Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі

01 қазан 2019 17495 0
Оқу режимі

«Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жасқа қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады».[1] 

Хадиске түсіндірме: Пайғамбарымыз осы хадисті қуаттай түсетін тағы бір хадисінде: «Жастарымызға мейірімді болмаған әрі үлкендерімізді ізет тұтпаған бізден емес»,[2] – деген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) осынау өнегелі хадистері арқылы мұсылман жастарын кішіге мейірім төгіп, үлкенді ізет тұтпаудың мұсылмандыққа мүлде жат қылық екенін білдіреді. Әрине, сеніміміз бойынша, үлкенге құрметі, кішіге мейірімі жоқ адам діннен шығып кетпейді. Алайда, ол мұндай жат қылықтан арылмайынша, бойында кәпірге тән жағымсыз қылық болады.

Әсілі, дінімізде үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген».[3] Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр.

Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадисте адам баласы жас шағында үлкенге қалай қараса, қартайғанында жастар да оған дәл солай қарайтын болады делінген. Шүбәсіз, Алла Тағала үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған жас құлын қартайғанда елге сыйлы етеді. Ал, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеген жасты қартайғанда ел-жұртқа сүйкімсіз қылады. Майлықожа ақын осынау ақиқаты мына бір жыр жолдарымен шебер жеткізе білген:

Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар.
Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.
Жақсы қария белгісі жанып тұрған шоқ болар.
Жаман қария белгісі қайраңдап қалған сал болар».

Иә, шынында, мұны өмірдің өзгермейтін заңдылығы десек те болады. Асыл дініміз өмірдің осынау заңдылықтарын ескере отырып, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас пен бейбіт өмірдің ұйытқысы саналатын өзара сыйластық, сүйіспеншілік және бауырмашылдық сынды ізгілікке баулитын көптеген маңызды қағидаттарды алға тартқан. Соның бірі – «ел-жұрт өзіңе қалай қарасын десең, алдымен өзің оларға солай қарағын» деген маңызды ұстаным. Бұл қағида Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім өзінің тозақтан алыстатылып, жұмаққа кіргізілуін қаласа, Аллаға және ақирет күніне кәміл сенген күйде жан тапсырсын, сондай-ақ өзімен қалай қарым-қатынас жасалуын қаласа, өзі де өзге ел-жұртпен солай қарым-қатынас жасасын»,[4] – деген хадисінен алынса керек. Демек, өзгеден сый-құрмет көргіміз келсе, алдымен сол сый-құрметті өзіміз көрсете білуіміз керек. Сондай-ақғ өзімізге ұнамайтын қандай да бір жат қылықтың өзгелерге де ұнамайтындығын жадымыздан шығармауымыз қажет. Негізі, бұл жалпыға тән қағида болғанмен, жастарға да тікелей қатысы бар. Өйткені,

Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің,
Бір кетігін ұстап бақ», – деп Айбай атамыз жырлағандай, кәріліктің дауасы жоқ, бүгінгі жас Алла ғұмыр берсе, ертең-ақ кәрілік жетіп, қартаяды. Міне, сонда ол өз кезінде үлкендерге қалай қараған болса, жастардан да соны көрері сөзсіз.

Асыл дініміз бен салиқалы салтымызда үлкенге құрмет дегенде, ең алдымен ата-анаға құрмет меңзеледі. Ата-ананы құрметтеу – әр адамның перзенттік парызы. Қасиетті Құранда Алла Тағала бізге: «Бір Аллаға құлшылық етіңдер! Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар»,[5] – десе, енді бір аятта: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түһ» деп те айтушы болма, сондай-ақ, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені кішкене күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет»,[6] – деп бұйырады.

Жаратқан Иеміз осынау аяттар арқылы бізге, ең алдымен, бір Өзіне құлшылық етуді, содан кейін бірінші кезекте ата-анамызға жақсылық жасап, солардың тілеуін тілеуді, олардың көңіліне қаяу түсіретін әрекетке бармауды, тіпті, оларға қабақ шытып, «түһ» деген сөздің өзін айтпауды бұйырады. Сонымен қатар, Құранның басқа да аяттарында адамның адамға жақсылық жасауы мәселесі тілге тиек етілгенде, ең алдымен ата-ананы, әсіресе, қартайған шағында барынша жарылқап, бағу керек екендігі айтылады. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ата-анасы қолында қартайып, жұмаққа кіре алмаған кісінің жағдайы қандай өкінішті»,[7] – деген. Ендеше, Раббымыздың пәрменіне құлақ асып, ата-анамызға және ата-әжелерімізге тиісінше сый-құрмет көрсетіп, оларға өмір бойы жақсылық жасап өту – біздің перзенттік парызымыз. Шынтуайтында, оларға қанша жерден жақсылық жасасақ та, олардың бізге төккен мейірімі мен көрсеткен қамқорлығының қарымын қайтара алмасымыз анық. Дегенмен, үлкендеріміздің ықыласына бөлену біз үшін Раббымыздың разылығы мен шексіз шарапатына бөленудің бірден-бір жолы болып табылады. Ал, оларды құрметтемеу Аллаға асылық қылу болса, ренжіту Алланы ренжіткенмен тең.

Осы орайда, мына бір ғибратты әңгімені айта кеткен жөн болар. Бірде бір жас жігіт келіншегінің сөзіне еріп, қолындағы қарт әкесінен қалай да құтылудың амалын ойластыра бастайды. Ақыры, ормандағы қаңыраған ескі күркесі есіне түсіп, әкесін сол араға апарып тастауды ұйғарады. Сөйтіп ол бір күні қарт әкесін көлігіне мінгізіп алып, орманға қарай бет алады. Үйден шығарда енді ғана ес біліп келе жатқан кішкене баласы «мен де барамын» деп байбалам салған соң оны да өздерімен бірге ала кеткен еді. Лүпілдеген кәрі жүрегі бір сұмдықты сезсе де, қарт әке жол бойы баласына ләм-мим деп тіл қатпады. Тек жанындай жақсы көретін кішкентай немересін бауырына қысып, іштей егілумен болды. Межелі жерге жеткен соң баласы әкесін азын-аулақ жүгімен бірге қаңыраған қараңғы күркеге орналастырады да, бетіне тіктеп қарай алмай көзін төмен салған күйде күбірлеп қоштасқан бойда артына қайырылмастан көлігіне мініп, келген ізімен кете барады. Жол-жөнекей баласы «атамды қайда тастап кеттің», «атама барам» деп әбден мазасын алды. Ақыры, әкесінен мардымды жауап ала алмаған бала: «Әкешім, сен де атам сияқты қартайғаныңда, мен де сені осы орманға әкеліп тастаймын ба?!», – дегенде, әлгі жігіттің төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Баласынан мұндай сұмдық сөз естимін деп ойламаған ол бірден аттың басын кері бұрып, қайтадан күркеге қарай тартты. Қайта келген бойда өзінің кінәсін түсінген жігіт әкесінің аяғына жығылып, кешірім сұрай бастады. Сонда әкесі оған: «Балам мен сенің қайта келетініңді білгем, өйткені мен өз әкеме бұлай істемеп едім», – деген екен.    

Иә, Қазақта «ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» немесе «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөздер бар. Расында, салтымызда жастарға қарата айтылған мұндай тәрбиелік мәні зор өнегелі сөздер баршылық. Ата-бабаларымыз мұндай өнегелі сөздермен жастарға: «Ата-ананың қадірін көзінің тірісінде біліңдер, оларға қалай қарасаңдар, ертең өз балаларыңнан да соны көресіңдер», – деп тәлім-тәрбие берген. Расында, бұл қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пәк сүннетінен алынған теңдессіз тәлім екені даусыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді»,[8] – деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны һәм соған қарай әрекет еткені жөн.


[1] (Әнәс ибн Мәлік (р.а.) жеткізген, Тирмизи, китәбу әл-Бирр 75.
[2] Әбу Дәуід, Әдәб 58. Тирмизи, китәбу әл-Бирр 15.
[3] Әбу Дәуід, Әдәб 20.
[4] Муслим, имара 3431
[5] Ниса сүресі, 36 аят
[6] Исра сүресі, 24 аят
[7] Муслим, 9-10
[8] Бәйхақи, Сүннәтуль кубра,3-345. Мунәуи, Фәйзуль қадир, 5-432

Асқар Әкімханов

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру