаз түзелсе, басқа шаруа ретімен оңалады!

Руслан Қамбаров


[1] Ахмед бин Хажар Һайтами, «Хайрат Хисан», 99-бет

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру