Үлкеннен иман кетсе…

15 шілде 2019 8858 0
Оқу режимі

Адамның бойына күш пен сенім беретін, нәрлі сөзбен алдына даңғыл жол ашатын – бата. Ол – жақсы тілекті адал ниетпен білдіру. Түрлі жиын-тойларда, біреудің үлкенді-кішілі қуанышына ортақтасу сәтінде не дастарқан басында болсын аузы дуалы, сыйлы қариялар қуаныш иесіне арнап бата жасаған. 

Алайда бүгінгі уақытта батаға жеңіл қарайтын қарияларымыз көбейіп бара жатқан секілді. Бұлай деуге негіз көп. Көпшілік жиындарда елуді еңсеріп, алпысты алқымдап қалған қарияларға бата бер десең, күнделікті құлағымыз үйреніскен жеңіл тілектермен, мәселен, «ал не дейміз, бақытты болыңдар, ауырмаңдар, күліп-ойнап жүре беріңдер, аумин!» деп бетін сипай салады. Бұл жағдайда қолымызды жаярымызды не жаймасымызды білмей дағдарып қалатын кездеріміз аз емес.
«Батаменен жер көгереді», «Алтын алма, алғыс ал, алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйы» деген мақалдар текке айтылмағанын біле тұра, қазіргі ақсақалдарымыз тілек пен батаның айырмашылығын білмегені несі?!

Тілек – кез келген жерде, кез келген жастағы адамдар айтатын ниет білдіру сөзі болса, бата – әдемі ұйқасқа құралған өлең ырғағымен, құлаққа жағымды, қысқа да нұсқа бір екі шумақтан құра­лады. Батаның құдіреттілігі сонша, қай адам болмасын батаны алғанда ерекше бойы жеңілдеп, ойы тазарып шыға келеді. Сонымен қатар жай тілекке қарағанда батаны көпшілік шын ниетпен қабыл алады. Жай тілек құлаққа үйреншікті болған соң, оны айтып тұрған адам да, тыңдап тұрған жан да нем­құрайды қабылдайды. Сол себепті, жастар жағы тілекті мың құбылтып түрлендіріп айтса, сыйлы қариялар ақ батасын берсе, қай пенде болмасын еріксіз ынта қойып тыңдары анық.

Мұсылмандардың екі мерекесінің бірі – Ораза айт кезінде мынадай жағдайға куә болдым. Құрбымның үйіне айттап барғанымда, бізбен бірге жастары алпысты алқымдаған екі қария да ілесе кірді. Екеуі де дастарқаннан дәм татып отырғанымен, айтқа арнайы пісірілген жеті шелпекке бірде-бір қол созбады. Соңында үй иесі екеуінің біріне ас қайырып, бата беруін сұрағанда, әлгі кісі: «Мен әлі бата жаттамадым, әлі де уақыт бар үлгереміз, Астарың дәмді болсын» деді де қоя салды. Тіпті ол қылығын өзі әбестік көрмеді. Сол мезет дастарқан басында отырған жасөспірім бала мұрнын тыржитып: «Что такое бата?» дегенде көзіміз шарасынан шыға жаздады. Бата бере алмаған кісінің қылығынан кейін, бұл балаға қайтып ренжірсің.

Иә, қариядан иман кетсе, жастардан ұят кететінін екі қария сезіп пе, тіпті ойланып бас ауыртқысы келмейді. Бата-тілектен бөлек, қазір тағы да орта жастағы үлкен кісі­лердің іш қын­жылтатын әбес қылықтары да бар. Жас­тарына сай емес тірлік істеп жүргендер де кездеседі. Ғаламтор желісін ашып қарасақ, үлкендердің түрлі бейәдеп қылықтарына куә боламыз. Егде жастағы әйелдер шаштарын сап-сары түске бояп алып, жастардың түнгі клубта билейтін ерсі билерін, тойларда билеп жүргендерін көргенде айтарға сөз таппайсың. Бұдан бөлек жігіттері тастап кеткенге қыздары жылап жатса, шешесі де қосыла жылай­тын жайттар мен шетелдік ер-азаматты болашақ жарым деп ертіп келсе, «өзінің таңдауы ғой» дейтін немесе оң босағада отырып босанған қыздарына немқұрай­ды қарайтын әкелер де көбейіп келеді. Осындай еуропалық дәстүрді біртіндеп санамызға сіңіріп, өз қазақтығымыз­ды, салт-ғұрпымызды жоғалтып бара жатқан секілдіміз. «Отан отбасыдан басталады» демекші, әр әке өз отбасына қазақы тәрбиені сіңіртіп отырса, бала­лары да өз ұлтының ғұрпынан жерімес еді. Қария­ларымыз да, әсіресе, қалалық жердің «современный» қариялары батаны да өз ретімен берсе, келешек ұрпақ та тура жолдан айнымасы анық.

Бифат Нұрмахан

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру