ҮШ ҚЫЗДЫҢ ӘКЕСІ

02 қараша 2022 5996 0
Оқу режимі

Бұл осыдан бір талай жылдар бұрын болған оқиға еді.

Ол кезде мен Алматы қаласына жаңадан қоныстанған едім. Пәтер бағасы да қалыпты болатын. Жаз соңына таман жиған-тергеніммен қоса туыс-туғанның көмегімен Алматының белгілі ықшам ауданындағы бес қабатты үйдің төртінші қабатынан үш бөлмелі баспана сатып алдым. Көршім қазақ отбасы екен, жас шамалары отыздың ортасында көрінеді. Біз көшіп келген соң көп өтпей бізді үйлеріне шақырып, қазақтың ерулік салтымен қонақ етіп сыйлады. Отағасы орта бойлы, талдырмаш денелі, қараторы кісі екен. Дастархан басында тым ашылып сөйлеп кетпеді. Мен де өзінің табиғи мінезі болар деп сыпайылық сақтап отырдым. Ал, әйелі сұңғақ бойлы, ақсары жүзді, жанары үнемі күлімдеп шуақ шашып тұратын жайдары жан екен. Бізбен көне таныстарындай емен-жарқын әңгімелесіп отырды. Отағасы құрылыс саласында, өзі аудандық әкімшілікте жұмыс істейді екен. Іркес-тіркес бойжетіп келе жатқан үш қызы бар екен. Барлығы да мектепте оқитын көрінеді. Қыздары да аналары сияқты түсі жылы, кісі жатырқамайды екен, кірген жерден менің екі кішкене қызымды өздерімен бірге бөлмелеріне алып кіріп, бар тәтті-дәмдісі мен ойыншықтарын беріп, мәз-майрам етті.

Бір сөздің кезегінде отағасы маған:
– Сонда, сенің де екі қызың бар болды ғой,– деді сұраулы жүзбен.
–Аллаға шүкір, екі көзімнің қарасындай қос қызым бар, – дедім күліп. Осы бас қосудан соң екі отбасы арасындағы қатынас қалыптаса бастады.

Арада біраз уақыт өткен соң қоңыр күздің салқыны сезіле бастады. Бір күні жұмыстан үйге кіре бергенімде, баспалдақтан ырғатыла көтеріліп бара жатқан көрші ағайды көзім шалды. Шамасы ішіп алған көрінеді. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, зорға кетіп барады. Әлденені әндетіп айтқысы келеді, бірақ сөзі ұғынықсыз, не орысша, не қазақша екені түсініксіз. Мен не істерімді білмей абдырап қалдым. Тездетіп барып қолтығынан демеп, үйіне кіргізіп қойғым келді. Алайда, ертең есін жиған соң менен ыңғайсызданып жүрмесін деген оймен оның бөлмесіне кіріп кеткенін күттім. Арада біраз күндер өткенде әйелім екеуіміз ақылдасып, көршілерімізді әйелімнің туған күн сылтауымен үйге қонаққа шақыруды ұйғардық. Әйелім маған әлде бір құпияны ашардай салмақты да сабырлы үнмен:

– Мен саған бірдеңе айтайыншы, осы көрші ағай ішетін көрінеді. Бірнеше рет көзім шалды, бүгін кешке ішіп келмесе болды ғой, – деді. Мен тіс жарып ештеңе демедім. Қуанышқа орай ағайымыз аман келіп, аман қайтты.

