Юсуф (ғ.с.) ұрпағынан шыққан сахаба

14 қаңтар 2021 6070 0
Оқу режимі

Ол сахаба – Абдулла бин Сәләм бин Харис. Күниясы – Әбу Юсуф. Ал, түп атасы Юсуф (ғ.с.) пайғамбар. Сахаба Абдулла бин Сәләм жайлы имам Зәһәби «Сияр» кітабында: «Ғұлама, жәннатпен сүйіншіленген сахаба, ансарлардың одақтасы, Пайғамбарға (с.ғ.с.) ең жақын сахабалардың бірі», - деген екен. Мусғаб бин Сағд әкесінен: Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мынау аңғардан жәннаттық бір кісі кіреді, - деді. Сонда Ибн Сәләм келді [1]», - деген риуаят жеткізген.

Абдулла бин Сәләм (р.а.) яһуди сахаба. Яһудилердің Бәну Қайнуқаъ руынан шыққан хауари. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадинаға келгеніне көп өтпей-ақ, мұсылманшылықты қабылдайды.

Ол сауабын еселеп алған сахаба. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш кісіге сауабы екі рет беріледі: Кітап иелерінен болған адам өз пайғамбарына және Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман келтірсе...[2]», - деген екен.

Абдулла бин Сәләмның мұсылман болу қиссасын Әнас (р.а.) былай әңгімелейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадинаға һижрет етіп келгенде Абдулла бин Сәләм: «Сізден сұрайтын үш сұрағым бар. Оны тек қана Пайғамбар ғана біледі. Қиямет күнінің алғашқы белгісі не? Жәннат иелерінің ең алғаш жейтін тағамы не? Бала әкесі мен анасына қайдан ұқсайды?, - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұлар жайлы түнде маған Жәбірейіл хабар берді», - деді.

-  Ол періштелер ішінде яһудилердің дұшпаны, - деді Абдулла.

-  Қияметтің алғашқы белгісі – шығыс жатқан шығатын от. Адамдарды батыс жақтан шығарады. Ал, жәннат иелері жейтін әуелгі тағам – кит бауырының еті. Баланың әке-шешесіне ұқсауы – еркектің суы бірінші жетсе бала әкеге ұқсайды, әйелдің суы жетсе шешесіне ұқсайды», - деді Пайғамбар (с.ғ.с.).

-  Сіздің Алла елшісі екеніңізге куәлік етемін. Уа, Алла елшісі! Яһуди жұрты тілі жаман халық. Олар менің мұсылман болғанымды білсе, мені тілдейді. Оларды шақырып, мен жайлы сұраңыз, - деді Абдулла.

-  Сендердің араларыңдағы Ибн Сәләм қандай кісі?, - деді Пайғамбар (с.ғ.с.).

-  Ол біздің ғұлама, ғұламаның ұлы. Ол біздің ғалым, ғалымның ұлы, - деді яһудилер.

-  Ол мұсылман болса, сендер Исламды қабылдайсыңдар ма?, - деді.

-  Мұндайдан Алла сақтасын, - деді яһудилер. Абдулла бин Сәләм шығып:

-  Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед – Алланың елшісі екеніне куәлік етемін, - дегенде, яһудилер:

-  Ол біздің ішіміздегі ең жаманы, ең жаманның ұлы. Біздің ішіміздегі наданы һәм наданның ұлы», - десті. Абдулла бин Сәләм болса:

-  Сорларың құрысын! Алладан қорқыңдар, сендер оның шындығында Алла елшісі екенін білесіңдер ғой, - деді. Яһудилер:

-  Жалған, өтірік айтасың, - десті.

-  Абдулла бин Сәләм: «Уа, Алла елшісі! Бұлардың жаман тілді халық екенін айттым едім сізге [3]», - деген екен.

Ибн Аббас (р.а.): «Олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің ішінде құлшылық етіп, Алланың аяттарын оқитын тура тобы да бар [4]», - аяты Ибн Сәләм, Сәғләбә бин Сағия және Әсад бин Убайд жайлы түскен [5], - деген.

Амир бин Сағд әкесінен риуаят етеді: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) Абдулла бин Сәләмнан басқа біреуге ол жәннат иелерінен деген сөзін естімедім. Ибн Сәләмға қатысты «...Әрі Исраил ұрпақтарынан бір куә осы сияқтыға (Тәуратқа) куә болып...[6]», аяты түскен[7]», - дейді.

Абдулла бин Сәләм һижра 43 жылы дүние салды.

Руслан Қамбаров

 


[1] Хаким
[2] Бұхари, Муслим
[3] Бұхари
[4] Әли Имран сүресі, 113-аят
[5] Табари
[6] Ахқаф сүресі, 10-аят
[7] Малик, Бұхари, Муслим

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру