Тасбақа кімдікі?

28 сәуір 2018 12717 0
Оқу режимі

Апта бойы таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеп қатты шаршайтындықтан бір мезгіл бой жазып тынығып қайту үшін қала сыртындағы жаздық бау-бақшалы үйімізге баратынмын. Бақшадағы жүзімдердің арасын араласаң, шаршағаныңды бірден ұмытып, сергіп шыға келесің. Әркез өзіммен бірге кішкене баламды да ала барып, табиғатты тамашалатқанды тәуір көрем. Апаруын-апарғанмен, оның не болса соған таңырқап сұрай беретін сұрақтарынан кейде жалығып та кететінмін. Бірақ сұраған сайын бірдеңе үйренетіндігін іштей сезем.

Қайта-қайта маған бір нәрсе көрсетіп:
- Бұл кімдікі? – деп сұрайды.Мен қолым тимей жатса:
- Ол  Алланыкі, балам, бізге пайдалансын деп берген, - деп қысқа қайырумен шектелем.

Бір күні бақшада баламмен бірге жүргенмін. Шірімесін деп жерге салбырап қалған жүзім ағаштарын жоғарғы талдарға байлап қойып жатырмын. Бір уақытта қасымдағы жүзімдердің әр жерге шашылып, рәсуәсі шығып желінгенін көргенде, өз-өзімді ұстай алмай:

- Бұны кім істеді екен?! Әттең, қолыма түссе, терісін сыпырар ем, - деп ашумен айғайлап жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Маңайымдағы тағы бір жүзімді жәукемдеп жатқан екі тасбақаға көзім түскенде, жандарына жетіп барып:

- Маған істегендеріңді өздеріңе де істемесем бе? - деп қатты ашуланып, екеуін де тұрған орындарында теріс төңкеріп тастадым.   Олар дәл осы қалыппен жата берсе, өздігінен тұра алмайтындықтарын, көп ұзамай өлетіндігі белгілі.

Арада бір апта өтер-өтпес балам мені тағы да жауған сұрақтың астына алды. Қасыма келіп:
- Әке, біздің жердегі бау-бақша кімдікі? - деп сұрады. Мен бұрынғыдай:
- Алланыкі балам, бізге пайдалансын деп берген, - деп жауап бердім.
- Онда сіз аударып кеткен тасбақалар кімдікі? – деп сұрағанда, мен ұялғанымнан үндей алмай қалдым. Өйткені оның не ойлағанын сезіп, өзімнің үлкен қателік жібергенімді ұққан едім.

Бірден тысқа шығып машинамды от алдыра сап жаздық бауымызға келдім. Тасбақалардың денелерін жерге жақсылап көміп, тым болмағанда қателігімді жуып-шайғым келді.

Машинадан түсер-түспес тасбақаларды тастап кеткен жағыма көз салғанымда, екі тасбақаның арасында бір құс ұшып жүргенін байқадым. Алғашында онша мән бермей, өлген тасбақалардың өлексесіне кеп жүрген болар деп ойладым да қойдым. Бірақ жақындап келіп қарағанымда, о, тоба, өз көзіме өзім сенбедім. Жаңағы құс ең жақын жүзімдерден бір-бірлеп тістеп әкеліп, аударылып жатқан тасбақаларды қоректендіріп жүр. Иә, тасбақалар өле қоймапты. Жатқан жерлерінде құс арқылы қоректеніпті.

Құстың екі тасбақаны өлтірмей қоректендіргенін ұғып,  Алла Тағаланың ғажап құдіретіне таңғалдым. Қатты қуана қастарына жүгіріп барып, екеуін де түзеттім. Құс менен қорқып ұшып кетті де, тасбақалар болса, бастарын қабықтарына тыға қойды. Ақырын аяңдап шөптердің арасына кіріп бара жатқан тасбақаларға ұзақ қарап ой құшағында тұрғанымда, балам жеңімнен тартты:

- Әке, сіз маған тасбақалардың кімдікі екенін әлі айтпадыңыз ғой?
 Мен баламның басынан сипадым:
- Ешқандай күмәнің болмасы, қалқам, олар да Алланыкі..

Құдайберді Бағашар

Пікірлер Кіру