ҮМІТ БАРДА ТҮҢІЛМЕ

Ауылдан аулақ кетіп, көкжиекке қарап тұрған адамның қасына иті барды. Адам алысқа, біреуді күткендей ұзаақ қарап тұр. Қарап тұр, күбірлеп тұр....
"Бетіне бұл дүниенің бір түкіріп,
Кетіпті Қорқыт бабам көрге кіріп" демекші, шаршаттың-ау, қу жалған!..
"О, ием! Өмірге адам болып келгесін, адам болып өмір сүру керемет емес пе?! Неге сонша жерініп түңілесің?!" дегендей, ит иесінің қолын жалап-жалап алды.
"Еее, жарықтық итім-ай!Тілсіз мақұлық болсаң да, көп адамнан сен сезімталсың. Адам бір-біріне "ит екенсің" деп жатады. Сөйте тұра, өздері сол иттің дәрежесінен төмен.
Сен алдыңа салған асты ішесің, кедейге де, байға да бірдей үресің. Бір сүйекке бола, иеңді сатып кетпейсің!..
"Неден түңілесің?" дейсің бе, ееее, тілсіз досым-ай, мен өмірден түңілмеймін. Өмір тамаша! Оны жаман қылатын — адамның өзі.
Әкімқараның алдында сақалын, артындағыларға абыройын сатқан ақсақалдан түңілдім...
Немересіне бесік жырын өзі айтып емес, ұялы телефоннан әуен қосып ұйықтататын әжеден түңілдім...
Баласына "батырлар жырын" емес, әншілердің іш киімін айтатын әкеден түңілдім...
Қыздарына өнер емес, өсек үйретер анадан түңілдім...
Ееее, тілсіз серігім менің, итім-ай! Несін айтайын?..
Бір адам бар , намаздыгерде акимат құбыла жағында қалса —акиматқа қарап иілмеймін" деп, намазын қаза қылатын...
Енді бір адам бар: таңертең тұрғанда акиматқа қарап бас имесе, ішкен асы бойына сіңбей сол күнін аза қылатын...
Дүлей күшін әділдік емес, әркімдердің айтағымен әлсіздерге жұмсайтын батырдан түңілдім...
Омырауы мен етегі ашық киінген қатыннан түңілдім...
Қолына папкі ұстаса, кекірейетін пендеден түңілдім...
Мансабын мәңгілік санайтын ақылы кендеден түңілдім...
Арқасынан қаққан биліктің сөзін сөйлеп, халыққа қарсы сөз айтатын ақыннан түңілдім...
Есігіңнен күле кіріп, күңірене шығар жақыннан түңілдім...
Бауырынан қайын жұрты жақын ағадан түңілдім...
Екі адамның басы қатар шықпас жағадан түңілдім...
Адамды адамдығынан айырып, өмірін тоздырар теңгеден түңілдім...
Бикешін қатарына емес, қалталыға оздырар жеңгеден түңілдім...
"Ешкіні —апа, текені — жезде" деп, адамдықтан арамдығы озық жүрер, жақыны артта қалса, жыртыңдап күлер, Алланы емес, ақшаны құдірет деп білер ініден түңілдім...
Керіліп кеш тұрар, балаларын қарғап ұрысқанда, құйқа шашыңды жұлар, сөйте тұра, кафе-ресторанға құмар келіннен түңілдім...
Еее... Ал жеті қазынамның бірі, сен түсінесің бе мені?.." деп, итінің құлағын қасыды.
Иесі қараған көкжиекке қарап, әлдебір нәрсенің исін сезгендей, иті де желге қарай тұмсығын көтерді. Содан басын көтеріп, иесіне: "Болдың ба осымен? Енді кері қайтпайсың ба? Адам өмірінің аяғы осылай бола ма? Артыңа қайырылмайсың ба?" дегендей мөлие қарады.
"Жоқ. Адам деген тірлік иесі соңғы демі үзілгенше үмітпен өмір сүреді, ертеңгі күннен үмітім үзілгенде кетермін. Сол ертеңімнен үміт бар. Адамды үміттен айырмасын. Үмітсіз адам шайтанға айналады. Мен, ең болмаса, сенің алдыңда адам болып өлейін. Жүр, Үйге қайтайық, түннен қалған тамақ болса, саған құяйын" деген адам екі қолын артына қайырып, шуы көп қалаға бетін бұрды. Әр жерден енді-енді көріне бастаған көк шөпті иіскелей, иесіне еркелей басып иті еріп келеді қасында...
М. Кенжебаев. Бейнеу.