ТӨРТ КЕДЕРГІ

25 маусым 2024 1277 0
Оқу режимі

Төрт кедергіден арылуымыз қажет:

 Ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп адамның ақыл-ойын билеп алған 3 кедергі түрін көрсетіп кеткен екен. Төртінші кедергіні өзім қостым. Ендеше, бірінші кедергіге көштік.

Бірінші кедергі — адамның желкесінде тұрады. Оны кертартпалық дейді. Мәселен, Мұратбек бір кездері отырып: «Осы мен жалқаулықты қойып, одан да барып ағылшын тілін үйреніп алсам қалай болады» деп ойлайды. Бірақ желкесі: «Мұратбек, қайтесің. Ағылшын оқымай-ақ та адамдар нан тауып жүр ғой. Кейінірек оқи жатарсың» деп ұстап қалады. Сол адамның желкесінен қырық адам ұстап отырады екен дейді Мәшһүр Жүсіп. Содан кейін әрине, түк істей алмай қаласың.

Екінші кедергі — жалқаулық. Ол құйрықта болады екен. Мәселен, қолыңа телефонды ал да, әлеуметтік желіде отырып көрші. Орныңнан тұрғызбай қояды, солай ма? Жұмысың көп екенін білесің. Бірақ телефоннан шыға алмай қаласың.

Үшінші кедергі — ұйқышылдық. Бұл дегеніміз күніне 8-9 сағат ұйықтау емес. Кейбір адамдар болады, үнемі бір нәрсені ойлап, уайымдап жүреді. Бір нәрсе жасауым керек еді деп, құр қиялмен бір шетте ұйықтап жүреді. Кейін ондай жандардың ұйқыдан оянуы қиын болады.

Төртінші кедергі — қорқақтық. Бәлкім, араларыңызда кертартпалықтан ада, жалқау емес, ұйықтап та жүрмейтін адамдар бар шығар. Бірақ, бір нәрсе бастарда қорқақтығы ұстап қалуы мүмкін. Ол да бірінші кедергі сияқты жібермей қояды. Сондыктан,бұл кедергінің бәрінен құтылу үшін адам өз-өзіне белгілі бір дәрежеде шектеу қойып отыруы керек. Компьютерге отырасың ба? 30 минут отыр да, ары қарай өз жұмысыңды жалғастыр. Алдыңа мақсат қой да, жоспар құр. Сол жоспармен әрекет ет. Мәселен, мен қағазға жоспарымды жазып, сол жоспармен жүремін. Ол жоспарымды орындамайынша, мен басқа нәрсеге көңіл бөле алмаймын. Сондықтан, сіздерге айтарым, адам жаны мен жүрегінің қожайыны болады. Бірақ, тәнің мен ерік-жігеріңе қожайын - Өзің. Осы төрт кедергіден арылмайынша, сіз ешқашан алға жылжи алмайсыз!

 

 Бейсен ҚҰРАНБЕК

(Алла ағамызды рақымына бөлесін)

Пікірлер Кіру