Тағы бірде түс ауа үйіме оралғанымда өз есік алдында мас күйінде ұйқылы-ояу қалғып отырған көршімізді көрдім. Есік қағып едім, іштен дыбыс берген ешкім болмаған соң оны сүйемелдеп өз үйіме кіргізуге тырыстым. Ол кіртиген көздерін зорға ашып:

– Сен кімсің? –деді тілін шайнап. Мен дәнеңе демедім, айтқанмен де түсінер шамасы көрінбейді. Ол мені құшақтай дауыстап:

– Мен бүгін тағы іштім, тағы ішем, менде дерт бар, оны ешкім түсінбейді. Ол жыламсырай бастады. Бірде олай, бірде бұлай теңселген ол енді басын төмен салып:

– Менде ұл жоқ қой, ұл! – деді ышқынып. Мен оны еркіне қоймай үйіме алып кірдім де қонақ бөлмедегі диван үстіне жатқыздым. Ол әлденені міңгірлеп жатты да ұйықтап кетті. Кешкісін жеңгеміз үйіне келген соң ағайдың біздің үйде ұйықтап жатқанын, еш алаңдамауын айттым. Жеңгеміздің ақсары жүзі қуқыл тартып, төмен қараған күйі:

– Ағаңның кейде солай ішетіні бар, құрылысшы ғой, күн суық дегендей, – деді ақталғандай сыңай танытып. Мен де түсінік танытып үйге қайттым. Есін жиған көршіміз ыңғайсызданып, әйелім екеуіміздің екі жақтап айтқанымызға қарамай, жаюлы дастарқанымыздан дәм татпастан үйіне асыға кіріп кетті.

Ол кезде қыс бастала ораза айы кіретін. Оразаның басталуымен адамдар бір-біріне ауызашар беретіні белгілі. Көршіміз де бізді шақырып ауызашар берді. Дастархан үстінде жеңгеміз сол жадыраған қалпын бұзбаған күйі:

– Қайным, біз Кеңес Одағы тұсында білім алған адамдармыз, асыл дініміз туралы, тіпті, шынын айтқанда оразаның мәні мен мағынасын да толық түсіне бермейміз. Байқасам өзің дінге жақын көрінесің, білгеніңді бізге айта отыр, – деді аса ыждағатпен. Жеңгеміздің сөзіне іштей риза болып, көптен бері ағайға құлаққағыс етсем-ау деп жүрген сәттің жеткенін түсіндім де:

– Айтқандарыңыз жөн, мен молда немесе дінтанушы емеспін, алайда, діннен мүлде хабарсызбын дей алмаймын, білгенімді сіздермен қуана бөлісемін, – дедім де Ислам дінінің шығуы, басты парыздары, Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өмірбаяны, пайғамбарлықтың келуі және оразаның міндеттелуі сияқты біраз дүниелерді баяндадым. Ағайым сөз қоспаса да аса бір ыждағаттықпен тыңдап отырғанын сездім. Әңгімеміздің қызықты болғаны сондай түннің бір уағына дейін отырыппыз. Қайтарымда ағайым разы болған пішінде жымиып:

– Өзің жай оқытушы емес, молда екенсің ғой, сені әсілі, бір мешітке бас молда етіп қою керек,– деді әзілдеп. Мен де әзіліне орай:

– Мен имам болсам, сізді мәзім етіп алар едім, – дедім күліп.

Осы ауызашар біздің арамыздағы сыйластықты одан бетер дамыта түсті. Сәті түскенде мен де ауыз ашар беріп, көршілерімді көкірегі ояу, көзі ашық адамдардың мәслихатына қатыстырып отырдым. Орайы келгенде ағайды мешітте оқылатын тарауық намазына да ертіп барып, имамдарымыздың салиқалы уағыздарына құлақ түргіздім. Байқаймын, ағайымыздың асыл дінімізге деген ынтасы күн сайын артып келеді. Қоятын сұрағы да көбейді. Бір күні мен ол кісіге дінді жақсы түсіну үшін, өмірдегі толып жатқан әлеуметтік мәселелерді дұрыс бір жәйлі ету үшін алдымен адамзаттың ардақтысы, ғаламның жарық нұры пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) таңдаулы хадистерін ұсындым. Ағам аса бір құнды да, нәзік дүниені ұстаған жандай жұқа ғана кітапты аса байыптылықпен, аспай-саспай қолына алып:

– Рахмет, молда бала, мен сөз жоқ, оқып шығамын, – деді. Маған емес кітапқа серт беріп тұрғандай одан көзін алмастан.

– Аға, бұл кітап сіздің өміріңізге, отбасыңызға арайлы таң сәулесін әкелсін, жамандықтан қорғап, жақсылықтың жаршысы болсын, – дедім мен де шынайы ниетпен. Бұл күндері біздің арамызда қалыптасқан жылы сезімдер ол кісіні «ағайдан» ағаға, мені інішектен «молда балаға» өзгертіп жіберген еді.

Арада бірнеше күн өткенде кешкісін жұмыстан енді оралғанымда, мені күтіп отырғандай үйге ағам кіріп келді де:

– Молда бала, бері жүрші, – деп мені қолымнан жетелеген күйі оңаша бөлмеге кіргізіп, – мынаны оқышы,– деді қолындағы мен сыйлаған хадистер жинағындағы ашулы бетті нұсқап. Мен нұсқаған жеріне көз жібердім. Онда былай деп жазылыпты: «Әлдекім екі қызына сауабын Алладан күтіп, өзіне Алладан ілтипат етілген ырыздықтарымен оларды қамтамасыз етсе, онда ол адам тозақ отынан қорғалады». Ағам аптыққан жандай тағатсыздана:

– Сонда, мен тозақтан қорғалып, жұмаққа кіремін ғой ә, солай ма? –деді маған тесіле қарап. Бейне кімнің тозаққа, кімнің жұмаққа барарын тек мен ғана шешердей үміттеніп. Кімнің қайда барарын құдіретті күшті Бір Алладан басқа кім білсін. Десе де, ағамның нар көңілін құлатқым келмей, су үстінде тұтанып тұрған алаудай нәзік сезімін сөндіргім келмей:

- Ия, аға, сіз жұмаққа барасыз, сіздің екі емес, үш қызыңыз бар, дұрыс тәрбие беріп, алал аспен азықтандырып, оқытып-жеткізіп құтты орнына қондырсаңыз болды. Сізге жәннат есіктері ашық, – дедім өзім де шабыттанып.

– Сені маған кездестірген Аллаға шүкір, тәуба, – деді де мені құшақтап, иығыма басын қойды. Мен де ағамды өзіме тартып құшағыма алдым. Қолына ұстаған хадиске тамған жас тамшыларынан ағамның үнсіз егіліп тұрғанын сездім. Менің де жан-жүрегім езіліп, елжіредім.

О, ақырзаман пайғамбары, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед өзің тірі күніңде қаншама адамды Алланың хақ дініне шақырып, ислам дінінің қанатын жайып кетсең, өзің өткен соң да сан ғасыр бойы Алланың сөзі қасиетті Құран мен өзіңнің хұсни хадистерің сан ұрпақты асыл дінімізге шақырып келеді. Әлі де шақыра береді, – дедім өз-өзіме тіл қатқандай тебіреніп. Содан соң дауысымды көтеріп: «Барлық мақтау күллі ғаламның иесі Аллаға ғана тән» деп басталатын «Фатиха» сүресін баяу оқи бастадым. Ағам да маған ілесіп оқыды.

Осы оқиғадан соң ағам арағын мүлде қойды. Отбасына берекелі де мерекелі тыныштық орнады. Біраз жылдардан соң екі қызы да жоғары оқу орындарына қалаған мамандықтары бойынша грантқа түсті. Өздері қаланың әсем жерінен екі қабатты үй тұрғызып соған көшіп кетті. Алла Тағала оларға ол дүниенің жақсылығын бұл дүниеде бастап бере бастағандай сезіледі маған. Біз бұрынғыдай жиі араласып тұрмасақ та, хазіреті пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өздеріңе тілегенді басқаларға тілемейінше толық мұсылман бола алмайсыңдар деген хадисіне сай үш қыздың әкесі мен анасына және отбасына шынайы жүрегімізбен баянды бақыт тілеп отырамыз.

Қастер Сарқытқан

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру