ҰЛЫ САПАР ӘДЕПТЕРІ

10 маусым 2024 1580 0
Оқу режимі

Дініміз Ислам – көркем мінез бен әдептің діні. Мұсылман адам құлшылық жасағанда, адамдармен қарым-қатынаста, жүріс-тұрысында әркез дініміздегі әдеп нормаларына мән береді. Әсіресе қажылық сапарға баруды ниет еткен мұсылманның қасиетті мекенде әдеп сақтап, тыйым етілген істерге бармауы – аса маңызды. Хәкім Абайдың: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болса, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп айтқанындай, құлшылығымызды жақсы орындауымыз үшін оның әдебін де сақтауымыз қажет.

Қажылық – Исламның бес парызының бірі. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» кітабында қажылық жайлы: «Қаж қылуға қаражатты да һәм үй-ішінің нәпақасына да малы жетерлік байларға ғұмырында бір мәрте қаж қылмақ парыз», – десе, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегінде: «Қаж ету дегеніміз өмірде бір рет Мекке шаһарында болғушы қағбатуллаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тауап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген. Ұлы сапарға баруды ниет етіп, қажылығын кемел түрде орындауды қалаған әрбір мұсылман төмендегі әдептерге назар аударуытиіс.

Біріншісі, ниетті дұрыстау. Қажылық сапарына ниет еткен жан алдымен ниетін дұрыстап, қасиетті сапарды бір Алла Тағаланың ризалығы үшін атқаруды мақсат етуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде амалдарниеттерге байланысты және әр кісіге ниет еткен нәрсесі тиесілі», – деген (Бұхари, Мүслим).

Екіншісі, қажетті білім алу. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан басқа құдай жоқ екенін біл», – деген («Мұхаммед» сүресі, 19-аят). Бұл аятта білімнің амалдан бұрын тұратыны баяндалуда. Ендеше қажылық парызын өтеуді қалаған адам қажылық рәсімдері жайында білім үйреніп, кітап оқып, қажылық ғибадатының парыздары, уәжіптері, сүннеттері, тыйымдары сияқты мәселелерді біліп алғаны абзал. Қажылыққа қатысты кейбір дұғаларды да жаттап, рухани үлкен дайындықпен барғаны жақсы.

Үшіншісі, кісі ақысы болса өтеу. Ұлы сапарға баратын адамның мойнында кісі ақысы болмауы қажет. Егер өзгенің ақысы болса өтеп, ренжіскен адамы болса татуласып, біреуге борышты болса қарызын қайтаруы тиіс.

Төртіншісі, қажылыққа адал табыспен бару. Қажылыққа жұмсалатын қаражат адал жолмен келуі керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағала мінсіз, таза нәрсені ғана қабыл етеді», – деген. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай амал ең абзал?» – деп сұраған кезде ол: «Аллаға және елшісіне деген иман», – деп жауап берген. «Содан кейін қайсы?» – дегенде Пайғамбар: «Алла жолындағы күрес», – деді. «Сосын қайсы?» – деп тағы сұрағанда: «Сосын мәбрур (игі) қажылық», – деді (Бұхари, Мүслим).

Имам ән-Науауи «Мәбрур (игі) қажылық» дегенді «ешқандай күнә араласпаған қажылық» деп түсіндіреді. Имам Абдул Бәрр (Алла оған разы болсын): «Мәбрур (игі) қажылық – рия мен мақтан, әйелімен жақындасу және арсыздық араласпаған, адал дүние арқылы жасалған қажылық», – деген. 

Бесіншісі, өзінің қамқорлығындағы жандарға жеткілікті қаражат қалдыру. Қажылық сапарға аттанатын жан қасиетті мекенге барып қайта оралғанынша таршылық көрмеуі үшін өзінің отбасы, бала-шағасын қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп кетуі қажет.

Алтыншысы, жақындарының ризалығын алу. Ұлы сапарға баратын адам жақындарына айтып, ескертіп, олардың ризалығын, үлкендердің батасын алғаны дұрыс. Хазіреті Омар (Алла разы болсын) ұмраға бару үшін Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат сұраған. Сонда Алла елшісі оған: «Бізді дұғаңнан мақрұм қалдырма және бізді ұмытпа», – деген (Термизи).

Жетіншісі, қажылықта күнәлі істерді жасамау. Қажылық ғибадаты – адамның рухани дамуына, тақуалығын нығайтуға себепші болатын амал. Себебі қажылық уақытында адам Алла Тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйыл дегенінен тыйылады, жаман сөз сөйлемейді, ешкіммен дауласпайды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ болсын! Әй, ақыл иелері! Нендей қайыр (ізгі іс) істесеңдер, Алла оны біледі. Азық алыңдар. Негізінде азықтың ең жақсысы – тақуалық. «Уа, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар», – деген («Бақара» сүресі, 197-аят). Бұл аяттың басында қажылық жайында баяндалып, кейін тақуалықпен аяқталуының сырын ғалымдарымыз «Қажылықтың адамның бойындағы тақуалықтың қалыптасуына тигізер әсері ерекше» деп түсіндірген. Сондықтан қажылық сапары – тақуалық мектебі. Аятта: «Уа, ақыл иелері!» – деп бұйыруы – қажылық жасаушы адам бүкіл ойы мен ақылын, қасиетті сапардағы амалдарын тақуалық аясында іске асыру керек деген сөз. Қажылық кезінде пенде қаншалықты тақуа болса, оның сауабы да соншалықты күшті болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл үйге (Қағбаға) қажылық жасаушы кісі төсек қатынасына түспесе, сондай-ақ бұзық іс істемесе, анасынан туған күндегідей оралады», – деген (Бұхари). 

Сегізіншісі, қажылықтан келгеннен кейін тыйым етілген істерден сақтану. Пенде атаулының атқарған құлшылығының қабыл болғанын не қабыл болмағанын бір Алла ғана біледі. Әйтсе де ғалымдарымыз құлшылықтың қабыл болуының кейбір белгілерін атап өткен. Сол белгілердің бірі – құлшылықтан кейін пенденің күнә атаулыдан сақтануы. Мысалы, Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекіткен жан қасиетті айда күнәлі істерден сақтануға тырысады. Рамазан айы аяқталғаннан кейін пенде атаулы күнәлі істерден тыйылып жүрсе – оның оразасының қабыл болғаны. Сол секілді адам қажылық кезінде күнәлі істерден қалай тыйылса, қажылықтан кейін де дәл солай күнәлі істерден тыйылса, қажылығының қабыл болғаны.

Алла Тағала баршамызға қажылыққа баруды нәсіп етіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық бергей!

 

Думан НӘДІРҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл

 

Дереккөз: Иман журналы

Пікірлер Кіру