Туыстармен қарым-қатынасты үзу – мұнафықтың сипаты

13 шілде 2021 6074 0
Оқу режимі

Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Ей, мұнафықтар, егер сендердің қолдарыңа билік тисе, елде қырғын шығарып, тәртіпті бұзып, туысқандармен қарым-қатынасты аяқ асты етесіңдер. Міне, бұлар – Алла Тағаланың лағнетіне ұшырап құлақтары саңырау, көздері соқыр болған адамдар»[1].

Аятта айтылғандай, мұнафықтардың (екіжүзділердің) ең басты ерекшелігі – қолдарына билік тигенде адамдарды татуластыру, пайдаларына жарау емес, керісінше қырып-жою, бүлік шығару. Олар халықты басқаратын болса, әділет аяқ астында тапталып, зұлымдық  кең етек жайып, жәбірленушінің мұң-зары көктің қақпасына дейін жетеді. Мұнафықтардың осы ерекшеліктерімен қатар туыстармен қатынасты үзу, олардың жағдайынан бейхабар, мұң-мұқтаждықтарына сүйеу болудың орнына ат тонын ала қашу секілді қасиеттері бар. Олар туысқандардың арасын бұзып, ұрыс-керіс шығарып тұрады. Туыстарды іздемеу, хал жағдайын сұрамау, оларға ат ізін салмау – мұсылманның емес, мұнафықтың қасиеті. Бірақ туысқандармен байланысын үзген адамның бәрін мұнафық деп айтуға болмайды. Тек қана мұнафықтық сипатқа ие деуге болады. Себебі кімнің мұсылман, кімнің кәпір, кімнің мұнафық екенін Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

Туысқандық құқықтарға мойынсұну Алла Тағаланың әмірі болғандықтан жүрегінде иманы бар адам туысқандарымен байланысты үзбеуі керек. Оларға немқұрайды қарап, арадағы туысқандықты ұмытпауы, оларға кесірін тигізбеуі тиіс.

Әкім Алымуддинұлы


[1] «Мухаммед» сүресі, 22-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру