Зәмзәм суының қасиеті мен ерекшеліктері

13 наурыз 2019 60645 0
Оқу режимі

Зәмзәм - бойына шипалық, әрі тойымдылық қасиеттерді жинаған ерекше су. Зәмзәм құдығы – Меккедегі қасиетті құдық. Қағбадан оңтүстік-шығысқа қарай 20 м жерде, қара тасқа (Хажар ул-Асуад) қарама-қарсы орналасқан.

Үсті күмбезбен көмкерілген бұл қасиетті құдықтың тереңдігі 42 м. Судың атауына келер болсақ, Исмаилдың (ғ.с.) анасы Ажар анамыз жерден тоқтаусыз шығып жатқан суға «зәм зәм», яғни «тоқта, тоқта» деп әмір беріп, қолымен бүркемелейді. Сонда су баяулай түседі. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлақты Ажар қолымен бүркемелеп тоқтатқандықтан, Зәмзәм деп аталған. Әйтпегенде, су жайылып, жан жағын алып кетер еді», – деген.

ЗӘМЗӘМ СУЫНЫҢ ТАРИХЫ

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Белдік таққан әйелдердің ең алғашқысы Исмаилдың анасы еді. Ол да белдікті Сарадан ізін жасыру үшін таққан болатын. Одан кейін Ибраһим оны емшекпен қоректендіретін баласы Исмаилмен бірге Қағбаға, мешіттен биіктеу жерде (шеткері орналасқан), (кейіннен орнынан) зәмзәм шыққан үлкен ағашқа алып келді. Ол кезде Меккеде ешкім де, су да болмаған-ды. Ибраһим оларға бір қоржын құрма мен бір торсық су тастады да (кейін қарай) жүре берді. Ал Исмаилдың анасы соңынан еріп: «Ей, Ибраһим! Бізді адамы мен ештеңесі жоқ мына жапан далаға тастап қайда кетіп барасың?!» деді. Ол (бұл сөздерін) қанша қайталағанымен, Ибраһим оған қарамады. Сонда ол былай деп сұрады: «Алла осылай жаса деді ме?» Ибраһим: «Иә», –деп жауап берді. Ажар: «Онда Ол бізді қараусыз тастамайды!» деді де, кері (Исмаилға) қайтты».

Зәмзәм суының шығу тарихы да осы жерден басталды. Содан айдалада Ажар анамыз баласымен қалады. Өздеріне ыңғайлы кішігірім пана да жасап алады. Баласын бірде емізсе, бірде су беріп жылатпады. Бір торсық су көп ұзамай тамшысы да қалмай таусылды. Қарны ашқан баласы жанұшыра жылағанда, Ажар анамыз бір орында отыра алмады. Су іздеп жүгіре жөнелді. Сөйтіп Сафаның төбесіне келді. Айналаға көз салса, ештеңе көрінбейді. Одан кейін Мәруаның төбесіне шығып қарады. Онда да ештеңе байқай алмайды. Осылайша жеті рет екі қырдың арасын жүгірген Ажар анамызға жетіншісінде Мәруа төбесінде ғайыптан бір дауыс естіледі. Ол бірден: «Ей, дауыс, шамаң келсе бізге көмектес», – дейді. Кейін зәмзәм суы шығатын жерден Жәбірейіл (а.с.) періште көрінеді. Ол аяғымен яки қанатымен жерді қазады. Бір кезде жерден бұлақ атқылап шыға бастады. Мұны көрген Ажар қуанып, тоқтаусыз ағып жатқан бұлақты бүркемелеп: «Зәм зәм» (тоқта, тоқта)», – деді. Ана мен бала судан шөлдері басылғанша қанып ішті. Кейіннен бұл жерге Жархам тайпасы мекендеп, бірталай уақыт өткеннен кейін бұлақ қайта бітеліп қалады.

Зәмзәмнің келесі шығу тарихы былай болған. Хашимнің төрт ұлының бірі Әбдімүттәліп (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көкесі) еді. Сол Әбдімүттәліп Хыжр деген жерде Қағбаның көлеңкесінде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бір кісі келіп:

– Тәибаны қаз, – дейді.
– Тәиба деген не? – деп Әбдімүттәліп түсінбей қалады. Келесі күнгі түсінде тағы әлгі адам келіп:
– Мадмунаны қаз, - дейді.
– Мадмуна деген не? – деп тағы түсіне алмайды. Үшінші күні түсінде әлгі кісі:
– Зәмзәмді қаз, – дейді. Осы жолы Әбдімүттәліп сұрағына жауап алып қалғысы келіп:
– Зәмзәм деген не? – дейді.
– Зәмзәм – таусылмайтын және өте терең ерекше су. Қажылардың шөлін басуға қажет. Ол құрбандардың қаны ағатын жер мен қалдықтар тасталатын орынның арасында орналасқан. Ол жерді алақанатты қарға тұмсығымен шұқып тұрады, жанында құмырсқаның илеуі де бар.

Сөйтіп Әбдімүттәліп баласы Хариспен ол жерді қазып, алдымен қазынаға жолығады. Әрі қарай қазғанда Зәмзәм суының көзі қайта ашылып, ел игілігіне берілген еді.

ЗӘМЗӘМ ҚАНДАЙ МАҚСАТТА ІШІЛСЕ, СОЛ БОЛАДЫ

Ибн Аббас (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Зәмзәмді не мақсатта ішсең, сол үшін болады. Оны емделу үшін ішсең, сені Алла емдейді; егер сен оны қарныңды тойдыру үшін ішсең, Алла сені тойдырады; егер шөліңді қандыру үшін ішсең, Алла шөліңді басады; егер оны жәрдем тілеп ішсең, Алла сені қорғайды».

Ұлы ғалым Таж ад-Дин өзінің бір кітабында ұлы ғалымдардың бірі Мұхаммед ибн Исхақ ибн Хузейм жайында жазғанында мына оқиға баяндалады: «Бірде сол кісіден осыншама білімді бағындырып, биік дәрежеге қалай жеткені жайында сұралғанда, ол былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зәмзәмді адам не үшін ішсе, сол орындалады» деген. Мен соны ескеріп білім алу үшін дұға қылып ішкен едім, Алла Тағала менің дұғамды қабыл еткендей», – деген екен».

Ислам ғұламаларының көбісі Зәмзәм суын керекті нәрселеріне ниет етіп ішіп, Алла Тағаланың қалауымен сол ниеттеріне жеткендері айтылады. Абдулла ибн Мүбәрак зәмзәм суынан ішерден алдын: «Уа, Аллам! Мен бұл суды Қиямет күні шөлдеуден сақтанып ішіп отырмын», – деген. Ибн Хузейм зәмзәмді Алла Тағаладан пайдалы ілім нәсіп етуін сұрап ішкен көрінеді. Халил ибн Ахмад әлі ешкім жете қоймаған білімді Алла Тағаладан сұрап зәмзәмнан ішкені айтылады. Кейіннен қырағат ілімінің негізін салушы болған.

Имам Суюти былай дейді: «Мен қажылық парызын өтеп жүріп, зәмзәм суын ішіп, Алла Тағаладан білім сұрап, ол білімім құқық саласы бойынша Шейх Сираж ад-Дин Балқанимен тең дәрежеде болуын, хадис ілімі саласы бойынша Хафиз ибн Хажармен бірдей болуын тіледім».

Ибн Асакир өзінің «Тарих» атты еңбегінде әл-Бағдадидің қажылық жасап жүріп, зәмзәм суын үш түрлі тәсілмен ішкенін жеткізеді. Әрбірінде Алла Тағаладан мыналарды тілеген екен: Меккеде «Бағдаттың тарихын» айтып беру мүмкіндігіне ие болу; тағы да ол тарихты Дамасктағы әл-Мансұр мешітінде оқып беру; Хазіреті Бишри Хафидің қабірінің қасына жерлену. Кейіннен Алла Тағаланың қалауымен бұл тілегінің барлығы орындалған екен. Ал, Хафиз ибн Хажар болса зәмзәм суын ішерден бұрын Алла Тағаладан білім алуды және ақыл мен есте сақтау қабілетін жақсартуын сұрап дұға қылғанын айтады. Кейіннен ол бұған дейін болмаған ерекшеліктерді бастан кешіргенін жеткізеді.

ЗӘМЗӘМ СУЫНЫҢ ҚҰРАМЫ

Пәкістандағы «Хадж» оқыту орталығының аналогты зерттеулерінің нәтижесінде зәмзәм суының ерекшелігі, ешбір суға ұқсамайтындығы дәлелденді. «Хадж» оқыту орталығының атқарушы директоры Сами Ункави былай дейді: «Біз зерттеу барысында әрбір тартып алған сайын жаңа су алып отырдық. Зерттеулер көрсеткендей, Зәмзәм суынан бірде-бір микроб табылмады. Біз Зәмзәмді басқа заттардың әсерінен, мысалға ыдыстармен тасығанда, құбырлармен тасымалдағанда құрамы бұзылатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ол еш ластанбай тап-таза күйінде қала берді. Бұл – оның ерекше табиғилығының әсері. Бір таңқаларлығы бұл құдық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан келе жатса да, әлі таусылмақ емес. Кез келген құдықты алсақ, қанша тұруы мүмкін? Ары барса, 50 немесе 100 жыл өмір сүретін болар. Онда да оның суы өзгереді, не болмаса мүлдем құрып кетеді. Зәмзәм құдығы әрқашан сол қалпында, ешқашан суы таусылмайтын секілді көрінеді».

Еуропалық зертханаларда зерттелген Зәмзәм суының зерттеу нәтижесі басқа зертханалардан алынған нәтижелермен сәйкес келген. Басқа суларға қарағанда, зәмзәм суында кальций тұзы мен магнийдің көптігі анықталған.

Зәмзәм суының химиялық құрамы: PH 7.8, ALK Total 300, T.H 680, Сa.H 470, Mg.H 210, кальций 188, магний 51, натрий 253, калий 121, аммиак 6, нитрит 1, нитрат 173, хлор 340, сульфат 372, фосфат 0,25, натрий бикарбонаты 366 мг/л-дан тұрады. Сонымен қатар судың құрамына темір, марганец, мыс, кальций, магний, хлоридтер мен сульфаттар кіретіні мәлім болды.

Зәмзәм суы - минералды су. Сулар құрамындағы минералды заттардың құрамына қарай ажыратылып, үш түрге жіктеледі:

Құрамында минералды заттар аз болатын сулар: 1л суда 50 мг минералды тұз болады; заттар орташа болатын сулар: 1л суда 500 мг минералды тұз болады; минералды заттарға бай сулар: 1л суда 1500 мг минералды тұз болады.

Ал, Зәмзәм суының құрамындағы минералды заттардың мөлшеріне келер болсақ, онда 1 литрде 2000 мг минералды тұз болады. Сондықтан да Зәмзәмді минералды сулардың төресі деуге толық негіз бар.

Зәмзәм суы – газдалған су. Сулар бикарбонатқа бай болса, газдалған деп аталады. Кез келген су газдалған болу үшін ондағы натрий бикарбонатының мөлшері 250 мг/л-ді құрауы керек. Ал, біз Зәмзәм суының құрамына назар аударатын болсақ, ондағы натрий бикарбонат мөлшері 366 мг/л-ды құрайтынын байқаймыз.

Дәрігер Ахмал әл-Мұхандис былай деп тұжырымдайды: «Зәмзәм суы – ең таза су. Бұл Дүниежізілік денсаулық сақтау (ДДС) ұйымымен дәлелденген. Профилактикалық сараптама нәтижесінде Зәмзәм суының таза, түссіз, иіссіз екендігі, аздаған спецификалық дәмі барлығы анықталды. Судағы натрийдің көп мөлшерлігі ДДС-ның барлық талаптарына жауап береді».

ЗӘМЗӘМ СУЫНЫҢ ЕМДІК ҚАСИЕТІ

Зәмзәм суының емге қолдануда айтарлықтай маңызы бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл ерекше судың түрлі ауруларға ем екендігін өзінің көптеген хадистерінде айтқан. Ибн Қайым зәмзәмнің емдік, тойдыратын қасиеті жайында: «Мен және көптеген адамдар Зәмзәм суының емдік қасиетін тексеріп көру барысында таңқаларлық жайттарға куә болды. Мен ем ретінде ішкен едім, Алла Тағаланың қалауымен жазылдым. Сол судан ішіп, көпке дейін аштықты сезбеген адамдарға да куә болдым», – дейді.

Имам Бұхари жеткізген хадисте Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) адауимен де, кирабпен (теріден жасалған ыдыс) де су тасып, ауруларға ішкізді».

Зәмзәм суының көптеген қатерлі ауруларды жазғанына адамдар куә болған. Мысалға алатын болсақ, көздегі дақты (кератит) кетіргені, қатерлі ісікті емдегені, несеп жолдарындағы тасты шығарғаны әмбеге аян. Зәмзәм суының қатерлі ісікті емдегені БАҚ беттерінде айтылып та, жазылып та жатты. Әрине барлығына бірдей бұл судан шипа табыла бермес. Шипа беруші Алла Тағала қаласа қарапайым судан да ем қондырады. Алайда бұл жерде Зәмзәм суының алар орны ерекше. Қазір Зәмзәм суын бүкіл әлем мойындап жатқан жайы бар.

Сонымен бірге, Зәмзәм суы суық тиюге, тұмауға қарсы ем екендігі айтылған. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Суық тию (яғни, ыстығы көтерілу) – бұл тозақтың тынысы секілді, сондықтан оны Зәмзәм суымен салқындатыңдар».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадисінде: «Зәмзәм суы – ауруға шипа, тойымды су», – десе, тағы бір хадисінде: «Әлемдегі ең жақсы су – Зәмзәм суы. Оның жағымды дәмі бар, әрі ауруларға ем», – деген.

Зәмзәм суы құпиялық жағынан алда тұр. Ол құпияны қай мақсатта ішетініңіз жайлы хабар бергенде ғана аша аласыз. Бұл оның ең басты қасиеті де.

 Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Пікірлер Кіру