Уақып – сауабы сарқылмайтын садақа

05 тамыз 2021 6002 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Аллаға мадақ, пайғамбарға салауаттар болсын!

Адамның өмір сүру дағдысы мен діни таным-түсініктер күн сайын өзгеруде. Алайда біз «әр нәрсе өз асылына, негізіне оралады» деген тұжырымды сөздің өміршеңдігіне көз жеткізіп келеміз. Соның бір дәлелі ретінде айтатын жайт, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастау алып, ата-бабаларымыздан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан жақсы істің бірі, үзілмейтін садақаның түрі – уақыптың қайта жаңғыруы.

Сөздікте уақып «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні – белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Мысалы, үзілмейтін садақа жасауды ниет еткен адам жылжымайтын мүлікті Алла жолында уақып етсе, оның игілігін мұқтаж жандар ұдайы көреді.     

Біздің елімізде діни уақып жақсы дамып келеді. Діни уақып дегеніміз – құлшылық жасауға, білім алуға арналған жылжымайтын мүліктер (мешіт, медресе, жоғары діни оқу орны, қайырымдылық мекемесі, т.б.). Сонымен қатар, қайырымдылық уақып бағыты да қарқын алды. Қайырымдылық уақып дегеніміз – жылжымайтын мүлік пен қаржы көздерін сауапты істерге жұмсау.

Уақыптың тағы бір түрі – арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып дегеніміз – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде, сахабалардың кезінде уақыттың өзі тудырған уақып. Уақыптың бұл түрі әуелі адамның өз ұрпағына, содан кейін жалпы халықтың игілігіне жұмсалады. Мысалы, бір адамның екі дүкені болуы мүмкін. Ол біреуін ұрпақтарына қалдырып: «Осыдан түскен табысты екіге бөліңдер де жартысын қайырымдылыққа жұмсап, жартысын өздерің пайдаланасыңдар» дейді. Бұл сауапты қадам ұрпақтың да, жалпы халықтың да қамын жеуді көздейді. Шариғатымызда мұндай уақыптың түрін «муштарак уақыф» (ортақ уақып) деп атайды.

Осы ретте Ислам тарихынан бір мысал келтіре кетсек. Әбу Талһа (оған Алла разы болсын) деген кісі мәдиналық сахабалардың арасында бай мұсылман болатын. Оның өзге адамдармен салыстырғанда ең үлкен құрма бағы бар еді. Құрма бақтарының ішінде Бәйруһа деп аталатын бақты өзгеше ұнататын. Бұл бақ дәл мешіттің жанында орналасқан еді. Кейде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі баққа кіріп, бұлақтан су ішетін.

«Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) деген аят түскен кезде Әбу Талһа (оған Алла разы болсын) Алла елшісіне барып: «Уа, Расулалла! Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» деді. Мендегі бар дүние-мүліктердің ішінен Бәйруһа бағын өте жақсы көретін едім. Енді оны Алла жолында жұмсағым келеді. Иншалла, Алла Тағала бәлкім менің бұл садақамды қабыл етер», – дейді.

Осыдан кейін: «Уа, Расулалла! Осы бақты Алланың қалауы бойынша пайдаланыңыз», – дейді. Бұған ризашылығын білдірген Алла елшісі: «Бұл – қандай олжалы сауда!» – деп алғысын жеткізеді. Кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол сахабаға: «Бұл ісіңді қолдаймын. Бірақ оны туған-туыстарыңа, жақындарыңа таратқаның абзал», – деген екен. Ол Бәйруһа бағын жақындарына, туыстары мен ағайындарына теңдей бөліп берген екен.

Біз бұл оқиғадан Әбу Талһаның (оған Алла разы болсын) туыстарына арнайы уақып жасағанын анық аңғарамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне сыйға берілген бау-бақшаны (ол заманда бау-бақша ең үлкен табыс көзі ретінде бағаланған) уақып ретінде жұмсаған.

Бірде сахаба Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Хайбар жорығында бір жерді меншігіне алады. Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін қол жеткізбедім. Бұл жерге қатысты маған қандай әмір бересіз?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып ет те, одан түскен пайданы садақа қылып отыр», – дейді. Бұл – Исламдағы ең алғашқы уақып.

Сахаба Османның (оған Алла разы болсын) яхудиден сатып алған құдығын Мәдина қаласының тұрғындары әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Ол жерде халифаның құрма бағы да бар. Одан түскен қаражат сол заманнан бері пайғамбар мешітінің қажеттілігіне жұмсалып келеді.

Өз уағында Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салып, Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан үй тұрғызып, уақып жасады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қалалық советтен берген өзіне тиесілі үйді соғыстан ұлы қайтыс болған кейуанаға беруі (уақып жасауы) ұрпаққа мәңгі өнеге болып қалды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап дініміз бен дәстүріміздің жанашыр азаматтары өздеріне тиесілі ғимараттарды уақып жасап, сауапты іске үлес қосып келеді. Осындай игі қадамның арқасында елімізде осы кезге дейін Діни басқармаға қарасты 14 қайырымдылық мекемесі ашылды. Сондай-ақ мешіттер мен медреселер бой көтерді. Айта кетер жайт, аталған қайырымдылық мекемелерінде еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жас өрендер дініміздің, салт-дәстүріміздің асыл құндылықтарынан сусындап, діни һәм зайырлы білім алуда. Сонымен қатар оларды патриотизмге баулып, ғылыми жобалармен айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Білікті һәм тәжірибелі ұстаздар жас балаларға діни білім берумен қатар, оларды ғылыми ізденістерге баулып, жан-жақты білім нәрімен сусындатып келеді. Баланың болашағы үшін жасалған кез-келген сауапты іс – еліміздің өркендеуіне қосылған үлес деп атар едім.      

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», – дейді.

Уақып жасаушы адамның ниеті аса маңызды. Шариғатымызда: «Уақып етушінің сөзі – Құдайдың үкімімен тең» деген қағида бар. Яғни, уақыпқа берілген мүлік оны Алла жолында жұмсаған иесінің айтуы бойынша пайдалануға беріледі. 

Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі» дейді. Асыл дініміз өзгелерге көмектесуге, қамкөңіл жандардың қамын жеуге үндейді.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 30 жылдық мерейтойы аясында қоғамда көптеген қайырымдылық іс-шараларға ұйытқы болды. Игі бастаманың нәтижесінде өткен жылы халыққа әлеуметтік тұрғыдан қолдау болсын деген ниетпен демеуші азаматтардың көмегімен шалғай елді-мекендерге 73 құдық, 43 көпір салып, ел игілігіне бердік. Сонымен қатар Нұр-Мүбәрак университетінде білім алып жатқан 19 шәкірттің, өзге де зайырлы оқу орындарында оқитын 17 студенттің оқу ақысы ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры есебінен төленді. Оқу ақысы төленген 36 студент – көпбалалы отбасыдан шыққан немесе ата-анасынан ерте айырылған азаматтар. Тағдыр тауқыметі олардың толыққанды білім алуына кедергі болмасын деген ниетпен көмек қолын создық. Алла қаласа, көп ұзамай бұл ізгі амалдың жемісін көреміз. Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Олар ертең-ақ еліміздің игілігі мен болашағы жолында аянбай қызмет етеді. Ал «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 1 жылдың ішінде үйге аса мұқтаж 142 отбасыға (осыған дейін аталған акция бойынша 447 отбасы баспаналы болды) баспана кілтін табыстадық. Бұл – қайырымдылық уақып бағытында бір жылда жасалған жұмыстарымыздың нәтижесі. 

Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір, жол салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру – сауабы үзілмейтін уақып. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген.

Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымызты шашып, уақып жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз. Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен даналық бар. Бай кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында уақып жасаса – үлкен сауапқа кенеледі. Өйткені, уақып – сауабы сарқылмайтын садақа. Еліміздің кейбір жомарт азаматтары өзінің туып-өскен ауылына балабақша, мешіт, көпір, жол, спорт кешенін, т.б. салып, халықтың ықыласына бөленуде. Алла разы болсын!

Өздеріңізге белгілі, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамасымен 2017 жылы «Уақып» қоры ашылды. Қор діни ағарту жұмыстарына көмектесу, қайырымдылық жасау, әлеуметтік нысындар салу сынды ізгі істерге қолдау көрсетті. «Уақып» қоры Діни басқармамен тығыз байланыс орнатып, еліміздің 1400-ге жуық имам-молдаларына материалдық көмек беруде. Бүгінде «Уақып» қорының жұмысын толыққанды жүргізу мәртебесі мен құқығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілді.

Ендігі мақсат – уақып ісін орталықтандырылған жүйе негізінде жаңғыртып, қор жұмысын жаңа деңгейге көтеру. Бұған Діни басқарманың ресурстық әлеуеті толыққанды жетеді. Уақып ісі діни сала болғандықтан, бұл сауапты іспен Діни басқарма айналысқаны орынды әрі тиімді болады деп есептеймін. Өйткені, еліміздегі исламдық бағыттағы діни істерді үйлестіруші бірегей діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Барша мұсылман қауымын жаңа ізгі ісімізге үлес қосып, үзілмейтін садақа жасауға үндеймін. Сауабы сарқылмайтын садақадан құр қалмайық!   

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер Кіру